Қарағанды облысында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 532 адамға грант берілді

Жыл басынан бері Қарағанды облысында кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 532 грант берілді. Оның 280-і жастарға, ал қалған грант халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдеріне бөлінді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Грантты 29 жасқа дейінгі жастар санатынан «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өткен өңір тұрғындары, сондай-ақ аз қамтылған отбасылардың өкілдері алды. Бұл атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасылар, қоныс аударушылар, қандастар және ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған адамдар, сондай-ақ мүгедек жандарға берілді. Биыл кәсіпкерлік негіздерін оқытуға барлығы 2487 адам жіберілді. Олардың ішінде 1670-і оқуды аяқтап, сертификат алды.

34 жастағы Айнұр Аринова 1 миллион 225 мың теңге грант алды. Ол «Страна чудес» ойын-сауық студиясын ашудың бизнес-жоспарын қорғады.

– Мен денсаулығыма байланысты ұзақ уақыт бойы дұрыс жұмыс таба алмадым. Менің екі балам бар, оларды жалғыз тәрбиелеп отырмын. Біз АӘК-тің арқасында өмір сүріп келдік, – дейді Айнұр. – Жазда мен жарты күн ғана істеуге болатын жұмыс табу үшін Жұмыспен қамту орталығына жүгіндім. Маған гранттар байқауына қатысу ұсынылды. Қуанышымда шек болмады, себебі бұрыннан бері өз ісім туралы армандаған едім. Бизнес-жоспар жазуға маған «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері көмектесті. Осылайша мен грант алдым.

Айнұр студиясына қажетті қуыршақ костюмдеріне тапсырыс берді. Сондай-ақ, сабын көпіршіктерін бүрку машинасын, камера, реквизиттер сатып алып, Instagram-да студия аккаунтын құрды. Жұмысқа ол студенттерді тартуды көздеп отыр.

– Біз жұмысты осы айда бастаймыз. Жақын арада біздің костюмдер дайын болады, – дейді Айнұр. – Жұмыссыздарға өз күштерін сынап көруге және гранттар байқауына қатысуға кеңес беремін.

Айдос Жанұзақов та өз ісін дамытуға грант алды. Оның еден құю және төсеу жұмыстарымен айналысатын құрылыс тобы бар.

– Біз бірнеше жыл осы салада жұмыс істеп келеміз. Менде компрессордың көмегімен көп қабатты ғимараттардың жоғарғы қабаттарына ерітінді беретін қымбат аппарат бар, бұл еденді тез және сапалы түрде құюға мүмкіндік береді. Мен екі адамды жұмыспен қамтамасыз етемін, – дейді Айдос. –Гранттық қаражатқа өз аппаратымның құрамдас бөліктерін сатып алдым, олар қымбат. Енді біз тиімдірек жұмыс істей аламыз.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдан бастап гранттар алу тетігі өзгерді. Байқауға қатысу үшін қатысушылар enbek.kz сайтында тіркеліп, business.enbek.kz бөлімінде грант алуға қашықтықтан өтінім беруі керек.

Сондай-ақ, осы порталда үміткер бизнес-жоспардың үлгісін дербес толтырады және гранттар беру жөніндегі комиссия отырысында өз жобасын қорғайды. Презентациядан кейін комиссия грант беру немесе бас тарту туралы шешім қабылдайды. Мақұлдау кезінде қатысушы банктік деректемелерді ұсынады және халықты жұмыспен қамту орталығымен шарт жасасады. Ақшалай қаражатты аударғаннан кейін грант алушы үш ай ішінде гранттың мақсатты пайдаланылуын растайды.