Жаңалықтар

Синтетика сананы улайды

Есірткі қолданушылар жасарып барады. Зиянды затты кәсіп көзіне айналдырып, сол арқылы табыс тауып жүргендер көбейді. Өкініштісі, жастарды тәуелді ету «жұмысын» істеп жүргендер де жастар.

Мамандардың айтуына сүйенсек, жағдайы жақсы отбасында, баршылықта өскен жастар әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан жастарға қарағанда есірткіні көбірек қолданады екен. Әуелде еліктеушілік пен қызығушылықтан бастаған дерт өлімге де алып келуі мүмкін. Бірақ, оны ойланып жатқан ешкім жоқ. Жалпы есірткі жас, жыныс талғамайды десек те, орта есеппен оны қолданушылар 15-30 жас аралығын қамтиды. Есірткінің әлем бойынша 500- ге жуық түрі бар екен. Қазақстанда соның 60-тан астамы кездесетін көрінеді. Бұрыннан бар ертеден келе жатқан есірткі түрлерін ересектер жағы қолданса, синтетикалық есірткілер жастар арасында танымал. Статистикалық деректер бойынша 14-21 жас аралығындағы жасөспірімдердің 68%-ы синтетикалық есірткінің дәмін көрген. Ағзасы есірткіге әбден тәуелді болып қалғандар әрі кетсе 5-7 жыл ғана өмір сүретінін айтады мамандар.

– Соңғы уақытта кең таралып жатқан синтетикалық есірткі мен «дәстүрлі» есірткінің айырмашылығы өте көп. «Дәстүрлі» есірткіге қарағанда, синтетикалық есірткі физиологиялық та, психологиялық та тәуелділікке тез алып келеді. Емделуі де екі есе қиын. Химиялық заттар жас ағзаға өте тез әрі ауыр әсер етеді. Тәуелділіктен кейін психоздық жағдайға душар болады. Ең сорақысы, өлімге итермелейді, – деді облыстық психикалық денсаулық орталығының әлеуметтік қызметкері Баян Қожахметова.

Қаншама жастың тағдырына балта шапқан есірткі сатушылардың қулығы да таусылар емес. Есірткі оның ішінде синтетикалық заттар бәрімізге белгілі Telegram әлеуметтік желісі арқылы ашық сатылымға шығарылады. Есірткі заттарын тасымалдау, жеткізу түріндегі жұмыс жарнамалары да жеткілікті. Ақшасы жоқ жастар оны сатып табыс тапса, ақшасы бар жеткіншектер оның тұтынушылары болып келеді.

– Нарыққа бөлме өсімдігінің тыңайтқышы, ваннаға арналған тұздар ретінде шығып жүрген бұл есірткінің таралуында шек жоқ. Кең таралғаны соншалықты, кез келген аулада, балалар ойын алаңында жатуы мүмкін. Есірткі тарататындардың басты мақсаты – есірткі қолданушының психологиялық тәуелділігін пайдаланып, тез ақша табу. Бұл дертпен ата-ана да, арнайы мамандар да, полиция қызметкерлері де күресуі керек. Мұнда «бұл маған қатысты емес» деген көзқарас жүрмейді. Әйтпесе, есірткі елдің болашағына балта шабады, – дейді Баян Амангелдіқызы.

Синтетикалық есірткінің таралуына тосқауыл қою қажет. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауында берген тапсырмасының бірі. Өскелең ұрпақтың ертеңіне төнген қауіптің қаншалықты қатерлі екенін ескерткен Президент есірткі заттарының, соның ішінде синтетикалық есірткінің, әсіресе, жастар арасында таралуына барынша тосқауыл қоюды тапсырған еді. Сол тосқауыл барша қоғамның күшімен қойылса, нәтижелі болмақ.

Ақниет ЕРҒАЗИНА, ҚарУ-дың ІІ курс студенті.

Басқа материалдар

Back to top button