Қасым хан дәуірі таспаға түсті

Жуырда режиссер Ақан САТАЕВТЫҢ «Ұлы Дала таңы» тарихи драмасы көрерменге жол тартты. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай таспаланған кезекті туындыда Қасым ханның өмірі, хандық билік пен Қазақ хандығының гүлденіп, нығаюы туралы баяндалады. Кинотуындыны Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген. Арқадағы алғашқы премьера «Сарыжайлау» кинотеатрында өтіп, көрермен басты кейіпкерлерімен жүздесті.  Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткер Рымбала Омарбекова қатысты.

Нұр-Сұлтанмен қатар Қарағанды тұрғындарына да жаңа туындыны көруге мүмкіндік беріп отырғандарыңыз үшін алғыс айтамын. Кино өндірісінің қарашаңырағына айналған «Қазақфильм» киностудиясында жерлесіміздің қызмет атқаруы – біз үшін үлкен мәртебе. Ұжымға тек шығармашылық табыс тілеймін. Жыл сайын керемет туындылар жарыққа шығып, көрермен ықыласына бөлене беріңіздер, – деді Ербол Шымкентбайұлы.

Қазақ елінің жағдайы жақсарып, хәл-ахуалының көтерілген кезеңі Қасым ханның тұсы екенін қарт тарих баяндайды. Қасым хан өзге мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, шекарасын кеңейткен дәуір. Көркем фильм XV ғасырдың 70-жылдарынан XVI ғасырдың 20-жылдарына дейінгі аралықты қамтыған. Фильм Алматы облысындағы Нарынқол, Кеген, Қапшағай мен «Қазақфильм» киностудиясының павильондарында түсірілген.
– Алғашқыда сериал түсіреміз деп ойлап едік. Алайда, қолда бар ақша жетпейтін болды да, жоспар өзгерді. Сөйтіп, жұмысқа кірісіп кеттік. Киноның белгілі бір бөлігін түсіріп алған соң монтажын жасап отырдық. Себебі, уақыт аз. Түсіріп жатып, монтажын жасау бұрын-соңды тәжірибемізде болмаған. Бұл – бізге үлкен сабақ әрі тәжірибе болды. Фильм 1,5 жылға жуық уақытта түсірілді. Ал, шығармашылық топқа 2,5 мыңға жуық адам қатысты. Әр жобаның өз ерекшелігі бар. Түсірілім кезінде қиындықтар туындады. Актерлер 2-3 ай бойы жеке дайындалды. Тіпті, түсірілімге Украина мен Ресейден фрилансерлер тарттық. Бірақ, ұжымның 99%-ы қазақстандық мамандар болды. Басты кейіпкер – Қасым хан. Ел болып қалыптасуымыздың бастауында тұрған тұлға болғандықтан, оны киноға шығару – үлкен жауапкершілік, әрі бақыт. Көрермендердің көңілінен шығады деп үміттенемін, – деді Ақан Сатаев.

Сценарий авторы – Бекболат Шекеров, екінші режиссер – Жайна Әбдиева. Қасым ханның жас кезін Данияр Оразаев сомдаса, Берік Айтжанов билік еткен шағын ойнаған. Ал, Бұрындық ханның жас кезін – Айдос Әбдіқадыров, ересек шағын белгілі актер Ерік Жолжақсынов сомдайды.1510 жыл. Ұлытау шайқасында Қасым хан жеңіске жетіп, атақ-абыройы күллі Дешті Қыпшаққа тарайды. «Қасым ханның тұсында қазақ әскерінің саны кейбір деректерде300 мың, тіпті 400 мың делінген. Ал, қазақ халқының саны 1 миллионнан асқан» деп көрсетіледі. Осының бәрін шығармашылық топ назардан тыс қалдырмаған.

Қазақ хандығы аумағын батыста – Еділге, шығыста – Ертіске, оңтүстікте – Сырдарияға, солтүстікте – Тобылға дейін жеткізген Ұлы хан. Осындай деректердің бәрі фильмде көрсетіліп, түсініктеме берілген. Өмірінің соңғы жылдарында «Қасым ханның қасқа жолы» атты жарғысын енгізгені де айтылып, жекелеген баптарына да тоқталып өткен.

Кино өнеріне енді қадам басып келемін. Тарихи кинолардағы рөлді сомдауда тәжірибем жоқ. Бірақ, тарихи туындыда ойнау арманым еді. Сәті түсіп, бағым жанды. Ақан ағам жеке шақырып, «Мына жерде былай істе, мына жерде былай сөйле. Мынауың келіңкіремейді, былай жаса» деп бағыт-бағдар берді. Назарда ұстайтын басты дүниеміз – Берік ағаммен қимыл-қозғалыстарым бірдей болу қажет. Дайындықты ертерек бастадық. Ақан ағам Берік ағай екеумізге «Жүріс-тұрыстарың, қимыл қозғалыстарың бірдей болсын. Сол бойынша екеуің жеке дайындалыңдар» деп тапсырма берді. Сол уақытта Берік ағамнан көп нәрсе үйрендім, – дейді жас актер Данияр Оразаев.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің аға оқытушысы Нұртас Смағұлов та фильмге бағасын берді.
– Туынды сәтті шыққан. Фильм болғаннан кейін артықшылығы мен кемшілігі қатар жүреді. Болашақ жастарға патриоттық рух беретін фильмдердің бірі. Тәрбиелік мәні – зор. Бойдағы патриоттық, отансүйгіштік қасиеттерді оятатын керемет туынды. Әрі қазақ әскерінің саны, қазақ хандарының ішкі және сыртқы саясаты, дипломатиясы, барлығы да шебер көрсетілген. Және сол замандағы ірі тұлғалардың рөлін актерлер жақсы алып шыққан. Кемшіліктер де жоқ емес. Мәселен, Мұхаммед Шайбани ханды тым әсіре дәріптеп, құдіретті қылып көрсеткен. Шын мәнінде Мұхаммед Қайдар Дулати өз еңбегінде «Мұхаммед Шайбанидің күшейген уақыты 1490 жылдардан кейінгі кез» деп көрсеткен. Тарихшы болғандықтан, осындай тұстарын байқап отырдық. Екіншіден, Қасымның қартайған тұсын, жас кезін, жігіттік шағын дәл түсіру керек еді. 1510 жылы Ұлытаудағы Мұхаммед Шайбанимен болғандағы шешуші шайқаста Қасымның әскері Шайбанидің әскерін талқандап, Ұлытаудан сонау Самарқандқа дейін қуады. Бұл кезде Қасымның жасы 65-те еді. Ал, фильмде соғыс өнерін меңгерген жас жігіт етіп көрсеткен. Одан кейін, 1513 жылы Шу өзенінің бойында Қасым хан Моғолстан ханы Сұлтан Саидпен кездеседі. Сол кезде Қасым ханның жасы 67-68 де болады. Ал, Сұлтан Сайд хан небәрі 30-да еді. Бұл жерде де Қасымды жасартып көрсеткен. Міне, осындай тұстарын ескермеген. Жалпы, фильмдегі қазақ әскерінің саны, қару-жарағы өзіме ұнады. Себебі, қазақ халқының саны өз заманында Еуразия құрлығындағы ең саны көп құдіретті халықтың бірі болып саналды. Бұл барлық тарихи деректерде жазылған. Туындыны өз басым келешек ұрпаққа насихатталуы тиіс нағыз тарихи фильм деп есептеймін, – деді тарихшы.

Екі сағаттан астам уақытқа созылған көркем фильм көрерменге жол тартты. Тамашалап, ой таразысына тарту – көрермен еншісінде.

Ербол ЕРБОЛАТ.