Шет

Қаражартас қорымы туристер шаһарына айналмақ

Беғазы пирамидасы орналасқан қорғандар алқабының құпияларымен танысу мәртебесі туристерге тағы бір табан жақындады. Бұдан былай, Талды археологиялық паркі ашық аспан астында ресми түрде облыстық тарихи-өлкетану мұражайының филиалы болмақ. Онда арнайы жолсеріктер мен гидтер жұмыс істейді.

Беғазы пирамидасы
фото: ortalyq.kz

– Аталған тарихи мекенді мұражайдың арнайы бір бөлігі ретінде тіркеуге Шет ауданының ХҚКО-на өтінім бердік. Құжаттарды күтіп, дайындықты бастап кеттік. Филиал штаты бөлінді. Сегіз қызметкер, оның ішінде екі экскурсовод және үш қараушы жұмыс істейтін болады, – деді облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Ержан Нұрмағанбетов.

200-ге жуық ескі құрылысты біріктірген Талды тарихи-археологиялық паркі Қарағандыдан 120 шақырым жерде орналасқан. Түрлі дәуірден бергі тарих куәсіне айналған жәдігерлердің бұл күнде құндылығы артып тұр. Атап айтсақ, хан қорғандары, қола дәуірінің қорымдары, құрбандық орындары.

Басты назар аударарлық жер – 3000 жылдық Беғазы пирамидасы, оны «Сарыарқа» деп те атайды. Ресми атауы – Қаражартас қорымы.

Қола дәуірінің бірегей кесенесі Арқа даласынан 2016 жылы табылған. Археологтардың тапқан бұл мекені бірден сенсацияға айналды. Оның пішіні һәм жерлеу құрылымы дәлме-дәл Мысыр пирамидаларына ұқсайды.

Беғазы-Дәндібай заманының кесенесі (б. з. д. 15–10 ғғ.) перғауын Джосердің сатылы пирамидасымен салыстырылды.

Бүгінде бұл жерге әр елден туристер келеді. Осыны назарға алып, қазір еліміздің осындай киелі мекендеріне арнайы қатынас көліктері ұйымдастырылуда.

Қорым бүгін одан сайын абаттандырылып көркейе түсуде. Қорымға дейінгі жолдың бәріне белгі тақтайшалары қойылып, туристердің тез табуына барынша жағдай жасалып жатыр.

Биылғы мұражай киіз үй бейнесінде тұрғызылып безендірілді. Сондай-ақ, модульдік павильон салынды. Филиал қызметкерлеріне арналған үй-жай да бар. Сонымен қатар, мұражай қызметкерлері ежелгі экспонаттардың көрмелерін ұйымдастыруды да жоспарлап отыр.

– Алқаптың аумағы әлі толық зерттелмеген. Қазба жұмыстары жалғасуда. Археологиялық зерттеулерді мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы қаржыландырады. Осы жазғы маусымда мұнда Сарыарқа археологиялық институтының экспедициясы өтті. Сонымен қатар, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің тарих факультеті студенттерінің лагері болды. Түрлі жәдігерлер табылды, – деп атап өтті тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының бас инспекторы Жанболат Мәжитов.

Зерттеушілердің сөзінше, 15 шақырым жерде, протоқалашық, Ақкезең қола дәуірінің қонысы орналасқан. Онда ежелгі металлургиялық пештер табылған.

Қазір оларға ғылыми-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, ежелгі тұрғын үйлер қайта қалпына келтірілуде. Ал, дала алқабының ортасында Талды өзені ағып жатыр. Мұнда су лалагүлінің гүлденгенін тамашалауға болады. Болашақта өзен арқылы жаяу жүргіншілер көпірі салынады деген жоспар бар.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button