Ашаршылық ақиқаты немесе таспаға түскен тарих

Ашаршылық. Нәубет. Адамзат баласы бұның бәрін өткерді. Кешегі 1931-1932 жылдары қазақ қынадай қырылды. Орталық Қазақстанда да бұл сойқанның ізі қалды. «Достық үйінде» Қарағанды университеті шығарған «Орталық Қазақстандағы 1931-1933 жылдардағы ашаршылық: архивтік құжаттар мен естеліктер жинағы» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Ақиқат айтылды…

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстел барысында археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының профессоры З.Сақтағанованың, Ғ.Мейрамов атындағы орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры А.Мустояпованың, аталмыш кафедраның ассистентпрофессорлары Ж.Ибраимова мен Л.Харитонованың баяндамалары тыңдалды.

– Жобаның мақсаты – мұрағаттық құжаттарды, сондай-ақ сол қайғылы кезеңдер туралы әңгімелер сақталған отбасылардың естеліктері мен сұхбаттарын жинау болды. Жиналған материалдар Қарағанды облысындағы сталиндік ұжымдастыру салдарының толық көрінісін ұсынады, – дейді басылымды құрастырушылардың бірі, филология ғылымдарының кандидаты Лариса Харитонова.

Мұндай үлкен зерттеу аймақта алғаш рет жүргізілгенін айта кету керек. Тарихшылардың қажырлы еңбегінің арқасында 90-нан астам мұрағаттық құжаттар табылса, оның 80%-дан астамы бұрын жарияланбаған. Өз кезегінде филологтар далалық іздеумен айналысты. Бұл міндет оңай болған жоқ. Оқиғалардың тікелей куәгерлері дүниеден озған. Бірақ ғалымдар олардың балаларымен және немерелерімен сөйлесе алды. Жинаққа ашаршылықты бастан кеш кен 100 отбасының тарихы кірді.

«Қазіргі таңда нәубет куәгерлерінің жоқтығын ескеріп, біз атабабалары аштықты бастан кешіп, бүгінгі күнге жеткен отбасылардан естеліктер жинадық» дейді кітапты шығарушылар.

«Біз кешегі кеңес заманында дүниеге келген ұрпақпыз. Соғыстан кейінгі ел еңсесі 60-жылдардан кейін көтерілді. Рухани тұрғыдан аш болсақ та, нанға тоқ болдық. Сол тоқшылық көп нәрсені ойлатпады. Әке-шешелеріміздің айтып отырған әңгімелері бізге ертегі сияқты көрінетін. Бүгін еміс-еміс есте қалғандарды қағазға түсіріп, күңіреніп отырмыз», деп толғанады естелік айтушылар. Әрине, жиналған материалдар Қарағанды, Семей, Қарқаралы, Егіндібұлақ, Нұра, Балқаш, Мойынты, Шет, Қоңырат, Шұбартау, Осакаровка, Жаңаарқа және т.б. аймақтардың ашаршылық кезеңіндегі ахуалын көрсетеді.

«Социалистік мүлікті ұрлаған, талан-тараж еткендерді қылмыстық жауапкершілікке тарту» деген баппен масақ тергені үшін, жүк көліктерінен кішігірім төгіліп қалған бидайды жинағаны үшін сотталып кеткен адамдар болған екен. Осы бидайға байланысты оқиғалар бізге келіп түскен естеліктердің бәрінде бар деп айтсам, артық емес.

Адамдардың түнде бидай масағын ұрлап теріп, балаларын тамақтандырғанын, сол масақтың өзін ауылда қалған өкіметтің шолақ белсенділерінің тергізбейтінін, ел ішінде інісі ағасын, бір-бірін ұстап берген жағдайлар болғанын, бидай үшін қамбаға шабуыл жасауға мәжбүр болғандарын Смағұл Есекейұлы, Дәкен Сетікбайқызы мен Молдақаш Белгібайұлы естеліктерінен оқимыз.

Манаш Мұқашқызы бір уыс ұнға алтын-күмістерін айырбастай алмағандарын, «алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» деген сөздің сол ашаршылық жылдары пайда болғанын айтады. Әртүрлi салықтар ойлап табылып, шөлейттi жерлердегі, егін екпейтін мекендерге де бидай салығын төлеу талап етілгенін, ел қолындағы малын бидайға ауыстырып, үкiметтiң салығын төлеуге мәжбүр болғанын, ол салықты төлемегендердің итжеккенге айдалып кеткендерін Қорған Әмірхамзаұлы әңгімелейді.

Нәубет аяғы зұлматқа ұласып, бір уыс бидай үшін кісі өлтіруге дейін барғанын Тоты Мұсатайқызының естелігінен оқысақ, ардагер Төленді Аралбаев отбасы мүшелерін аштықтан аман алып қалу үшін қарындасының өз еркімен бір қап бидайға айырбасталып кеткенін жылап отырып баяндайды.

Жаңылған Садуақасқызының естелігінен қазақ даласында іш сүзегі ауруы ашаршылықпен қатар белең алғанын, адамдардың іштеріне ас тұрмай, бір жылдың ішінде бір отбасынан бірнеше адамдардың көз жұмғанын, 7 ағайындыдан екі бала ғана аман қалғанын, анасының қайтыс болған балаларын жер қойнына тапсыруға шамасы жетпей, мәйіттерді шошалада киізге орап ұстауға мәжбүр болғанын, яғни аш қасқыр, итқұс, тіпті аш-арық адамдардың өздері қазып алып, жеп қоюы мүмкін болғандығын айтады.

Ал, Мәкеш Сүлейменқызы Қарағандыда оба, сүзек ауруы басып кеткенін, тіпті шахтаның қара суынан басқа жөні түзу ішерге судың болмағанын баяндайды. Бұл кісілердің сөзін Қарағанды облысындағы эпидемиологиялық жағдайды, ел ішіндегі жаппай аурудан болған өлім жағдайларын көрсететін оннан астам құжаттар растайды, олар кітаптың бірінші бөлімінде жарияланған.

Ашаршылық қазақ даласында қылмыстың өсуіне алып келді. Аштық адамдарды тек өлімге ғана əкелмейді, ол адамдарды ақыл-есінен айырады. Мұндай аштық көріністерінің бірі адам жегіштік. Қай уақыт болмасын моральдық тұрғыдан əлсіз адамдар үнемі кездесіп отырады, олар бір сəтте адамдық қасиетін жоғалтып, хайуандық санатқа өтеді. Өкінішке орай, адам жегіштік қазақ даласына да келді. Біз мұндай жайтты ақпарат берушілердің, атап айтсақ, Бибігүл Қалмағанбетқызының, Қорлан Халыққызының, Смағұлұлы Айтжанның, Зейнеп Рақымбайдың, Аппаз Төреұлының, Қалиева Бибекештің естеліктерінен кездестіреміз.

Мысалы, Әбен Айтжанұлы «Нәубет» деген әңгімесінде «Мен кейде жұмыстан қажып келгенімде, әкем: «Балам, сен неге шаршайсың? Маңдайың терлеп үш күн жұмыс істеген жоқсың. Мына біз аштықты көрдік, кісі етін кісі жегенін көрдік, соғысты көрдік, көрмегеніміз жоқ, ондай нәубетті сендердің бастарыңа бермесін. Мына мамыражай заманда шаршадым, қажыдым деу ұят» деуші еді марқұм» деп жазған екен.

Кәмел Жүністегі ашаршылықтың осы біз өмір сүріп отырған аймақтағы көрінісі туралы, бүкіл Арқаны қамтыған аштық туралы, онда қанша адамның қырылғанын білу үшін Қарағанды архивінде отырып, сол 30-жылдарға байланысты 50- 60 папканы алып ақтарғанын, біраз дүние тапқанын, қазаққа жасаған зорлықтарын оқып отырып, іштей еңіреп жылаған кездерін еске алады. «Мол мәліметтер негізінде жазылған «Апат» романы Ғазиза әжемнің айтқан әңгімелерінің желісімен жазылды, романдағы оқиғалардың барлығы да бұл дүниеде болған қайғылы жағдай», дейді автор.

Көп жылдар Балқаш телестудиясында қызмет істеген, «Балқаш өңірі» газетінің бас редакторы болған Жанболат Башар «Жұмысшы әулеті» деген бағдарламалар дайындау барысында көргені көп шежіре ақсақалдармен ашаршылық нәубеті туралы талай рет әңгімелескенін айтады. Ол кісінің айтуынша, көрші отырған өзбек, қырғыз, тәжік, түрікмендерде аштық болмаған. Олай болса, неге біздің халқымыз ашаршылыққа ұрынды? Неге қазақ даласы қансырап жатты? Тігерге тұяғы қалмаған қыр қазағы, босып, тышқан аулап, шөптің тамырын жеп, аштықтан сүйегі шашылып қалды. Өндіріске ұмтылған қазақтар одан да опа таппай қырылды. Неге бұлай? Мемлекет қайда, үкімет қайда? Мен осыны білгім келді, соған жауап іздей отырып, «Қабір үстіндегі зұлмат» атты повесін жаздым дейді автор.

Естелік жазушылардың жазғаны қиын кезең тарихының бір бөлігі ғана. Халқымыздың басынан өткен қасірет-қайғы, нәубет туралы дерек, айтылмаған сырлар әлі көп.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.