Руханият

“Қатар жүрген күндерді сыйлайықшы…” (Рухани ұстазым Ұзақбай МҰҚЫШЕВ туралы эссе)

Жалпы, мен баланы «бала ғой», – дей салмайтын адамның бәрін жақсы көремін. Сөзім жүрекке жетіп, ел аузыма қарай бастағанда «Балада да көңіл бар» деппін, ол – рас. Сонау 1971 жылы 7 сыныпта оқып жүргенімде араға күн салып, ауырмай-сырқамай, мені 40 күннен соң бауырына салып, арқалап өсірген атам мен әжем жарық дүниемен қоштасып кете барды. Бір шаңырақта үшеуіміз едік, адасқан құлындай аңырадым да қалдым. Жалғызсыраған жаныма жылы сөз де, жұбату да түк әсер етпеді. Әлсін-әлсін үлкендерше жоқтау айтып, жылап алсам да көкірегім қарс айырыла берді. Сол кезде қағаз бен қаламды жұбаныш еттім. Бірде шатпақтап өлең жазам, қала берді қара сөзге тіл бітіріп, қос кейуанамның елесіне мұң шағам…

"Қатар жүрген күндерді сыйлайықшы..." (Рухани ұстазым Ұзақбай МҰҚЫШЕВ туралы эссе)

Қалың дәптер қолға түспейді, оқушы дәптерінің 12 бетін тез-ақ толтырып тастаймын. Бір күні жазғандарымды атам мен әжем пошта арқылы жаздырып беретін газет-журналдардың біріне жібергім келді. «Қазақстан пионеріне» жазғандарым шыққан сайын республиканың түпкір-түпкірінен 300-дей баладан хат келіп, есім шығатын. Одан да «ата-әжемнің жақсы кісілер екенін білетін, бүкіл аудан халқы оқитын «Жаңаарқа» газетіне жіберейін» деген шешімге келдім. Сөйтіп, «Молаға көшіп кеттіңдер…» деген қолжазбамды конвертке салып, поштаға тапсырдым.

Көп кешікпей, сенбілік бетке «Өмірдің өзі новелла» деген айдармен еш өзгертусіз көлемді шығармам жарық көрді. Ауыл-аймақтың үлкендері жиналып, мені құшақтап қайта көрісіп, мал сойып, дастархан жайып, марқұмдардың әруағына Құран бағыштады. Соңында батагөй ақсақалдар: «жаза бер, айналайын» деп батасын берді. Ертеңінде пошташы Мақсұт ағай мектепке әкеп, менің қолыма газеттің логотипі бар хатты табыстады. Ашып оқысам: «Құрметті Қымбат!» деп басталып, ет жақынымдай елжіреп тұрып ата-әжеме көңіл айта отырып: ойың анық, тілің жатық, сөзің өткір, жүрегің жыр төгіп тұр» дегендей қанат бітірер қазыналы пікір жазылыпты. Соңында «Сен бізге үзбей хат жазып тұр» деген тілектестік бар. Оны жазған кім дейсіз ғой? Ол – «Жаңаарқа» газетінің бөлім меңгерушісі – Ұзақбай Мұқышев екен.

Сонда деймін-ау, баласынбай, шаласынбай, кісімсімей «аумалы-төкпелі албырт жасында адасып кетпесін» деп, жанымды ауыртқан ауыртпалыққа араша түсіп, бағытымды түзеп жіберер Ұзағамдай қамқор жан кезікпегенде, жан адам бетіне жел боп тимеген «Әлекесінің Қыпаны» немен әуестеніп кетерін бір Құдай білсін.

Бұрынғының адамдары-ай, шіркін! Өзінің істеген жақсылығын ұмытып кетіп, сенің бір жақсы ісіңді мақтаныш етіп, мәз болатын, мәз қылатын…

КазГУ-ге төрт жыл қатарынан түсе алмаған қамкөңіл жылдарында ауылдық мектептерде әр түрлі жұмыс істедім. Редакциямен тығыз байланыста болдым, жазғандарымның жарамсыз боп жарияланбағаны жоқ сияқты. Жол түскенде аудан руханиятының туын көтерушілердей көрінетін алпамсадай, ақиық ағаларыма сәлем беріп шығатынмын. Олар бірнеше кабинетте он шақты қызметкерден дүркіреп отыратын. Сол дүр қазақтар қарайтын жазбамызға біз де аса ықтиятты, ыждаһатты болатынбыз. Сөз, сөйлемдерімізге ар-ұяттың өлшемімен қарайтынбыз. Олай болмағанда ше?..

Аудандық газеттің бағын жандырған, елге де, билікке де сөзі өткен ондай асыл текті, өр рухты, ел мен жердің жоғын түгендеп, есесін қайтаруға жан аямайтын жампоздар қайталанып тумайтындай сезінетінбіз. «Ондай болмақ қайда?» демей, соңынан ерсек, ізімен жүрсек, ұқсап бақсақ деп армандайтынбыз.

Мен көзін көріп, сөзін тыңдаған редакторы бар, тілшісі бар, бәрі де – кіл мықтылар еді. Бүгінде ол кісілердің дені – о дүниелік. Әруақтары риза болып, бір аунап түсуі үшін есімдерін еске алсам, артықтық етпес. Олар: Бұқпа Әшімов, Асан Жұмаділдин, Сайлаухан Нәкенов, Ұзақбай Мұқышев, Өміртай Жақыпов, Қалиақпар Әбілдин, Хамит Дәрібаев, Қашқынбай Сейсекеев, Сәбит Бексейітов және көзі тірілерден: Болат Асанов, Төкен Әлжанов, Амандық Рахов т.б. редакция қызметкерлерін алғашқы танып-білген әсеріммен құрметтеп өтуім тегін емес. Ал, олардан бір кем жазбайтын газеттің штаттан тыс тілшілерін де ұмытпаймын. Олар тіпті, азулы болатын. Оның дәлелі: Бұралқы Сейітқазин, Секер Қамболова, Өмір Кәріповтың мақалаларының шекесінде: «Сын түзелмей – мін түзелмейді» деген қанатты, қату сөз жазылатын. Ол-ол ма, республикаға аты мәлім – әдебиетші, тарихшы, айбынды ұстаздардың қаламгерлік қажыр-қайратының алапатын айтсаңызшы! Ел-жұрт есімдерін зор ілтипатпен атайтын, әрқайсысы бір-бір тау: Хамит Жаманов, Далбай Ізтөлеуов, Сәбит Бармұханбетов, Еркін Игемберлин, Сара Ахметжанова т.б. аптасына үш рет шығатын аудандық газетті оқылымды қылмай, тыным көрмейтін. Бұның бәрі жәйдан-жәй ойға оралмасы белгілі. Біздің Ұзағаңның сол ортаның бел омыртқасындай беделдісі болғанынан туындап отырған есті естелік екеніне дау жоқ. Азаматтығымен ардақты, үлкенге ізетті, кішіге құрметті, жанындағыларға жайлы, жайсаң мінезі, биік мәдениеті, зор адамшылығы, кең пейілі бүкіл бітім-болмысының бүтіндігін танытатын газет тілшісінің бұрқырап шығып жататын мақалаларына қарап, үйдегі хәлі аса ауыр деп ешкім ойламайтын. Орда бұзар отыздан енді ғана асқанда, анасыз қалған шиеттей 4 баланы шерлі жетім қылмай ерте тұрып, кеш жатып бір қолымен қазан, екінші қолымен қалам ұстау, ер адамға қандай салмақ салғанын ойлаудың өзі ауыр. Сондай нар көтерер жүкпен жүріп түсін де, ісін де суытқан жоқ, сұйылтқан жоқ…

Ұзағаңмен соңғы жылдары жақынырақ араластық. Ол кісі Алматыда тұратын балаларының ортасына келіп, олардың аялы алақанында болды. Біз, жер ортадан асқан біраз жаңаарқалықтар ұйымымызды бұзбай бірге жүреміз, арамызда ағамыздың ұлы Жандос пен келіні Алмаш та бар.

Еліміздің апайтөс азаматы Хакім Нұрланұлы бастап: «Алматыдағы үлкеніміз» деп, Ұзағаңды кезек-кезек қонақ етіп, батасын алып, бір жасап қалатын сәттер аз емес-ті.

Менің сұрапыл мінезіме, айтып тастайтын уыттылығыма тәнті болып, рахаттана күліп алатыны да бір ғанибет-тін. Жан-жағын бір бағдарлап қойып, сөз арасында менің марқұм ағатайым (әкем) туралы естімеген естеліктер айтатын. Сосын: «Ой, Алла-ай, қыз баланың бүкіл іс-әрекеті әкесінен аумай қалғанын бірінші кездестіруім. Қымбат, сен мына жайды естіп пе едің?» деп әңгімесін әрі қарай жалғастыратын. – Мен тұстастары арыстан атаған Түлкібайдың жылағанын көрдім. Желтоқсан көтерілісі тұсында Алматыдағы саған хабарласып, еш жауап ала алмаған соң ауданға келіп, редакцияға соқты. Өңі бозарып кетіпті. «Қымбат осы оқиғадан аман қалса, сотталып кетпесе, бұ дүниеден армансыз өтер едім» деп өксіп-өксіп, өкіріп жыласын. Біз де көзімізге жас толып, отыра алмай орнымыздан тұрып кеттік… «Әй, Қымбатжан-ай, сен адамды жылатпай қоясың ба?!» – деп бетімнен сүйгенін қалай ұмытайын! Расында, менің кейбір шалт қимылдарым мен шұғыл шешімдерім ағатайымның қылықтарын есіне түсіретін болуы керек… Жас ұлғая келе, қатарың сирей бастағанда өткен күндерге деген сағыныш та еселене бере ме, қалай?!

Ұзағаң газеттің бітпейтін тірлігімен тірнектеп материал жинау үшін Жаңаарқа ның қай қиырына бармады, жолдың қай қиынына көнбеді, қиналғандардың қайсысына қол ұшын созбады дейсіз?! Өтпелі кезеңге тура келген зейнеткерлік жаста да еңбек етті.

Бір күні газетке кешегі ауыл басшысы, зейнеттегі Т.Әбілдиннің (ағатайымның-Қ.Ә) «Жолсыз ауыл бола ма?» деген өзекті мақаласы шығады. Аудан басшылары көрсетілген кемшіліктерді тексеруге комиссия құрады. Сол құрамға облыстық газеттің тілшісі Ұзақбай Мұқышев та кіреді. Нәтижесінде, өліра кезде күнкөрісі қиындаған отбасыларының басын қосып, өзінің ескі ата-жұртын жаңартып ауыл қылған «Бесмаршалға» көлік емін-еркін қатынайтын тас жол төсетеді. Сол жол бүгінде малды ауылға қоныстанушылардың қарасын көбейтіп, ел ризығына үлес қосып отыр. «Бір адам құдық қазса – мың адам су ішеді» деген осы.

«Түлкібай өз пайдасын ойламайтын, қара халықтың қамын жеген тура би еді ғой» деп, әке мерейі арқылы бала мерейін өсіретін Ұзағаңдай көзкөргенді енді түсімде ғана көретін шығармын.

Қазақ өлімге қимаған адамының соңғы көргендегі жақсы көңілін ойға алып, «бой жазған екен ғой» деп жатады. Ағамыздың үлкен ұлы Айдостың ойда-жоқта «көз жұмуы» 80-дегі әкеге қайдан оңай тисін! Алла жарылқап, бірінші әйелі Гүлжаннан туған үш ұл мен жалғыз қызы, екінші әйелі Күлпаштан туған екі ұлы өзінің текті де, тегеурінді тәрбиесінің арқасында «үлгілі үйдің ұл-қызы ұялтпайды» дейтіндей, ұясы мен қиясынан орнықты орын тапты. Олардың бауырмалдық қарым-қатынасында, еңбекқорлық, кісілік қасиеттерінде мін жоқ. Жар таңдаудағы талғамдарына да жан сүйсінеді.

Ұзағаң қос қосағынан ертерек айырылғанымен, балаларының саналылығы арқасында басқа түскен қайғыны иықтан асырмады. Ал, тұңғышы Айдосының қазасы шау тартқан шағына тап келгесін, сыртқа білдірмегенімен, ішін үгіп жіберді ме, кім білсін?..

Иә, «бой жазу» дегеннен шығады, ақтық сапарынан ай бұрын жерлестер біздің үйде бас қосып, қонақ болған. Ағалы-інілідей сыйласатын: Аман Үмбетжанов, Серік Әбілжан, Хакім Омар, Айтуған мен Айтмағанбет Оспановтар, Ерлан Төлеутай, Жандос Ұзақбайұлы т.б. жаңаарқалықтар қосақтарымен бірге Ұзағамызды төрге отырғызып, ән мен жырдан шашу шашып, әңгіме көрігін қыздырған едік.

Иә, біз білгелі Ұзағамызды балалары үнемі шыттай қып киіндіріп қояды. Келіндері ақ жейдесінің жағасын кір шалдырмақ түгілі, шаң қондырмайды – қызығасың. Еш жасандылықсыз сыйлап, бәйек болады – сүйсінесің. Қазір ой көзімен өткенге шолу жасасам, біздің үйдегі сол басқосуымыз Ұзағаңмен шығармашылық жолда табысқаныма тура жарты ғасыр уақыт (1971-1921жж) екен. Сонда дастархан басында иығына қолымды салып, құшақтап тұрып: «Аға, қандай арманыңыз бар? Айтыңыз, көзіңіз тегін күлімдеп тұрған жоқ, жасырынған бір сыр бар. Жүрегіңіз сыңар іздейтіндей… Менде неше түрлі үміткер бар. Қай жастағы, қай жердің, қандай қызы керек, қам жемеңіз, өзім алып беремін. Сіз әлі жассыз. Анау Асанәлі мен Нұрғали Нүсіпжановтан кәрі емессіз», – дедім. Отырғандар қыран-топан күлкіге көмілді.

Ұзағамның күтімді бетіндегі әлсіз әжімдер де безіп кетті. Жүзінде нұр ойнады. Бір кезде орнынан түрегеп, балаша елпілдеп, екі иығы күлкіден селкілдеп тұрып бетімнен сүйді. «Әкесі құрдастың баласы құрдас» деген осы. «Бір рахаттандым-ау» дегенді жасырмады. Біз де сол бір тебіреністі сезіммен: «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деп, қазақтың салтымен иығына хан шапан жаптық. Еш себепсіз шақырылған қонақтарымның бәрін де құр қайтармай, сыйлықтар үлестірдім. Ойымнан ұлт мүддесі шыққан ба, басқаларға да әсер етсін деп, сандығымнан қолыма іліккен кездеме, байламдарды алып шығып, ортаға қойдым. Сосын: «Осы жерде атасын әкесіндей бағып күткен, сексенге келген атасының шалбарына қыр салып, сынын бұзбаған бір келін бар. Сол келінді ортаға шақырып, таңдаған сыйлығын алуға құрмет жасайық» дегенімде, дабырласқан ағайын жым-жырт тыныштықпен жалт қарасты. Ол келін – Алмаш еді. Бәріміз шын жүректен, мол ризашылықпен Алмаш үшін қайта-қайта қол соқтық. Сонда бәрінен де артық қуанған адам – Ұзағаң екенін қалай жасырайын. Қоштасып тұрып кете алмай, неше тұрып, неше отырып Дәлел екеумізге, Мерейге қайта-қайта батасын беріп, маңдайымыздан кезек-кезек сүйіп, қайта келмесін білгендей қимастықпен аттанып еді-ау, жарықтық!

Содан өзі телефон шалып, отырысқа айрықша алғыс білдіріп, аңқылдап сөйлескеніне ай өтпестен, баласы Жандос қаралы хабар жеткізді.

Шынымен, көненің көзі, ескінің сөзі, екі ғасырдың куәсі, арамыздағы абызымыз, еңбек ардагері, Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы, қаламгер, тәлімгер – ұстазымыз Ұзақбай Мұқышевтің де талқаны таусылыпты. «Алла алдынан жарылқасын!» деп дұға тіледім. Одан соң ақын Кәкімбек Салықовтың: «Қатар жүрген күндерді сыйлайықшы, Біреу ерте, біреу кеш бір құлайды» дегенін қайталай беріппін, қайталай беріппін…

Қымбат ӘБIЛДӘҚЫЗЫ, ақын, «Айгөлек» журналының автор-редакторы, ҚР Мәдениет қайраткерi.

Басқа материалдар

Back to top button