Шет

Есімдері тасқа қашалды

Биыл Шет ауданындағы Үңірек ауылына – 90 жыл. Мерейлі мереке қарсаңында бірқатар іс-шара өтуде. Соның бірі Жеңістің 77 жылдығында ауыл азаматтары бірліктің үлгісін көрсетіп, екінші дүниежүзілік соғыста қайтыс болған боздақтардың, майданнан аман-есен оралып, туған жерінің өсіп-өркендеуі үшін қажыр-қайратын аямаған ардагерлердің, тылда еңбек етіп, жеңісті жақындатқан еңбеккерлердің есімін тасқа қашап, Үңірек ауылының төрінде «Ер есімі – ел есінде» атты мемориалдық ескерткіш тақта орнатты.

9 мамыр күні өткен шараға аудан басшылығы мен ауыл тұрғындары, осы жерден түлеп ұшқан азаматтар қатысты. Мемориалдық тақтаны салтанатты түрде ашу құрметі аудан әкімі Мұхит Мұхтаров пен ауыл ақсақалы Өмірзақ Оралбаевқа берілді. Тақта басына гүл шоқтары қойылды. Сонымен қатар, жиылған көпшілік атынан қаза тапқан марқұмдардың рухына арналып құран оқылды. Бір минут үнсіздікпен еске алды.

– Жеңіс күні мерекесіне орай, Үңірек ауылында ел азаматтарының демеушілігімен соғыс және тыл ардагерлеріне арналған мемориалдық тақта ашылып отыр.

«Өткеніңді ұлықтау – тарихыңды ұмытпау» демекші, сонау зұлмат соғыс жылдарында Үңірек ауылынан Отан қорғауға аттанған ата-бабаларының есімдерін қастерлеп, кейінгі буынға ұлықтап жатқан ауыл тұрғындарына және ауылдан түлеп ұшып, бүгінде еліміздің түпкір-түпкірінде абыройлы еңбек атқарып жүрген елжанды азаматтарға айрықша алғысымды білдіргім келеді. Елдік пен ерліктің жарқын үлгісін көрсете білген ардагерлерімізге арналған тақта жастарымызды отансүйгіштікке тәрбиелеуде аса зор үлесін қосады деп білемін. Бастысы еліміз тыныш болып, бейбіт аспанымызды бұлт торламасын. Көргенге үлгі, естігенге өнеге болар игі істеріміз жалғасын таба берсін, – деді Мұхит Мұхтаров.

Айта кету керек аталмыш тақтаны орнатуға жергілікті ауыл тұрғындары мен осы ауылдан түлеп ұшып, еліміздің әр өңірінде жемісті еңбек етіп жүрген елжанды азаматтар демеушілік көрсетті. Тиісті рәсімдерден кейін ауыл азаматтары құттықтау сөз сөйлеп, көпшілікті қуанышты күндерімен құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді. Аталмыш шараны аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары жалғап, патриоттық әндер орындап, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button