Тәулігіне 177 мың жұмыртқа: Доскей ауылында құс фабрикасының жұмысы қайта жанданды

Қарағандының дүкен сөрелерінде Майқұдық құс фабрикасының жұмыртқалары пайда болды. Бұқар Жырау ауданының Доскей ауылында өндіріс қарқын ала бастады. 

Аймақтағы ең ірі құс шаруашылықтарының бірі бір жылдан астам уақыт тоқтап тұрған болатын. Жаңа иесі пайда болып, фабрика жаңғыртыла бастады. Қайта жанданудың нәтижесінде осы жылдың мамыр айында алғашқы жұмыртқалар алынды.

– Алдымен жабдықты жуу жүргізілді, өндірістік үй-жайлар жөнделді, – дейді «Майқұдық жұмыртқалары» ЖШС директоры Динара Малғаждарова. – 2022 жылдың қаңтарынан бастап біз 195 мың бас сатып алдық. Бұл Свердловск қаласынан келген кросс хайсекс браун мен декалб уайт секілді жоғары өнімділігімен ерекшеленетін балапандар. Тауық кроссы – жұмыртқа мен еттің жоғары өндірісіне қол жеткізу үшін бірнеше тұқымның будандары. Қазір үлкен құстар жұмыртқалап жатыр, кішілері әлі де өсірілуде.

Бүгінгі таңда фабрикада тәулігіне 177 мың жұмыртқа алынады. Бұл жалпы құс басының 94%-ы жұмыртқалап жатқанын білдіреді. Өндіріс қуаттылығы – жылына 100 млн дана жұмыртқа және шамамен 600 мың бас.

Өндірісте 120 адам жұмыс істейді. Олардың арасында бұрынғы жұмыс орнына оралғандар да бар. Барлық қызметкерлер әлеуметтік пакетпен қамтылған. Толық қуатқа шыққанда 170–180 адам жұмысқа орналасады.

Құс фабрикасы Қарағанды, Алматы, Нұр-Сұлтан және Көкшетау қалаларына С1 және С2 санатындағы таңдаулы жұмыртқаларды өткізеді. Сондай-ақ, өнім Ауғанстанға экспортталады.

Жақын арада жабдық жаңартылады. Жеткізушілермен келіссөздер жүріп жатыр.

Сондай-ақ, жұмыртқа жеткізу бойынша меморандум жасасу аясында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен келіссөздер жүргізілуде.

Зауыт келесі жылдың мамыр айында толыққанды жұмыс істей бастайды. Содан кейін дайын өнім цехын кеңейту және балапандар шығару үшін инкубация цехын іске қосу жоспарлануда.

Бүгінде Қарағанды облысында төрт құс фабрикасы жұмыс істейді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.