Бас тақырып

Құлтемірдің құлағында ойнайтындар

Кейінгі екі ғасырды салыстырып көріңізші! Арасы – жер мен көк. Жыл сайын білім сапасы артып, дамудың даңғыл жолына қол созып келеді. Оған бір дәлел – қазіргі жасөспірімдер. Олар іштен оқып туған жоқ. Керісінше, өздеріне берілген мүмкіндікті пайдалануда. Соның нәтижесінде бірнеше тіл білетін, түрлі техника мен технологияны жетік меңгерген ұрпақ өсіп келеді. Дарыны мен қабілеті ұштасқан жандарға мол мүмкіндік беретін – Roboland – 2022 Халықаралық робототехникалық бағдарламалау және инновациялық технологиялар фестивалі еді. Биыл VII мәрте ұйымдастырылып жатқан фестивальге 300-ге жуық команда, 800-ден астам үміткер өтінім берген.Roboland – 2022Аталмыш байқау облыстық білім басқармасының мұрындық болуымен өтті. Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай 16 аталымда бақ сынады. Фестивальдің ашылу салтанатына оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев, облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов қатысып, көпшілікке жылы лебізін білдірді.

– Бұл шараның маңыздылығын айтпасақ та түсінікті. ХХІ ғасырда бәсекеге қабілетті азамат тәрбиелеу үшін міндетті түрде оны кішкентайынан баулу қажет. Соның ішінде, робототехника – баланың қабілетін дамытып, ой-өрісін кеңейтуге көп үлесін қосады. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің қолдауымен жүзеге асқан бұл форумның Қарағандыда өтуі – үлкен мәртебе. Әрі Халықаралық деңгейде ұйымдастырылуы – еліміз үшін абырой. Бірнеше жылдың ішінде қатысушылардың көп жиналғаны мені қатты қуантып отыр. Бұл дегеніміз – заманауи, машық, білімді ұрпақтың өсіп келе жатқандығының бірден-бір дәлелі. Ал, біз сондай жастарға қолдау көрсетіп, демеу болайық, – деді вице-министр.

Жарысқа қатысушылардың қатарында ұшатын, суда жүзетін, жүгіретін және сумо күресіне арнайы құрастырылған роботтар бар. Олар түрлі конструктормен құрастырылып, түрлі пішінде жасалған. Сонымен қатар, биылғы турнирде «Теңге алу» және «Биатлон» бағыты енгізілген.

– Қарап отырсаңыз, робот ойындарына әр ел өзіне тән ұлттық ойындарын енгізіп қойған. Олар сол арқылы ұлттық өнерін дәріптеп жүр. Ал, біз неге ұлттық ойындарды осылардың қатарына енгізбеске? Сол себепті, биыл бірінші рет «Теңге алу» және «Биатлон» санатын қостық. Осы арқылы біз өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойына ұлттық ойындарымызды сіңіріп өсіреміз. Фестивальді алғаш рет 2015 жылы өткізгенімізде 5 аталым ғана болған. Содан бері қатысушылардың саны артып, Италия, Польша, Сингапур сынды мемлекеттерден келе бастады. Жалпы, бұл байқау тек роботтарды құрап, бір-бірімен жарыстыру мақсатында ұйымдастырылмаған. Робототехника саласының ішінде көптеген пән кірістірілген. Мысалы, «сумо» күресіне робот құрастыру – физика пәні. «Робогеометрия» бағыты – геометрия пәніне тікелей қатысты. Сондықтан, жастарды тек робототехника саласына ғана емес, пәнді тереңдете оқуға ынталандырады, – деді облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Есбол Аринов.

Қырғызстандық 17 жасар Ринат Советханов биыл байқауға екінші рет қатысып отыр. Ол «Шығармашылық» бағытта бақ сынап, жүлделі ІІ орынға ие болды. Оның TED есімді жұмсақ ойыншығы фельдшерлік қызмет көрсетеді екен. Қазір Ринат протез, инновациялық жылыжайдың жобаларымен айналысып, әлемдік байқауларда бағын сынап жүр.

– Мен басқалар секілді робот құрастырмадым. TED жұмсақ ойыншығын алып, бағдарлама орнаттым. Қазір ол адамның жүрек қағысын, дене қызуын, қан қысымы мен ағзадағы оттегі деңгейін анықтайды. Біз TED-ті құрастырғанда әр түлі датчиктің басын біріктірдік. Қызметіне жүгінсеңіз қажет батырманы басасыз. Алдағы уақытта TED-ті сөйлетсек пе дейміз. Бішкекте «Инфракрасный датчигін» таба алмадық. Яғни, ол құрылғы адамның дене қызуын өлшейтін дүние. Еріксіз датчикті таппаған соң пирометрді бұзып, соның датчигін пайдаландық. Барлық датчикті жинаған соң өзіміз бағдарлама енгіздік. Әзірге бұл бастамасы ғана. Алдағы уақыттар роботтың атқаратын қызметін күшейтіп, әр ауруханаға қойғымыз келеді, – дейді.

Жамбыл облысы Меркі ауданынан қатысқан Бекболат Бақтиярұлы мен Нұркен Шәпен байқауға «Аватар» деп ат қойған 4 робот пен 1 танкіні алып келіпті. Олар да «шығармашылық» бағытта өнер көрсетіп, шоу бағдарлама әзірлеген. Әуен қойып, роботтың түймесін бассаңыз, ырғақпен әрі бірінен-бірі қалмай билейді.

– «Шығармашылық» бағыт болған соң, шоу көрсетейік деп шештік. Роботтарды құрастырып, жеке-жеке бағдарлама орнаттық. Сөйтіп, ұялы телефонмен бәрін бірге басқаратындай жасадық. Басында роботтарға бағдарлама орнатып, іске қосқанымызда аяққа тұрмай қайта-қайта құлай берді. Ойлана келе «аяқтарының орнына дөңгелек орнатайық» деп ұйғардық. «Джим» роботын алдыңғы қатарға, қалған үшеуін екінші қатарға қойдық. Алдыңғы қатардағы – әншінің, қалғандары – бишінің қызметін атқарады. Соңғы қатардағы, үшеуінде бір датчик. Сол себепті, олар бірге қимылдайды. Сонымен қатар, өрт сөндіруші танкті де осы байқауға алып келдік. Біз таулы аймақта тұрамыз. Өрт те жиі болады. Сол себепті, өрттің алдын алу үшін осы дүниемізді қатар алып келдік, – деді Бекболат Бақтиярұлы.

Өрт сөндіруші танктің қызметі – бір басқа. Алдында су бүріккіш ретінде медициналық бұйым (спринцовка) орнатқан. Белгілі бір аймақта от тұтатсаңыз, танкке автоматты түрде сигнал түседі. Сол сигнал арқылы танк жанып жатқан оттың тұсына келіп су бүркеді.

– Өрт сөндіретін танкті құрастыру қиынға соқты. Себебі, мұнда процесті орындайтын алты мотор тұр. Біреуі су бүркетін бөлігіне жауап берсе, біреуі – қозғалысына. Қалғандарының да атқаратын жұмысы бар. Мотордан бөлек, біршама датчигі де бар. Ол датчиктің бірі – сигналға жауап береді. Оттың жанып жатқаны жайында және басқа да осындай дүниелерден хабар беретін сигнал дадчиктер бар. Осының бәрін бір жерге жалғау біршама уақытымызды алды, – деді Нұркен Шәпен.

Байқаудағы тағы бір ерекше робот «ref» наборлы конструкторы арқылы құрастырылған – күйші робот. Жасалуы күрделі, әрі бірнеше мотордан тұратын бұл роботтың атқаратын қызметі – күй шерту.

– Әзірге робот бір ғана күй шертеді. Домбыраны қыстырып, құрылғыларды сабына ұқыппен қою қажет. Әрі қарай бағдарлама арқылы батырманы басасыз. Бізде осы роботты құрастыру кезінде конструктор және басқа да қажет құрылғылардан тапшылық болған жоқ. Бәрі жылдам табыла қалды. Ең қиыны – роботты бағдарламалау болды. Робот – дөңгелекті. Жүруі үшін оған бөлек мотор қойдық. Ноталарды басу үшін астыңғы қатарға – 4, үстіңгі қатарға – 2 «сервопривод» орнаттық. Одан бөлек, домбыраны шерту үшін 3 тілді айналатын құрылғы тақтық. Және, роботтың қолына жеке мотор бекітілді. Робот күй шертіп болған соң домбырасын жоғары көтеріп, алдында тұрған адамға апарып береді. Соның бәрін бағдарламаға енгізу кезінде көп қиындық болды. Енгізген бағдарлама кішкене бір қателіктің кесірінен қайта-қайта жойылып кете берді. Алдағы уақытта робот бір емес, бірнеше күй шерте алатындай жасаймыз. Бірақ, ол оңай шаруа емес. Қазір роботтағы жүйеде – орын жоқ. Сондықтан, бұның жүйесін ауыстыру қажет. Болмаса, жаңа жүйемен басқа робот құрастырып шығарамыз, – деді Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Темірлан Еділ.

Ербол ЕРБОЛАТ

Басқа материалдар

Back to top button