Шет

Түлектер аялдама тарту етті

Шет ауданы Жұмыскер ауылындағы Абай Құнанбаев атындағы мектеп түлектері туған ауылдарына аялдама тарту етті.

Жаңа аялдама павильоны ауылдың кіреберісінде орналасқан. Жылыту, бейнебақылау және жарықтандыру жүйелерімен толық жабдықталған. Сырты қызыл кірпішпен өрілген.

– Біз ауылдың тұрғындары қоғамдық көлікті күтіп, суықта тоңып қалмас үшін аялдама орнатуды ұйғардық. «Туған жерге туың тік» дейді. Перзенттік борышымыздың бір парасын ғана өтедік деп ойлаймын, – дейді 1992 жылғы мектеп түлегі Ақылзат Жүнісов.

Жұмыскер ауылының әкімі Нұркен Арынов мектеп түлектері өздерінің мерейлі жылдарында ауылға, мектепке сый тартудың дәстүрге айналғанын айтады.

Жұмыскер ауылы республикалық тас жолдың бойында орналасқан. Мұнда барлық автобустар тоқтайды. Бұрын бізде ескі аялдама болған. Қазір түлектер заманауи, жарықтандырылған аялдама орнатты. Сондай-ақ, бірнеше жыл бұрын 1972 жылғы түлектер ауылға «Жан жүрегім Жұмыскер» деген жазуы бар үлкен стелла сыйлады. Бұл да патриотизмнің көрінісі, – дейді ауыл әкімі.

Айта кетейік, Жұмыскер ауылында 650-ге жуық тұрғын бар.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button