Руханият

«Халық дәстүрі – асыл қазына»

Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында онлайн форматта «Dástúr» клубы ашылды. Тұсаукесер рәсіміне кеншілер шаһарында жұртшылықты өнерімен тәнті етіп, ұлттық салт-дәстүрді насихаттап жүрген шығармашыл ШӘРІПОВТЕР отбасы қатысты. 

Бүгінгі таңда жас буын өкілдерін патриоттық рухта тәрбиелеуде, ұлттың маңызды құндылықтарын насихаттап, бойына сіңіруде салт-дәстүрдің алатын орны, тәрбиелік мәні ерекше. Аталған кітапхананың кітап қоры осы бағыттағы әдебиетке өте бай.

– Кітапханамыздың мол кітап қорын оқырмандарға кеңінен насихаттауда, ұлттық құндылықтарды құрметтей білуге баулуда, заман өзгерсе де ұлттық салт-дәстүрдің көнермейтіндігін ұғындырып, ұлт мұрасын қайта жаңғырту мақсатында «Dástúr» клубы бірқатар жұмыс атқармақ. Қазір рухани мұрамызды қайта жаңғырту бағытында аймақта, жалпы ел көлемінде көптеген бастамалар қолға алынуда. Мәселен облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің «Дәстүр һәм ғұрып» айдарында да осы бағытта түрлі танымдық дүниелер жарық көруде. Бұл клуб та сол игі істермен үндестікте жұмыс істейді, – дейді жасөспірімдерге қызмет көрсету бөлімінің басшысы Бақыт Мырзатаева.

Атаулы іс-шараға қатысқан шығармашыл Шәріповтер отбасы өнерді кие тұтып, дәстүрді ұлықтап, салтты сақтауда талмай еңбектеніп келеді. Ержігіт Шәріпұлы – Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің, Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің әртісі, Құрманғазы атындағы конкурстың лауреаты, қобызшы. Ал, Ақмарал ханым болса, қазақтың ою-өрнегін дәріптеп, ұлттық нақышта сән үлгілерін тігіп, насихаттап жүрген модельер-дизайнер. Балалары Мағжан – Қазақ өнер университетінің студенті, күйші, домбырашы. Домбыраның киелі үнімен қазақ даласын күйге бөлеп жүрген талантты өрен. Бидәулетке келсек, ол – облыстық мамандандырылған музыка мектеп-интернатының ұрмалы аспап мамандығының 10-сынып оқушысы. Оның да бұл салада жеткен біраз жетістігі бар.

Іс-шара барысында Ақмарал ханымның қолынан шыққан дизайнерлік туындылары көрмеге қойылып, кітапхана қорындағы әдебиеттерден «Халық дәстүрі – асыл қазына» атты кітап көрмесі жасақталып, шолу жасалды. Қорқыт бабамыздан қалған қоңыр үнді қобыз сазы мен қазақтың киелі домбырасының күмбірлеген үні, арқаңды шымырлататын ұрмалы аспаптың рухты дауысы көрерменнің қызығушылығын оятып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Олар қашықтан өткен шараға құлшына қатысып, сұрақтар қойды. Шара қонақтары сол сұрақтарға өз тәжірибелеріне сүйене отырып, тұщымды жауап берді.

Күрделі кезеңде тұсауы кесіліп, ұлттың жоғын жоқтап, рухын көтеруге, барын түгендеуге құлшына кіріскен «Dástúr» клубы алдағы уақытта іргелі жұмыстар атқарарына сенім кәміл. Өйткені, аталған кітапханада ширек ғасырға жуық жемісті жұмыс істеп, көптеген талантты жастардың өнер, мәдениет, әдебиет әлеміне қанат қағуына киелі баспалдақ бола алған «БОТА» интеллектуалды жастар орталығы бүгінде елге кеңінен мәлім.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button