Жаңалықтар

Партия бағыныштылықтан арылады

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ бастамасымен өтетін Жалпыхалықтық Референдум негізінде Конституцияның 99 бабының 33-не өзгерістер енгізілмек. Ата Заңның үштен бір бөлігі жаңарады. Жалпы, жаңартылуы керек деген ұсыныстар жарияланды. Соның бірі, әкімдер мен олардың орынбасарлары партия филиалдарында лауазымды қызмет атқаруға тыйым салу ұсынысы болды.

Осыған дейін түрлі деңгейдегі әкімдер немесе олардың орынбасарлары партияда немесе филиалдарында төрағалық қызметте отырды. Мемлекет басшысы алдымен өзі партия жетекшілігінен бас тартты.

Қазір бәрі дерлік Президентке бағынған және бұл теріс нәрсе. Біртіндеп бұндай тәжірибеден кету керек. Мен үшін мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесі биліктегі қосымша бір үстемдіктен артық. Сондықтан, Президент сайланған мерзімі ішінде партияға мүше болмасын деген өзгеріс енгізуді ұсынмын. Бұл саяси бәсекелестікті күшейтіп, барлық партиялардың дамуына жағдай жасайды, – деді Қ.Тоқаев.

Сондай-ақ, енді әкімдер мен олардың орынбасарлары партия филиалдарын басқаруды тоқтатуы керек деді. Отандық сарапшылардың пікірінше, бұл біріншіден – сыбайлас жемқорлықтың алдын алады. Екіншіден – ашықтық пен тазалыққа үндейді. Үшіншіден – партиялар арасындағы бәсекелестікті арттырады. Төртіншіден – депутаттардың еркін әрі халықтың мүддесіне сай жұмыс жасауына ықпал етеді. Бесіншіден – партияға бағынышты болудан арылмақ дейді.

Жалпы, бірқатар шет мемлекеттерде де осындай жүйе қабылданған. Яғни мемлекеттік құрылымның лауазымды басшысы партияға билік жүргізе алмайды. Мәселен, Армения Республикасының «Саяси партиялар туралы» Конституциялық заңының 13-бабына сәйкес өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде Республика Президенті, адам құқықтарын қорғаушы, Орталық сайлау комиссиясының мүшелері, теледидар және радио жөніндегі комиссияның мүшелері, аудиторлық палатаның мүшелері, Орталық Банк кеңесінің мүшелері саяси партияның мүшелері бола алмайды. Эстонияда Президент саяси партияға мүшелігін қызметте болған уақытында тоқтатады. Сол сияқты, Австрия, Әзербайжан елдерінде де Президент бастаған мемлекеттік қызметкерлер партия мүшелігінен бөлек басқару құқығы да жоқ.

Референдумға енгізілетін өзгерістер сарапшылардың түрлі пікіріне ұласты. Мәселен, «Gazeta.ru» интернет-порталы «Қазақстан Президенті еліміздің саяси моделін бірнеше өршіл реформалардың көмегімен қайта құруды ұсынды. Олардың арасында супер-президенттік басқару формасынан бас тарту бар. Қазақстандық көшбасшы өзгерістердің қажеттілігін саяси тоқыраумен түсіндірді. Тоқаев сондай-ақ, бұл тоқырау Қазақстандағы қаңтардағы тәртіпсіздіктерге әкелді деп санайды.

Шетелдік тәжірибеде шыңдалып, өзінің оң нәтижесін берген мемлекеттік басқарушы құрылым басшыларының партиялық басқарудан шеттетілуі біздің ел үшін де тиімді болмақ.

–Барлық облыс, қала деңгейіндегі әкімдер партия филиалының төрағасы болмауы керек. Себебі, олар белгілі бір партияның төрағасы болса, сол партияның сойылын соғып, мүддесін бірінші орынға қояды. Ал атқарушы органның басшысы жалпы аудан, қала, облыс аумағында барлық партиялардың, қоғамдық ұйымдардың бірдей дамуына, сол арқылы партия құрылымындағы бәсекелестікті қамтамасыз ету деп санаймын. Партиялар өз мәнісінде бірдей қызмет атқарса, халық партияны өзі таңдайды. Оның мақсат-мүддесін айқындап, «Жаңа Қазақстанның» дамуына қандай үлесін қоса алады дегенді ой елегінен өткізе отырып, өз бетінше шешім қабылдайды. Халық таңдауына түскен партияда бәсекелестік болады. Депутаттарда жүйелі жұмыс жасап, нағыз халық қалаулысына айналады деп айта аламын – дейді, Қарқаралы аудандық мәслихатының хатшысы Сләмиден Нүркенов.

«Менің мақсатым – халқыма мейлінше еркіндік беру, демократия мен заң үстемдігін күшейту» деп мемлекет басшысы айтқандай, түрлі деңгейдегі әкімдер мен олардың орынбасарларының партия филиалдарында қызмет атқаруына тыйым салуы халықтың билікке жалтақтамауы мен депутаттардың өз өкілеттіктерін бекітілген заң аясында жүзеге асыруына мүмкіндік береді. Сайып келгенде, көппартиялылық жүйе пайдалы бәсекелестік жүйені қалыптастырады. Ал бұл жүйе халықтың мүддесіне тікелей қызмет атқарылмақ.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button