Ауыл шаруашылық кооперативтері – сала дамуының стратегиялық тетігі

Еліміздің экономикалық қауіпсіздігі мен әл-ауқатын арттыру барысында ауыл шаруашылық кооперацияларын құру өте маңызды.

Ұсақ шаруашылықтар мен қосалқы шаруашылықтарды кооперативтерге тартып, бəсекеге қабілеттілігін арттырып, ауыл шаруашылық тауар өндірісін жолға қойып, жүйелі агроөнеркәсіп кешендерін қалыптастыруды жедел қолға алу – уақыт талабы. Сол арқылы елімізде азық-түлік базасын нығайтып, ішкі және сыртқы нарықты экологиялық таза өнімдермен қамтамасыз етуге жол ашамыз.

Бұл бағытта қайсыбір өңір мен аймақта там-тұмдап болса да қозғалыс бар.

Ұжымдық шаруашылықтарды құру Ақтоғай ауданында қаншалықты дәрежеде жүзеге асырылып отыр? Кооперативке бірігуге деген ұсақ шаруа қожалықтарының көзқарастары қандай? Міне, осы тақырып төңірегінде аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Н.Жаңабергеновті әңгімеге тартқан едік.

Ұсақ шаруа қожалықтарын ірі ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктіріп, ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру, өңдеу, сақтау, тасымалдау жəне маркетингке біріктіру бойынша ұсынымдар берілген.

Өкінішке орай тап қазіргі таңда аудан бойынша бұл бағыттағы жұмыстар мандымай тұр. Бұл жоба өзі 2017-2019 жылдары қарқын алып, несиелендіре бастаған. «Жамбыл облысындағы пилоттық округ тұрғындарының табысын арттыру жобасы» бойынша ақпарат құралдары арқылы сұхбат түрінде де мақала нұсқасында да ел жан-жақты құлақтанды. Халықпен жиын өткізіп, жүзбе-жүз де кездестік. Ел ұжымдық шаруашылықтың тиімді тұстары көп екенін әлі де толық түсініп, ден қоймай отырған сыңайлы. Әлбетте, ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. 2000 жылдардың бастапқы кезеңінде Абай ауылының тұрғындарын марқұм Рахметолла Майлыбаев (бірқатар жыл Абай ауылында әкім болған) кооперативке жұмылдырып, «Балқаш сүт» ЖШСмен өзара әріптестік орнатып сүт өнімдерін шығарған. «Ынталы» ШҚ арнайы жасалған УАЗ автокөлігін әкелді. Шаруа, фермерлік қожалықтардың өз өнімдерін кедергісіз сату мақсатында коммуналдық базар ашты.

Сондай-ақ, «Алаш» АӨК 2017 жылы құрылып, 2017 жылдың 19 мамырында әділет басқармасына заңды тұлға ретінде тіркелді. Қазіргі төрағасы – Ерлан Нұртазин. 2017 жылдың 30 мамырында Ақтоғай аудандық пошта байланыс бөлімшесінен есеп-айырысу шоты ашылды. «Алаш» АӨК төлқұжаты, даму жоспары және тиісті құзырлы мекемемен бірігіп, кооперативтің дамуының іс-жоспары жасалды.

Кооператив құрамында 37 мүше бар, оның бүгінгі күні 24 мүшесі «Береке» бағдарламасы арқылы АШҚҚҚ мен 68 млн. 550 мың теңге көлемінде несие алып, 378 бас аталық малдар сатып алды.

Кооператив бағыты тұрғылықты халыққа мал сою қызметін көрсету. Сонымен қатар, Ақтоғай ауданы басынан күніне 2 тонна сүт өнімін өңдеп, 5 түрлі өнім шығаратын шағын кәсіпорын ашу. Бұған қажетті сүт салқындатқыш «FRESH MILK YOM S-200» қондырғысын және қажетті құрылғылар мен қондырғыларды әкелді, – деп аудан бойынша кооператив жұмысы жайлы толыққанды ақпарат берді.

Кеңес тұсында еліміз ауыл шаруашылық өнімдерімен ішкі сұранысты ғана емес, сондай-ақ, одақтас республикаларды қамтығаны белгілі. Бүгінгі күні ауыл шаруашылық саласын дамытатын мүмкіндігі мол бола тұра, ет, сүт өнімдерін Беларусь елінің импортына тәуелді болып отырғанымыз ешкімнен жасырын емес.

Елімізде кооператив бағытындағы шаруашылықты дамыту бір күнде еңсеріп кететін шаруа емес. Кооператив құрып оған басшылық жасайтын адамның ең алдымен ұйымдастырушылық және іскерлік қабілеті мол болуы керек. Оған қоса жан-жақты білім де қажет. Ақмола, Қостанай облыстарында акционерлік қоғам, кооперативтерге бірігіп, шаруашылығын шалқытып отырған шаруашылық ұжымдар аз емес. Ірі шаруа қожалық жетекшілерін сол өңірге апарып, ұжымдық шаруашылықтардың жұмысымен таныстырып, тиімді тұстарына көздерін жеткізіп, тәжірибе алмасса, ұжымдық шаруашылық құруға деген елдің қызығушылығы арта түсері сөзсіз. Кооператив құру арқылы шаруашылықтарды ірілендіру еліміздің экономикалық қуатын арттырып қана қоймай, сонымен қатар ауылдық жерлерде еңбек әлеуетін қамтамасыз етіп, аудан экономикасының маңызды, тиімді бір салаларына айналар еді.

Қазір неше жерден мал басын бірдейлендіріп отырмыз десек те, ауыл шаруашылық иелері нақты мал басын бәрібір бүгіп қалады. Ал, ол, әлбетте бақылаусыз жабайы нарыққа жол беріп, түрлі жұқпалы індеттердің таралуына әкеп соғатыны екі бастан белгілі жайт.

Ұжымдық шаруашылық әлгі жабайы нарықты бір жүйеге келтіріп, брендтік өнімдерді шығаруға, әр түрлі індеттердің алдын алуға оң әсерін тигізері хақ. Сонымен қатар ұжымдық шаруашылыққа басымдық беру арқылы, бүгінгі жиі айтылып жүрген агроөнеркәсіп саласындағы көлеңкелі сауданың жолын кесіп, логистикалық инфрақұрылымын дамытып, бәсекелестікті арттырып, қазіргі белең алған қымбатшылықты да реттер еді.

«Кооперацияның даму үрдісін жеделдететін негізгі себептер көп. Атап айтсақ, ауыл шаруашылық серіктестіктері мен ауылдық тұтыну кооперативтері үшін жеңілдетілген несиелендіру мен арнайы салық режимі түрінде мемлекеттік қолдаулар.

Əлемдегі ауыл шаруашылық кооперативтері – ауыл шаруашылығы өнімін шығару, қайта өңдеуде, өткізуде, сақтауда, өндіріс құралдарымен жəне материалдық-техникалық ресурстармен жабдықтауда, несиелеуге көмектеседі, сондай-ақ кооперативтің қауымдасқан мүшелеріне басқа да сервистік қызмет көрсетуде олардың әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерін қанағаттандырып, экономикадағы өз орындарын тапқан бірлестіктер сапында іс атқарады. Бұл тәжірибе алдағы уақыттары біздің елде де жүзеге асады деп сенеміз.

Халықаралық тәжірибеге сай ауыл шаруашылығындағы көлеңкелі экономиканың мәселелерін шешудің бірден-бір жолы, ауыл шаруашылық кооперациясын дамыту. Бұл жеке қосалқы, шаруа жəне фермерлік шаруашылықтарды жəне заңды тұлғаларды аграрлық кооперативке біріктіріп, сол арқылы сауда жүйелерін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің ынтымақтастығын құруға негіз болмақ» деген сала басшысының сөзінің жаны бар.

Біз өз тарапымыздан ұжымдық шаруашылықтардың дамуына ауыл, аудан әкімдері мен сала басшылары тікелей мүдделі болуы керек деп есептейміз. Ауыл-ауылдарға шығып, халықпен кездесіп түсіндірме жұмыстарын жиі-жиі жүргізіп, ұжымдық шаруашылықтың тиімділігіне көздерін жеткізсек, ел де «бірлік бар жерде, тірлік болатынына» сенім артып, ұжымдық шаруашылыққа бірігуге ұмтылады деп ойлаймыз.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ,

АҚТОҒАЙ ауданы.