Тұлға

Бекзат болмыс

«Тегін­де адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ».

АБАЙ.

Ол кісіде мінез бар еді. Ұлтына қызмет ететін мінез. Жұртына қызмет ететін мінез.

Ол мінез қазақ баласының басының берекесін кіргізетін мінез, ол мінез қазақ баласын ұятқа қалдырмайтын мінез, ол мінез арға, ар сотына жүгінетін мінез.

Бүгінде біздер ұлтқа қызмет ету – құйқалы қызмет басында отыру, сол қызметін пайдаланып қолын ұзарту, соңынан топ ертіп, сол тобырдың сойылын соғу деген түсінік қалыптасқан заманда өмір сүріп жатырмыз.

Біздер ұлттық мінезімізден ажырап бара жатқан заманда тұрмыз. Қазақ көрсе қайырылатын қазақ бүгінде көше айналып қашады.

Мінез деген даралық деген сөз. Мінезің сынық па – көптің бірісің, тобырдың өзісің. Содан да бүгінде тобыр мінезі белең алып отыр. Бас шұлғуды ғана білетін. Ал, тобырға қызмет көрсету ұлттың тамырына балта шабумен бірдей болса керек.

Ілкідегі бабаларымыз ұрпағының келешегіне жұмыс істеді. Мыңғырған мал қалдырды, ұлан-байтақ жер қалдырды. Соған ие болатын ұрпақты тәрбиеледі.

Қазіргі ұрпақ артына қарайламайды. Ертеңіне де көз салмайды. Бүгінімен ғана өмір сүреді. Ертеңін ойламайтын орта төрт аяқтыларды тудырды. Олардың мұраты қарын қамынан аспауда.

Көшеде сүйісіп тұрған екі жасты көрсең, көзіңді алақанмен көлегейлеп өтпе, айтып өт. Баласын жетектеп жүрген кейқуат көрсең, тағы да өтіп кетпе, баланың орнын көрсет. Бауырың сәлем бермесе, өзің сәлем бер. Осының бәрі тәрбие.

Осының бәрі мінезден.

Мұндай жігіттерді үлкендер байжігіт деп отырушы. Бұл – мейлінше жігіт деген сөз. Бұл – жігіттің жігіті деген сөз. Бұл – мінезге бай жігіт деген сөз.

Бізге осындай байжігіттер жетіспей жатыр. Дегенмен, тәрбиесін сүйегіңе дейін сіңіретін ағаларымыз да баршылық.

Мәжит Аманқұлұлы Әбдіртегі – сондай мінезді ағамыз. Оның бүкіл болмысы қазағым деп тұрады. Аяғын жуамын десе, алдымен қолын жуады. Соңынан тағы да қолын жуады. Қонаққа барса, дастарқан батасын беріп ғана қоймай, сол үйден шыққан аруақтарға, сол жерде отырғандардың ата-бабасына бағыштап дұға қайырады.

Ағамыз белді қызметтер атқарды. Мектеп директоры болды, үлкен кеніш орнының поссоветі болды. Соны қызмет деп есептемеді.

Ал, кейінгі ширек ғасырлық ғұмырын қызметке, ұлттық қызметке арнады. Байқаса, өскелең ұрпақ жеті атасын қайыра алмайтын кепке ұшырапты. Соның өтеуіндей шежіре кітабын түзді. Ағасы қарындасымен жұптасып қалмасын деп, бірін-бірі біліп жүрсін деп ас өткізуге мұрындық болды. Жердің киесі кетіп барады деп, бабалардың жатқан жерлерін анықтап, топырағын аяқ астынан жоғары етті. Өткен-кеткен дұғасыз қалдырмасын деп басын қарайтып, аты-жөнін жаздырды. Ұлы нәубеттер заманында көмусіз қалған бабалардың орнын тауып, қоршауға алып, белгілер қойғызды. Орыстанып, көмескіленген жер атауларының атауын қайтып орнықтыруда өлшеусіз еңбек сіңірді.

Бұл ағамыздың түп бабасы Көкбөрі Керней батыр болады. Заманында еңсегей бойлы ер Есімнің бас сардары болған. Ол жөнінде Ақтамберді жыраудың толғауы бар. Сол бабасын ұрпағы танымай жатыр. Алайда, түп тамырын білгісі келетін өскін көп. Содан барып «Көкбөрі Керней баба» қайырымдылық қоғамдық қоры құрылған. Мәжит ағамыз соның басында тұрды. Осы қор арқылы жағдайсыз бес-алты өскініміз жоғары білім алып шығып, еліне қызмет етіп жатыр. Соның бәрі бірдей керней балалары емес еді. Мінез деп осыны айтады. Байжігіт деп осындайдан айтады.

Генерал Әділ Шаяхметұлын ел білсе керек. Алатаудың тасында өскен азамат. Сол бауырымыз Шет ауданында еңбек етіп, жақсы із қалдырды. Сол еңбекті біреу көрді, біреу көрмеді. Ағамыз жүгіріп жүріп сол азаматтың Шет ауданының Құрметті азаматы атануына мұрындық болды. Бұл әулеттің көрмегені жоқ. Арғы бабасы Қара би, болыс болған адам. Сол жеткілікті. Боржай атанды. Атты, асты, жер аударды.

Алайда, осының бірі де ағамызды өзгерте алмады. Мінез – адам болмысының көрінісі. Ағамыз болмысынан ауытқымады. Бекзат болмысының құлы болып қалды. Сондықтан да, ұлтына қызмет көрсетті.

Соңғы демі қалғанша.

Мәжит ағамыздың бақилық болғанына ертең бір жыл толады. Балаларының беріп жатқан садақасы, оқытқан құраны, бағыштаған дұғасы қабыл болсын.

 Төрехан МАЙБАС,

жазушы.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button