Бас тақырып

Біліктілікті арттыру ұстазға пайдалы ма?

«Жаһандық ғылыми-техникалық даму барысын ескерсек, жоғары сыныптарда жаратылыстану-математика пәндерін және ағылшын тілін оқытуды барынша күшейту маңызды» – деген еді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында. Ал, жаратылыстану-математика бағытындағы мамандықтарға жастардың көп ұмтылмайтыны рас. Баламызды «Қазақ – ақын халық, әнші халық» деп өнерге, әдебиетке баулып өсіреміз. Бұл – дұрыс, әрине. Бірақ, жасынан осыған дағдыланған ұрпақ сол бағытта мамандық таңдайды. Сондықтан да, ғылыми-техникаға қызығушылық аз, математиктер тапшы. Техника дәуірінде жаратылыстану-математика бағытындағы мамандар көп сұранысқа ие. Жуырда облыс аумағындағы математика пәні мұғалімдерінің басын қосқан бірнеше күндік ауқымды курс өтті. Ал, облыста жылына көптеген біліктілікті арттыру курсы ұйымдастырылады. Соның бәрі пайдалы ма? Тарқатайық.

Сурет интернеттен алынды

Нақтырақ айтсақ, Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының жетекшісі Бақыткүл Әбдікерованың ұйымдастыруымен математика пәні мен бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған «Олимпиада есептерін шешу жолдары» тақырыбында бірінші рет 72 сағаттық біліктілікті арттыру курсы өтті. Онда ZERDELI ақыл-ой дамыту орталығының директоры, «Үздік педагог – 2017» атағының иегері Ырысбек Мәуіт пен оның әріптестері дәріс оқып, тәжірибесімен бөлісті.

ZERDELI ақыл-ой дамыту орталығы 2013 жылы ашылған. Шәкірттері 113 қалалық, 27 республикалық, 11 халықаралық деңгейдегі олимпиада жүлдегері атаныпты.

Ақылы курсқа Қарағанды, Балқаш, Теміртау, Шахтинск қалалары мен Нұра ауданынан 75 математик мұғалім білімін шыңдады. Ұстаздар бірнеше күндік курста тырп етпей, бір минутын да қалт жібермей тыңдады, керек жерін түртіп алды. Өйткені, мұнда олимпиада есептерін шығарды мұғалімдер. Бұл – таптырмайтын мүмкіндік. Мұғалімнің мәртебесін оқушы алдында биіктете түсетін дүние. Олимпиада есептері мемлекеттік стандарттан тыс, яғни, мектеп бағдарламасында жоқ. Қосымша ізденгеннің өзінде қолға түспейтін аса қажетті есептер.

– «Бірлі-жарым «олимпиадаға дайындық» деген кітаптардың көмегі шамалы. Мектепке барған соң күйбеңге қайта кіріп, баяғы ізіңе түсесің. Курсты қимай қоштастық. «Демалыста тағы келесіздер ме?» деп Ырысбек Мәуіт ұстаздан сұрағанда ол: «Шақыртуға байланысты» деп жауап берді. Курста Ырысбек Мәуіт пен оның шәкірттері Бақдәурен Нарбаев пен Бек Берік мұғалімдерді толғандырып жүрген олимпиада есептерінің шешу жолдарын бірнеше күн бойы көрсетті. Сабақтар өте қызықты болды. Сағат 9:00-де басталып, 14:35-те аяқталып отырды. Олимпиада есептерін талдап қана қоймай, мектеп бағдарламасында жоқ, мұғалімге қиындық туғызатын проблемалық тақырыптарды түсіндіріп берді, – дейді Балқаш қаласы С.Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Айман Исабаева.

Біз ұстаздардың пікірін тыңдаған соң, «Тағы да өткізуге мүмкіндік бар ма?» деген сауалға жауап алу мақсатында осы шараны ұйымдастырушыларға хабарластық.

– Аудан, ауылдардағы оқушылардың білім көкжиегін кеңейтіп, олимпиадаға дайындау үшін облыстық білім басқармасының «Сарыарқа дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының ішінен «Жас математик» сырттай мектебінің ережесі бекітілді. Оны бірлесе жүзеге асыру мақсатында ZERDELI ақыл-ой дамыту орталығымен екі жақты меморандумға қол қойдық. Биыл екінші жыл жалғасуда. Былтыр 100-ден астам бала қатысты. Қорытындысында, 92 балл жинаған оқушылар Бурабайға 3 күндік демалысқа жіберілді. «Жас математик», «Алтын сақа» олимпиадалары арқылы бала саны артуда. Тамыз кеңесінде біз облыс әкімі Жеңіс Қасымбек мырзаға енді пән мұғалімдерін де оқыту керектігін айттық. Әкімдіктің, білім басқармасының қолдауымен математика мұғалімдерін оқытуды облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы қолға алды, – дейді «Сарыарқа дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының басшысы Айдос Кәріғұлұлы.

Облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының жетекшісі Бақыткүл Әбдікерованың айтуынша, алғашқы курстан кейін мұғалімдердің сұранысын қанағаттандыру мақсатында қысқа демалыста курсты тағы өткізуді қолға алғанын айтады. «Мұғалімдерді сабақтан бөлмес үшін демалыс кезеңі таңдалды. Сондай-ақ, алғашқы курсқа қатысқан ұстаздар онлайн түрде сабақтан соң басқа ұстаздарға дәріс оқып, тәжірибесімен бөліседі. Ұйымдастыру жағын біз қолға алдық» дейді ол.

Шындығында, қазір елді таң қалдыру қиын. Осы курс аяқталған соң қатысқан ұстаздар осындай курстың жиі өтуін қалайтынын жеткізді. Себебі, әр ұстаз оқушысын білімді етіп өсіріп, олимпиада тұғырынан көргісі келеді. Бұл мектептің де, ұстаздың да абыройы. Бұдан бөлек, біліктілік деген дүние ұстаз тәжірибесінде сақталып қалса, оқушысын жетістікке жеткізумен қатар, саналы әрі кемел тұлға болып қалыптасуға жетелейді.

– Олимпиадаға математикадан оқушы шығару шыңыраудан кесемен су алып шыққандай дүние. Алдымен, мұғалім өз пәнін терең меңгеруі керек. Мемлекеттік стандартты меңгерту де оңай емес. Электронды журнал толтыру, оқушының дәптерін, жазба жұмысын жүйелі тексеру өз алдына бір жұмыс. Ал, олимпиадаға келсем, сыныптағы оқушының бәрі озат әрі екпінді емес. Кейбірін басқа пәндер алып қояды. Сабағын 4-ке оқып жүрген оқушыны амалсыз дайындап апарасың. Олимпиадаға келген есепті өзің сол жерде алғаш көріп тұрасың. Оны оқушы қалай шығарады? Міне, бұл – үлкен мәселе. Ал, осы курс біз көптен таппай жүрген олимпиада есептерін шешудің жолдарын үйретті. Әкемізді көргендей қуанғанымыз – содан. Мұғалімдер жыл басында дарынды баламен жұмыс және олимпиадаға дайындық жұмыс жоспарын бірлестік жетекшісіне өткізеді. Бірақ, сол жоспармен жұмыс жасауға уақыт таппай тағы шырылдайды. Ал, мынадай курстар жиі өтсе, білім деңгейі өсетіні анық, – дейді әл-Фараби атындағы мектеп гимназиясы математика пәнінің мұғалімі Мархабат Нарова.

40 минутта жаңа бағдарламаны түсіндіріп, оны қайта қабылдап, қалыптастырушы бағалауға жеткізу де үлкен еңбек. Бірақ, олимпиададан оқушың нәтиже көрсетпесе, жұмысқа ынтаң да болмайды.

Десек те, небары 5 күндік курс 75 мұғалімнің біліктілік деңгейін көтеріп тастай ала ма? Жоқ, әрине. Сондықтан, осындай оқыту курстарын жиі ұйымдастыру керек. Ақылы болса да, мұғалімдер қатысуға дайын. Бірнеше мұғалім бірігіп талқылаған сабақ керемет жұғымды болады. Күрделі есептерді талқылай отырып шешкенде көкейге қонымды болады әрі жатталып қалады. Жиі өтсе, сапа көтеріледі. Қазір ата-аналар да баласының оқығанын қолдап, репетиторға жібереді. Егер, мектептегі білім сапалы болса, ата-ананың да көңілі тоқ әрі қаржысы үнемделер еді. Курсты көбейту – облыстағы жүздеген ұстаздың қалауы. Біразына хабарластық. Бәрі қолдап отыр. «Ақылы болса да барамыз» дейді.

Ырысбек Мәуіттің «Математика олимпиадасына дайындық бастамалары» кітабындағы есептердің шығару жолдары бірігіп талданса, екі-үш жылда олимпиада жеңімпаздары шығатынын айтады ұстаздар. Ендеше, неге осы мүмкіндікті пайдаланбасқа?

Немістің атақты математигі Карл Гаусстың: «Арифметика – математиканың, ал математика – ғылымдардың патшасы», – деген тұжырымы бар. Қазіргі қоғамға математиктер ауадай қажет. Мұны уақыт дәлелдеп отыр. Енді, осы басталған істі облыстық білім басқармасы, облыстық әдістемелік оқу орталығы, қалалық білім бөлімі басшылары мен мектеп директорлары бірлесе отырып, сапалы жалғастырса, нәтиже 2-3 жылда шығатыны анық. Ендеше, ауадай қажетті курстар жалғасып, ұрпағымыздың білімді әрі алғыр болуына бәріміз бірдей атсалысайық. Өйткені, немқұрайлылық жарға жығады…

Жәлел ШАЛҚАР 

Ortalyq.kz 

Қарағанды облысының маңызды және өзекті жаңалықтарын «Орталық Қазақстан» газетінің телеграмм каналынан оқыңыз (сілтемені басыңыз)

Басқа материалдар

Back to top button