ИНТЕРНЕТТЕГІ АЛАЯҚТЫҚ абай болған абзал

Қазіргі қоғам қу құлқынның құрдымында жұтылып барады. Неге? Көкейді тескен мәселе – көк тиынның жоқтығы. Ақшаның соңына түскен пенде әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі аңғалды тақырға отырғызады. Қазір интернет алаяқтық көбейіп кетті. Ал, мұны ауыздықтаудың жолы қандай? Киберқылмыстың алдын алу үшін қарапайым жан нені білуі керек? Цифрландыру біздің өмірімізге дендеп еніп келеді. Әрине, бұл озық елдерден қалмауға, тез дамуға мүмкіндік береді. Дегенмен, артықшылықтарымен қоса, кемшіліктері де көп. Артықшылығы – сіз бен бізге белгілі. Ал, кемшілігі – бүкіл деректерді қолға түсірген онлайн алаяқтардың көбейіп кеткені, сөйтіп елді қан қақсатып жүргені.

Мұны кибершабуылдың құрбанына айналған азаматтардың полиция бөліміне жиі шағым жасағанынан байқауға болады. Мәліметтерге сүйенсек, 2021 жылы Қарағанды қаласы бойынша 1113 интернет алаяқтық қылмыс тіркелген. Ал, 2022 жылдың басынан облыс бойынша 346 интернет алаяқтық жасалған. Олар тұрғындарды алдау үшін әлеуметтік желілерде танымал адамдардың атын жамылып, қаржылай көмек сұрайды, жалған интернет-дүкендер мен «фейк» парақшалар ашады, сайттар құрады. Қарапайым адамдар олардың уысына оңай түседі.

Қазір онлайн сауда қызып тұр. Адамдар өз қажеттілігіне сай түрлі заттарды онлайн сатып алуға үйренген. Тауарды арнайы сайт арқылы іздеп, көрсетілген банктік есепшотқа ақша аударады. Ал, жеке деректерді, сондай-ақ, банк карточкасының нөмірін қолға түсірген алаяқтар сол кісінің атын жамылып, ақпараттық шабуыл жасайтын жайттар жиіледі.

Сондай-ақ, әркімге электронды поштадан түрлі сілтемелер келеді. Киберқылмысты орындайтын адам сол аккаунтты алып, өзінің пайдасына шешеді. Мұндай жайттар күнделікті өмірде болып жатыр.

Сонымен қоса, пандемия басталғанда банктен хабарласып тұрмын деп, жеке есепшоттың нөмірін сұрайтын алаяқтар көбейіп кетті. Атын жарияламауды сұраған, жасы егде тартқан қала тұрғыны дәл сол алаяқтардың құрығына түсіп, банктегі ақшасынан айырылғанын айтты.

Телефоныма белгісіз біреу хабарласты. Дауысы құлаққа жағымды. Сұраған нәрсесінің бәріне жауап беріп отырып, өзімнің банк картамның нөмірін қалай айтқанымды білмей қалдым. Енді қарасам, есепшоттан осындай ақша алынды деп хабарлама келіп тұр. Сол сәтте сан соғып қалғанымды несін жасырайын? Сенгіш адамдарға қиын екен. Мына алаяқтықты дер кезінде ауыздықтамаса, қиын болатын түрі бар, – дейді ол.

Сала мамандарының айтуынша, елімізде ақпараттық шабуыл жасауды үйрететін арнайы «мамандар» бар екен. Алаяқтың қолға түсірген қомақты қаржысының бір бөлігін арнайы оқытқан сол «мамандары» алады.

Мұндайда әр адамның ақпараттық сауаттылығы маңызды. Қарағанды облысының Полиция департаменті қауіпсіздік шараларын үнемі ойдан шығармау керек екенін айтып, кеңес береді: «Құпия сөздерді үнемі ауыстырып отыру керек және ол күрделі болуы қажет. Төлем жүйелерінің барлық қауіпсіздік жүйелерін қосу маңызды: смс растау, ІР-мекенжайларды қадағалау, 3D-secure және т.б. Банк карталарын қараусыз қалдырмаңыздар, өз деректеріңізді ешкімге бермеңіздер, өйткені пластикті картадан ақшалай қаражат алу үшін алаяқтарға картаның нөмірін және CVV-кодын (картаның артындағы соңғы үш сан) білген жеткілікті. Картаны мобильді банк қызметіне қосыңыз. Банктер және төлем жүйелері ешқашан хат жолдамайды, осыны есте ұстау қажет».

Қарағанды облысында еліміздің бірнеше өңірінің 100-ден астам тұрғынын 15 миллион теңгеге тақырға отырғызып кеткен қос келіншектің қылмысы анықталды. 29 бен 32 жастағы екі алаяқ киім сататын дүкендер жабылғалы жатыр, сол себепті әйелдерге арналған қымбат киім-кешектер арзан бағаға сатылады деп хабарлама таратқан. Онлайн сауда жасаған тұрғындардың ақшасын қалтаға басқан екі келіншек Шымкент қаласында отырып-ақ арам ойын іске асырған.

Ал, алаяқтар адамдардың жеке мәліметтерін қалай қолға түсіреді, нөмірлерін, аты-жөнін қайдан біледі? Бұл туралы Қарағанды облыстық Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бөлім басшысы, полиция майоры Мәди Бағдат былай деп түсіндіреді.

«Бізде де алаяқтар бұл мәліметтердің барлығын қайдан алады, кімнен біледі деген ой болды. Осыған орай арнайы талдау жұмыстарын жүргіздік. Қазір өздеріңіз білесіздер, Kaspi Bank-тің мобильдік қосымшасына кез келген нөмірді терсеңіз, клиенттің аты-жөні шыға келеді. Яғни, қылмыскерлер үшін Kaspi нөмір арқылы тауып алу түк те қиын емес. Алаяқтар бұл ашық ақпаратты да ұтымды пайдаланады. Осыған орай, біраз уақыттан бері мобильді қосымшаларда клиенттің тек есімі мен тегінің бірінші әрпін ғана жазу қолданылып келеді», – дейді полиция майоры.

Интернет алаяқтық күн өткен сайын күшейіп барады. Қарапайым халық олардың тұзағына тез ілігеді. Ал мұның алдын алу үшін жеке ақпаратқа мұқият болу қажет. Полиция қызметкерлері азаматтарға күдікті қоңырау түсіп, белгісіз нөмірден хабарлама алғанда бірден банкке хабарласып, мән-жайды білу керек дейді. Банктің сенім телефонына қоңырау шалып, ақпараттың рас-өтірігін анықтап алудың еш артықтығы жоқ екенін алға тартады.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.