ОРАМАЛДЫ ОҚУШЫ мектепте оқи ала ма?

Әліптің артын бақтық. Алайда, дүрліккен ел тынар емес. Ойды сан-саққа жүгірткен орамал дауы шешімін таппады әлі. Ауыздан шыққан әр сауалға жауап табылмаса да, жақтайтыны да, даттайтыны да көбейіп кетті. Жасыратыны жоқ, кейбір ата-ана баласының болашағын орамалға байлайды.

Орамал таққан қаншама оқушы мектепке кіргізілмеген соң, Ресейдің онлайн оқуымен сауатын ашып жүр. Ал, Министрлік мұндай балаларға оқуды қолжетімді қылмақ…Орамалмен оранған оқушыны мектепке кіргіземіз бе? Бар мәселе – осында.

Қазіргі оқу-ағарту министрінің айтқанын сөзбе-сөз келтірейік:

«Қазақстан зайырлы мемлекет, мектеп те зайырлы мекеме. Сонау 2016 жылы қабылданған бұйрық пен талаптар бар. Дегенмен, әр түрлі топтардың инклюзивтілігін қамтамасыз ету маңызды екенін көріп отырмыз. Мысалы, біз басында бас киімі болғаннан мектепке бара алмай жүрген қыздардың мәселесін қарастыра алар едік. Осы себептердің әсерінен балалар мектепке бармаса немесе қашықтан оқуға мәжбүр болса, бұл кері әсер етеді, ал біз инклюзивті қоғам болуымыз керек», – деген еді Асхат Аймағамбетов.

Осы мәлімдеме шыққалы бері халық өре түрегеліп, лап қойды. Әлеуметтік желіде түрлі пікірлер қаптады. Әрқайсысын оқып, ойымыз онға, санамыз санға бөлінді. Көп ұзамай Министрлік мынадай мәлімдеме жасады.

– Мектеп формасы туралы бұйрық өз күшінде, ешқандай өзгеріс енгізілген жоқ. Біз барлық баланы біліммен қамтамасыз етудің түрлі мүмкіндіктерін талқылаймыз. Бұл – эмоцияға беріліп шешілетін мәселе емес, қоғамда әртүрлі пікірлер бар екені рас. Ең алдымен балалардың мүдделері мен заңнамадағы нормаларды негізге алуымыз керек, – деді мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.

Комитет төрағасының айтуынша, қазір түрлі ұсыныстар түсіп жатыр, соның ішінде оларды өзіміздің отандық мектептерде онлайн оқыту мүмкіндігі және оларды оқу үдерісіне тарту бойынша ұсыныстар. «Ең бастысы – еліміздегі барлық баланы біліммен қамту маңызды» дейді маман.

Қазір қоғамда ата-анасының қалауымен, бәлки амал жоқтан ресейлік ақылы оқу оқып жүрген қазақтың қаракөздері бар. Мектепте оқып, сыныптастарымен, достарымен ойнауды олар да қаламайды дейсіз бе? «Киімді адамның іші киеді» деп жазушы Ұларбек Нұрғалымұлы айтқандай, баласының болашағын орамалға байлап қойған ата-аналарды қоғам түсіне алмақ емес. Түрлі ой айтылып, жазылып жатқаны – елдегі діни ахуалдың әсерінен деп білу керек. Өйткені, діннің мәселесін өзіңіз де білесіз, оқырман.

Біз енді әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен тақырыпқа сай жазылған түрлі пікірлерді сараптап көрелік. Қарағандыдағы №97 мектептің мұғалімі Асыл Мусенова мынадай пікір қалдырды: «А.Аймағамбетов мырзаның сөзін қолдаймын. Өйткені орамал таққаны үшін мектепте оқи алмай жүрген балалар ғана емес, хиджаб кимей, орамал тартатын мұғалімдер де мектепте қызмет істей алмайды», – депті.

Бұл Заңда рұқсат етілмеген. Орамал тартатын баланы мектепте оқытпақ түгілі оранып келген қаншама мұғалім жұмыстан қуылды. «Орамал тақпасаң, жұмысқа аламыз» дегеніне қарамастан, сеніміне шек келтірмеген ұстаздар жұмысынан бас тартты. Міне, бар мәселе осында.

Сонымен қоса, «жоғарғы сыныптағы қыздардың басын жауып жүруіне рұқсат беріп, жастарына сай жарасымды етіп, заманауи, арнайы бас киім үлгісін бекіту керек» (Қ.Жолдыбайұлы) деген пікірлер де айтылды.

«Мектепте оқушылар формасы қатаң сақталуы керек. Форма – жәй киім деп қарауға келмейді. Ол – тәрбие, мектептегі әлеуметтік теңсіздіктің, ала-құлалықтың алдын алатын басты фактор. Бала білім алу құқығынан айырылмауы керек. Сондықтан, қандай да жағдаймен мектепте баласын оқытпай надан еткен ата-аналарға қатаң жаза болуы керек» (А.Ахметжанұлы) дейді қарсы тарап.

Бірыңғай мектеп формасын талап етушілер көп. «Әркім өз білгенін жасаса, онда ол білім ордасы болудан қалады», – депті желі қолданушысы Бақытжан Оразымбетов.

Әркімнің өз көзқарасы, өз ұстанымы, өз пікірі бар. Алайда, орамалға байланған тағдырларды сіз бен біз жақсы білеміз. Бір шаңырақ астында тұрып жатқан ел ортақ талапқа бағынбай, әр жаққа тартса, болашақ не болмақ? Орамалды білімге араластырмай-ақ қойса болмай ма?

Ал, Сіз қалай қалай ойлайсыз, мәртебелі оқырман?

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.