Жаңалықтар

«Бұл – Бірінші май»

Біздің қоғамда қазір мерекелер көп. Негізгілері мен қосымшаларын қосқанда күн құрғатпаса да, ауқымды уақытты алады екен. Қазақ – тойшыл халық. Ойын-сауықты, думандатып жүргенді жақсы көреді. Бәлкім, көшпелі өмір, сайын сахара соған бейімдеген шығар. Жарайды, күнде тойлап: «құтты болсын!» айтып жатсақ та, артығы бола қоймас. Мұны – көңіліміздің көтерілгені, өміріміздің ұзарғаны, жақсылықтардың жамырап келіп жатқаны, қуаныштардың бізді қоршап жүргені деп білейік. Жаратқан Иеміз осы тілегімізді қабыл етсін!

«Той көп», «мереке көп» демекші, осынау иін тірескен игіліктердің ішінде негізгісі, яғни дәстүрлі мерекелердің жөні бөлек. Солардың бірі – көктемнің соңғы айын бастап беретін Қазақстан халқының бірлігі күні екен. Аты айтып тұрғандай, бұл мейрамның тарихы да, қоғамдық маңызы да зор. Өйткені, ежелден «Бірлік бар жерде, тірлік бар» дейтін халықтың ұрпағымыз. «Бірлігі кеткен ел жаман» деп Бұқар бабамыз да текке айтпаған. «Бірлігі жарасқан елден, тату-тәтті отбасыдан үлгі-өнеге алайық» дейді адамның жан-жүрегіндегі періште көңілі. Осы «бірлік», «ынтымақ» деп аталатын ұнамды ұғымдарды ту еткен 1 мамыр мерекесінің түп-тамыры ХІХ ғасырдың соңына қарай болған АҚШ пен Франциядағы жұмысшылар ереуілінен бастау алыпты. Халықаралық жұмысшылардың өз қожайындарынан маңдай термен тапқан еңбегін және сол еңбек күнін 8-10 сағатқа түсіруін талап еткен іс-әрекеттері осы күнге тап келіпті. Сонда бұл мерекенің тағы бір қыры – Халықаралық еңбекшілер күні мен еңбек мейрамы.

«Адамды адам еткен – еңбек» дейтін тәмсіл бар. Ол – ақиқат! Сонау Адам ата мен Хауа анадан келе жатқан еңбектің адам өміріндегі маңызы айтпаса да түсінікті. Ендеше, адамзат қауымына аса қажетті бірлік, ынтымақ, еңбекті негізге алған бұл мерекенің маңызы мен мәні осындай.

Ал, көктем келіп, көңілдер бүр жарғанда аталмыш қуанышты күнді қалай қарсы аламыз, қалай тойлап жүрміз? Бұл сауалға жауап та әртүрлі шығар. Қоғам болған соң сан алуан пікірлер, көзқарастар болуы да мүмкін. Әу басынан бергі ұзынсонар тарихында саяси астар бар екендігі айдай анық. Тек бір ерекшелігі – жыл басы Наурыздан кейінгі жап-жақсы Көктем мерекесі. Сол көктеммен жеткен Еңбек мейрамы. Егер Наурыз мейрамы – ағайын-туыстың, достың, көршінің, үлкен мен кішінің бір-бірімен көрісіп, кешірім сұрасып, аралас-құраласы болса, 1 мамыр мерекесі – ұлт пен ұлыстардың достығын, ынтымағын, жақын қарым-қатынасын дәлелдейтін дәнекер күн десе де болады. Нақтылап айтқанда, бұл күн – ұлтаралық мейірім немесе берекесі жарасқан бірлік күні. Сондықтан да оны ерекше қарсы алып, мағыналы түрде тойлау қажет.

Сәл шегініс жасап, өткенге ой жіберсек, осыдан 40-50 жыл, жарты ғасырдай бұрын Кеңес үкіметі кезінде бұл мереке керемет атап өтілетін. Басты мейрам болып саналатын. Әлі есімізде: бала күнімізде, мектеп қабырғасында 1 мамырды зор қуанышпен қарсы алатынбыз. Ол уақытта «1 май» деуші едік. Қыстан қысылып шыққан шағын ауылдың көшелерінде сол күні көңілді шеру болатын. Ол кезде «парад» дейтұғын. Көрінісі көзді арбайтын қызыл тулар желбіреп, горн тартылып, барабан соғылып, түрлі-түсті шарлар қыдырыс-шерудің сәніне айналатын. Әсіресе, мектеп балалары үшін өте көңілді де қызықты сәттер болушы еді. Бүкіл ауылды айналып өткенде, кейбір үйлердің жанына жақындағанда әжелеріміз, аналарымыз, әпкелеріміз құрт-кәмпитпен шашу шашатын. Хормен ән айтып, тақпақ айтып бір жарасып қалатынбыз. «Бұл – Бірінші Май…» деп келетін әуезді әннің де қайырмасынан бір жол есімде қалыпты… Ол уақыттарда тек қана ауылдарда емес, аудандар мен үлкенді-кішілі қалаларда да осындай сән-салтанатты бейбіт шерулер өтіп жататын. Студенттік жарқын жылдарымыздың алғашқы кезеңінде Қарағандыдағы «1 май парадын» көріп, қатысқанбыз. Әдемі әсерге бөлеп, көңілге көп қуаныш сыйлайтын сол шаттықты, пафосты шерулер әлі күнге көз алдымызда сақталып қалыпты.

Иә, бұл – өткен уақыттың, өткен өмірдің өрнегі. Дәл бүгін заман басқа, қоғам басқа. Дей тұрғанмен, «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дейді халық даналығы. Тарих қойнауында қалып қойған сол үрдісті жалғастырып жатсақ – еш зияндығы, ешқандай жамандығы жоғы анық.

Әлімжан ЖАҚАН,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің аға оқытушысы.

Басқа материалдар

Back to top button