Жаңалықтар

Дәрігерлердің жалақысы өседі

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Nur Otan партиясының бағдарламасындағы екінші басымдық – дені сау интеллектуал ұлтты қалыптастыру екенін және жаңа жаһандық сын-қатерлерді ескере отырып, білім, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет пен спортқа шығындар ұлғаятынын айтты. Осыған орай Қазақстандағы дәрігерлердің жалақысы 2023 жылға дейін 2,5 есе өседі.

– Бұл адами капиталға, еліміздің болашағына салынатын стратегиялық инвестиция. Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі ЖІӨ-нің кемінде 5 пайызын құрайды. Ықтимал жаңа эпидемияға дайын болуымыз керек. Бірыңғай ұлттық жүйені, оның ішінде цифрландыру, телемедицина, биологиялық қауіпсіздік инфрақұрылымын құру аяқталады. Нұр-Сұлтан мен Алматыда екі ғылыми-инновациялық көпсалалы клиника салынады. Еліміздің барлық облысында аймақтық медицинаны дамыту үшін 20 заманауи медициналық орталық саламыз. Облыстық ауруханалар мен перзентханаларды, ауылдық медициналық мекемелерді барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етеміз. Дәрігерлердің жалақысы 2023 жылға қарай 2,5 есеге өседі, – деді Мемлекет басшысы партияның съезінде.

Президенттің атап өтуінше, салауатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту маңызды. Сондықтан, балалар мен жасөспірімдер клубтарын шағын және орта қалаларда ғана емес, барлық ауылда ашу керек. Жаттықтырушы-мұғалімдердің жалақысын да өсіру қажет.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button