Бас тақырыпОблыс әкімі

Оңалту орталығы ашылды

Қарағандыда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Луч» оңалту орталығының филиалы ашылды. Мұнда инсульттан, нейрохирургиялық және травмотологиялық оталардан кейін оңалтуды қажет ететін науқастар ем қабылдайды. Орталық бір мезетте 40 адамға қызмет көрсетуге шақталған. Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек медициналық мекеменің жұмысымен танысып, ем алушылармен жүздесті.

Оңалту орталығы заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған. Атап айтқанда, мұнда ультрадыбысты диагностика, электрлі және магнитті емдеу аспаптары бар. Сондай-ақ, арнайы жабдықталған спорт бөлмесі де қарастырылған екен. Өйткені, қимыл-қозғалысы бұзылған жандар аяққа тұрып кету үшін спортпен айналысып, арнайы жаттығуларды жасауы қажет. Бұл олардың қан айналымын жақсартып, бұлшық еттеріне жан кіргізеді. Емделушілер үшін спорт бөлмесінен бөлек, ұсақ моторика дамыту бұрышы да қарастырылған. Дәрігерлердің айтуынша, инсульт алған кезде адамның миына зақым келеді. Ал, ұсақ маторика мидың қалыпты жұмыс істеуіне оң ықпал етеді.

Осы орайда, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың тиімділігін де айта кеткен орынды болар. Өйткені, тағдыр тезіне ұшырап, денсаулығына ауыр зақым келген азаматтар оңалту шараларынан тегін өтеді. Бұрынғыдай ұзын сонар кезек те жоқ.

Қыркүйек айынан бастап облысымызда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың пилоттық жобасы іске қосылған болатын. Емделушілердің барлығына тегін қызмет көрсетіп отырмыз. Осы орталық ашылғалы кезек күту уақыты да айтарлықтай қысқарды. Бұрын үш ай күту керек болса, қазір бірнеше аптаның ішінде бізге келіп, орналаса алады. Мұнда, тек, қарағандылықтар ғана емес, өзге облыстардың да тұрғындары ем қабылдауда. 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін барлық қазақстандықтар шартты түрде сақтандырылған болып саналады. Ал, келесі жылдан бастап тегін қызмет медициналық сақтандыруы бар жандарға және кепілдендірілген тегін медицналық пакет иегерлеріне ғана көрсетіледі, – дейді орталықтың бас дәрігері Руслан Беляев.

Бас дәрігердің айтуынша, орталық Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің клиникалық базасы болып саналады. Яғни, жоғары оқу орнының студенттері осы жерде жұмыс істеп, тәжірибе жинайды. Оңалту орталығын жабдықтау барысында отандық және шетелдік медициналық мекемелердің тәжірибелері, ең тиімді әдістері жіті назарға алынған. Ем қабылдаушылар да дәрігерлер көмегіне көңілдері толатынын жеткізді.

– «Луч» орталығына осымен төртінші мәрте келіп отырмын. Қызмет көрсету сапасы жоғары. Бәрі көңілдегідей. Бұйыртса, бұл соңғы келуім. Қазір денсаулығым жақсарып қалды. Өзім жүріп-тұра аламын. Халыққа осындай жағдай жасап отырған басшыларға айтар алғысым зор, – дейді емделуші Арман Шораев.

 Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаевтың мәлімдеуінше, аймақта алдағы уақытта тағы да оңалту орталықтарын ашу жоспарлануда. Атап айтқанда, келер жылы Қарағанды және Теміртау қалаларында балаларға арналған оңалту орталықтары ашылмақ.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button