Қатаң карантин енгізілуі мүмкін

Карантин режимі жеңілдетілгелі республиканың әр аумағында ауру жұқтыру жағдайы өршіп кетті. Түрлі жағымсыз ақпарат легінен абдырап қалған халық та біраз сарсаңға түсті. «Енді қайтпек керек?» дегенде, Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Үкімет мүшелерімен, бірқатар мемлекеттік органдардың басшыларымен, облыс, қала әкімдерімен бейнеконференциялық байланыс режимінде кеңес өткізіп, нақты тапсырмалар берді. Індетпен күрестегі олқы тұстарды атап көрсетіп, жіберілген ағаттықтардың орнын толтыру үшін құзырлы органдарға бос шығындардан бас тарту керектігін қадап айтты.

Қасым-Жомарт Кемелұлы уақытылы қабылданған карантин шаралары індеттің жылдам таралуын біршама ұстап тұруға мүмкіндік бергеніне тоқталды. Бірақ, өкініштісі, төтенше жағдай режимі алынғаннан кейін, босаңсуға жол бердік.

Шектеулер алынғалы коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайы 7 есеге артты. Бұл бірқатар мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшіліктерге байланысты. Орталық және жергілікті деңгейдегі мемлекеттік басқару жүйесі төтенше жағдай режимінен тыс тиімді жұмыс істеуге дайын болмағанын атап өту керек. Ведомствоаралық комиссия алдына қойылған міндетті орындай алмады. Денсаулық сақтау министрлігі орталық және жергілікті билік органдарының жұмысын үйлестіруді қамтамасыз ете алмады, – деген Мемлекет басшысы жергілікті жерлерде уақытылы әрі тиімді шаралардың атқарылмауы еңбек ұжымдарында, жүйе құраушы кәсіпорындарда вирустың кең таралғанына алып келгенін айтты. Одан бөлек, тұрғындар ғана емес, медицина қызметкерлерінің арасында да ауру жұқтыру – жоғары. Бұл әсіресе, Алматыда белең алып тұр. Санитарлық талаптарға бейжай қарап, талаптар сақталмағандықтан, орны толмас олқылықтарға алып келген.

Жер-жерлерде медицина қызметкерлерінің, дәрілік құралдардың, медициналық жабдықтардың өзін айтпағанда, ауруханаларда орын да тапшы.

Кеңес барысында жұмысына салғырт қараған облыс және қала әкімдерінің бірқатарына ескерту жасап, бірқатарына сөгіс жариялаған Президент бұл барлық облыс әкімдеріне қатысты екенін айтты.

– Жағдайды тиімсіз ақпараттық жұмыс та күрделендіре түсуде. Халықпен диалог жүйесі тиісті жұмыс істемейді. Салдарынан дәрігерлердің еңбегі көрінбейді, –деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің тапсырмасы бойынша Премьер-министрдің басшылығындағы Мемлекеттік комиссия індетпен күрес, жағымсыз әлеуметтік және экономикалық әсерлерді жою жөнінде шешімдер қабылдап, эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін екі күн ішінде наурыз-мамыр аралығындағыдай қатаң карантин енгізу мәселесі бойынша ұсыныс әзірлеп, енгізетін болады.

Одан бөлек, Касым-Жомарт Тоқаев зертханалық зерттеулердің тиімділігін арттыруды, реагенттер мен шығын материалдарын үздіксіз жеткізу мәселелерін шешуді, зертханалардың саны мен қуатын еселеуді тапсырды.

Кейінгі кезде тұрғындар зертханалардың жанындағы кезектің көптігіне, санитарлық нормалардың сақталмайтынын айтып, жиі шағымданады. Сондықтан, коронавирус инфекциясына тестілеу кезінде жұқтырудың алдын алу және орталықтандырылған бөлу мен есепке алуды қамтамасыз ету мақсатында онлайн-жазба бойынша немесе Call-орталық арқылы қатаң өткізу керек. Инфекция ошақтарында, әсіресе ауылдық жерлерде жұмыс істеу үшін мобильді зертханаларды өрістету және ұтқыр қызметтерді одан әрі дамытуға қаражат бөлу аса маңызды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Кемелұлы тиісті емдеу мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің маңыздылығына да тоқталды. Бұл үшін Үкімет пен өңір әкімдеріне қаржы мен инфрақұрылымдық ресурстарды жұмылдыру тапсырылды. Ағымдағы жылдың шілде айының соңына дейін инфекциялық орындарды 50 пайызға дейін ұлғайту керектігін айтып, ол үшін өңірлерге барлық қорларымен бірге, жеке және ведомствалық медицина әлеуетін пайдалану керектігін ескертті. Ал, бес күннің ішінде Үкімет дәрілік препараттармен қамтамасыз ету мәселесін де шешетін болады.

Осы орайда Мемлекет басшысы коронавирус инфекциясымен күрестегі мемлекеттік органдар жүргізетін ақпараттық жұмыстың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бастапқы кезде бел шеше кірісіп, жұмысын тиісті деңгейде атқаруға тырысқан органдар кейінгі кезде тіпті босаңсып кеткен. Министрлер мен әкімдерге сөзін өткізе алмаған қарапайым халық кімге барарын, не істеу керегін білмей, сарсаңға түскен. Тіпті, www. coronavirus2020.kz ресми сайтына келетін 40 мыңнан астам сұрақтың үштен біріне ғана жауап берілген. «Теріс әрі жалған ақпараттың көптеп таралуы жұмысты одан әрі қиындата түсті» деген Қасым-Жомарт Тоқаев ақпараттық жұмыс тәсілдерін түбегейлі қайта қарауды, жауапты тұлғалардың брифингтерін ретке келтіруді және халықты індет жағдайындағы іс-қимыл алгоритмі бойынша тікелей және сапалы ақпаратпен қамтамасыз етуді тапсырды.

Әкімдер мен министрлерге бюджетті қайта қарау және қажетсіз шығындардан, конференциялардан, дөңгелек үстелдерден, салтанатты іс-шаралардан, консалтингтік және PR-қызметтерден бас тарту тапсырылғанын да айту керек. Бұл ақша эпидемияға қарсы нақты күреске бағытталатын болады.

Баға тұрақтылығы, халықтың азық-түлікке қол жетімділігі, жұмыспен қамту мен экономикалық белсенділікті қамтамасыз ету, сандық технологияларды дамыту да Президенттің назарында екенін айту керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметті шұғыл шаралар қабылдаумен қатар, ұзаққа созылуы мүмкін коронавирус індетіне дайындықты бастауға да шақырды. Осыған байланысты қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын қорғау бойынша орта мерзімге арналған ұлттық жоспар әзірлеу тапсырылды.

– Бұл – қауіпті ауру, оны емдеу үшін вакцина әлі табылған жоқ. Бірақ, үрейге бой алдырып, құқыққа қарсы әрекеттер жасауға, дәрігерлерге тіл тигізуге, санитарлық режимді бұзуға жол бермеу керек. Дәрігердің емімен қатар, адамның рухани жағдайы да ауруды жеңуге ықпал етеді. Біздің күш-жігеріміз еліміздің басты байлығы – Қазақстан Республикасы азаматтарының өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған, – деді Мемлекет басшысы.

Салтанат ІЛИЯШ.