Өзін-өзі қадағалаудың қарапайым тәсілдері
Коронавирус инфекциясы кезінде әр адамның өзін-өзі бақылауы, денсаулығын қадағалауы – маңызды. Вирус жұқтырған адамдағы алғашқы белгілер біз білетін тұмауға ұқсайды. Сондықтан, бейжай қарап асқындырып алмас үшін ауыру кезіндегі іс-әрекет жүйелі болуы керек.
COVID-19 инфекциясының алғашқы белгілері ретінде тамақтың жыбырлауы, жөтелу, дене қызуының көтерілуі болуы мүмкін. Бұл белгілер байқалған уақытта не істеу керек?
Мұндай кезде әуелі айналадағы адамдармен қарым-қатынас жасаудан бас тарту керек. Далаға шықпай, үйде болған дұрыс. Эмоционалдық және физикалық тұрғыдан тыныштық сақтау қажет. Үрейге бой алдырып немесе уайымға салынудан аулақ болыңыз. Бұл ағзаңызға кері әсерін тигізеді. Үй жағдайында өз-өзіңізге күтім жасаңыз. Үй температурасындағы жылы суды көп ішу керек. Аскорбин қышқылын қабылдаңыз немесе С дәрумені бар жеміс-жидектерді тұтыныңыз. Мәселен, таңқурай, лимон қосып шай, морс ішсеңіз болады. Алайда, ішкіңіз келмей тұрса, өзіңізді қинаудың қажеті жоқ. Бірақ, бір күн ішінде кемі бір жарым литр сұйықтық ішкеніңіз дұрыс. Бұл ретте қант диабеті бар адамдарға тәтті сусындар мен глюкозалы аскорбин қышқылын сақтықпен қолдануды ұмытпаңыздар деймін. Мұны уческелік дәрігермен кеңесіп, пайдалану керек.
Коронавирус инфекциясы белгілерінің бірі – иіс сезудің жоғалуы немесе аносмия болуы мүмкін. Егер сіз иіс сезе алмай қалып, мұрныңызда құрғақтық сезінсеңіз, бұл вирустың жоғарғы тыныс алу жолдары арқылы ағзаға енуі мүмкіндігін білдіреді. Бұл кезде ағзаның улану белгілері: бас ауыруы, бұлшықеттер мен буындардың сырқырауы көрініс беруі мүмкін. Аталған белгілер қарапайым вирустық инфекцияларға тән. Дене қызуы көтерілу салдарынан жөтел пайда болып, тыныс алудың нашарлауы да байқалады. Мұндай жағдайда тыныс алу жағдайына көңіл бөлу керек.
Аурудың қаншалықты асқынғанын анықтау үшін қадамдар арқылы қарапайым тәжірибе жасап көруге болады. Ол үшін алдын ала арақашықтықты өлшеп алу керек. Мысалы, ас үйден жатын бөлмеге дейін 40 қадам жасадыңыз делік, кері қарай тағы сонша қадам, барлығы 80 қадам жасадыңыз. Бірқалыпты қозғала отырып, минутына қанша рет дем алып, оны шығаратынымызды есептеу керек. Минутына 16-20 аралығындағы көрсеткіш тыныс алудың жақсы екендігін білдіреді. Ал, көрсеткіш одан жоғары болса, тыныс алу жүйесінде ақау барын көрсетеді деген сөз. Мұндай тестті күніне 2-3 рет жасау керек.
Тәжірибені орындаған кезде тыныс алу одан сайын қиындайтынын есте ұстау керек. Сондықтан да қадамдық тестті эмоционалдық бағалау үшін жасап, қан қысымын өлшеу керек. Қалыпты қан қысымының деңгейі әркімде әртүрлі болуы мүмкін. Дегенмен жоғары көрсеткіштері 110-139 қалыпты деп саналады.
Өзін-өзі бақылаудың тағы бір әдісі – дене қызуын өлшеп отыру. Бұл міндетті шараны қарапайым сынапты градусникпен жасаған дұрыс. Температураны таңертең және кешкісін өлшеу керек. Оның нәтижелерін арнайы дәптер бастап, соған жазып отырған жөн. Ондай дәптерді адам өзін нашар сезіне бастаған бетте бастау керек. Барлық өзгерістер туралы емдеуші дәрігерге хабарлап, сәйкесінше ем алу қажет. Ауру белгілері басылмаса, жедел жәрдем шақырған дұрыс. Өз бетіңізше ешқандай дәрі қабылдамаңыз. Әсіресе, антибиотиктерді қабылдауда тек дәрігердің нұсқаулығы бойынша әрекет еткен жөн. Денсаулығыңызға салғырт қарамаңыз. Ауырмаңыздар, ем алып жатқандарыңыз болса, тез жазылыңыздар!
Вилен МОЛОТОВ-ЛУЧАНСКИЙ,
жоғары санатты терапевт дәрігер,
профессор.