БілімРесми

БІЛІМ БЕРУ: бірқатар мәселелер талқыланды

Білім беру саласының қызметкерлері асыға күтетін тамыз кеңесі дәстүрлі жиынға айналғалы қашан. Білім саласындағы бірқатар мәселелерге арқау болған жиын биыл Zoom платформасында және Facebook әлеуметтік желісінде онлайн ұйымдастырылды. Оған он мыңнан астам адам қашықтықтан қатысты. Кездесу Saryarqa телеарнасының тікелей эфирінде және YouTube-та көрсетілді.

«ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ – ОРТАҚ МІНДЕТ»

Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек әуелі дәстүрлі тамыз конференциясының ашылуымен құттықтап, шараға қатысушыларға сәттілік тіледі. Биыл жиын жаңа форматта өтіп жатқанын айтып, қатысушыларды барынша ашық әрі еркін пікір алмасуға шақырды.

– Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласындағы бірқатар жаңалықтармен бөлісті. Президент отандық білім саласын дамытудың 8 міндетін айқындап берді. Жаңалық көп. Ақылдасатын мәселелер де жеткілікті. Ең бастысы, жергілікті билік пен ұстаздар қауымы арасында ешқандай бөгет, тосқауыл болмауы керек. Себебі, білім саласын дамыту, ұрпақ тәрбиелеу – мұғалімдердің ғана емес, баршамызға ортақ міндет, – деді өз сөзінде аймақ басшысы.

Сондай-ақ, әкім ұзын-сонар баяндамалардың, жалпылама сөздердің қажеті жоқ екенін, нақты ұсыныс-пікірлер мен тың ойлар күтетінін айтты.

ҚОМАҚТЫ ҚАРАЖАТ – ҚҰРМЕТТІ ПЕДАГОГКЕ

Жеңіс Қасымбек мемлекет пен жергілікті атқарушы биліктің білім беру жүйесіне деген ерекше назарын атап өтті. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап педагогтардың жалақысы орта есеппен 25%-ға өсті. 70-тен 100 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы шеңберінде жас мамандардың жалақысы өсті. Студентердің шәкіртақысы 25%-ға артты.

– Биыл мұғалім мамандығының беделін көтеру үшін «Қарағанды облысының білім беру саласының құрметті педагогі» төсбелгісі табыс етілетін болады. Бұл марапат үздік педагогтарға тапсырылады. Оның иегерлеріне 400 АЕК мөлшерінде ақшалай сыйақы төленеді – бұл бір миллион теңгеден астам қаражат. Бұл марапаттың бірінші иегерлері мұғалімдердің кәсіби мерекесінде анықталады, – деді облыс әкімі.

Өңір басшысы білім беру инфрақұрылымын дамыту туралы айтты. Биыл мектептер, балабақшалар мен колледждерді жөндеуге бұрын-соңды берілмеген қаражат – 16,8 миллиард теңге бөлінді. Бұл – 2019 жылмен салыстырғанда үш есе көп. Облыста 15 жаңа білім беру нысаны салынуда, оның 9-ы жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Үш мектеп апатты мектептердің орнына, төртеуі үш ауысымды оқытуды жою үшін салынатын болады. Алдағы уақытта заманауи стандартқа сай жабдықталған екі жаңа оқушылар сарайы ашылады.

Қиын-қыстау кезде қашықтықтан оқытуға шұғыл көшуге тура келді. Осы орайда ұстаздардың атқарған еңбегі орасан. Сол еңбектері елеусіз қалмай, жаңа оқу жылы қарсаңында 160 педагог ведомстволық марапатқа ие болды және 10 білім қызметкері облыс әкімінің Алғыс хатын алды.

«PISA» ОҚУШЫЛАРДЫҢ САУАТТЫЛЫҒЫН АРТТЫРАДЫ

Жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп оқушылары алғаш рет креативті ойлауға тест тапсыратын болады. PISA халықаралық зерттеулер нәтижесінде мектеп оқушыларының функционалды сауаттылығының әлемдік рейтингі анықталады.

– Мектеп бітірушілерінің функционалды сауаттылығы еліміздің тіршілік әрекетінің негізі ретінде және қоғамдық қолайлылық индикаторы ретінде қарастырылады. Мемлекеттік білім беруді дамыту бағдарламасының мақсатты индикаторларының бірі – PISA- халықаралық зерттеулер. Мұндағы мақсат – әлемдік рейтингте біздің оқушылардың нәтижесін арттыру, – деп атап өтті облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова.

Оның айтуынша, PISA-2018 қорытындысы бойынша, Қарағанды облысының мектеп оқушылары математикалық сауаттылық бойынша республикада – бірінші орын, жаратылыстану-ғылыми сауаттылық бағыты бойынша екінші орын иеленіпті. Енді әлемдік рейтингті көздеп отыр.

Келесі жылы PISA-ның негізгі бағыты математикалық сауаттылық болады. Сонымен бірге, 15 жастағы мектеп оқушыларының креативтік ойлауы сарапқа салынады. Зерттеу компьютерлік тестілеу форматында өтеді.

Сондай-ақ, Гүлсім Қожахметова балалар мен жасөспірімдердің функционалдық сауаттылығын арттыруға болатын жаңа білім жобалары туралы баяндады.

Балабақшаларда «Батыл ғылым» халықаралық білім жобасы енгізілуде. Бүлдіршіндер мектепке дейінгі дайындық тобында-ақ физика, химия, биология және астрономия заңдарының негізінде сауат ашады.

«Зейін» жобасы 4 сынып және орта буын оқушыларына арналады. Ол балаларға әр түрлі өмірлік жағдайларды шешуде айтарлықтай көмектеседі.

Мектеп оқушылары мен колледж студенттері «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен былтырдан бері бизнес және кәсіпкерлік негіздерін оқуда. Осы жылдан бастап сарапшылар мен танымал бизнесмендер қатысатын «Бизнес START» олимпиадаларын өткізу жоспарлануда.

МАМАНДЫҚ ТАҢДАУҒА ТАПТЫРМАС ТӘСІЛ

Сәтбаев қаласында мектеп оқушыларына арналған «Мансапты қалыптастыру орталығы» атты кәсіби бағдарлау жобасы іске асырылуда. Жобаға EDTECH халықаралық білім орталығы серіктес болды. Аталмыш жоба жоғары сынып оқушыларына болашақ мамандықты таңдауды анықтауға көмектеседі. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек барлық қалалар мен аудандарда осындай орталықтар құруды тапсырды.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мектеп оқушыларының қабілеттерін анықтау және кәсіби бағдарлау саясатына бейімделу қажеттілігін ерекше атап өтті. Осы міндеттерді іске асыру үшін біз EDTECH халықаралық білім орталығының бағдарламасы бойынша мектептерде кәсіби бағдарлау жүйесін жаңартуға кірістік. Бағдарламаның негізінде жоғары сынып оқушыларына арналған КАSIP отандық цифрлық кешенді кәсіптік бағдар беру жүйесі жатыр. Ол жастарды жекебасының ерекшеліктерін және еңбек нарығындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып, мамандық таңдауға бағытталған, – деді Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов.

Қалада кәсіби бағдарлау бойынша Үйлестіру кеңесі құрылды. Оның құрамына кәсіпкерлер палатасының қалалық филиалы, «Қазақмыс» корпорациясы, жұмыспен қамту орталығы, «Жастар» ресурстық орталығы, жоғары оқу орындары мен колледж өкілдері кірді.

Мектеп оқушыларына арналған «Мансапты қалыптастыру орталығы» оқушылар сарайының жанынан ашылыпты. Мектеп түлектері мен жоғары сынып оқушыларын кәсіби диагностикалау үшін екі тестілеу өткізілген. Қала әкімінің айтуынша, нәтижесінде техникалық мамандықтарға қызығушылық көп артқан.

SANA SKILLS: СЕНІМГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ

Қарағанды облысының Sana skills пилоттық жобасына қатысуы туралы SANA ғылыми-тәжірибелік психология орталығының директоры Алтынай Абдрахманова айтып берді.

– Балалар психологиясының ересектердікінен басқа екенін бәрі біледі, сол себепті көп жағдайда баланы не мазалайтынын және оған қалай көмектесетінімізді білмей жатамыз. Бұл ретте мектептегі психологтар да кішкентай тұлғаларға үнемі лайықты қолдау көрсетіп, тиісті көмек бере алмауы мүмкін. Ал, балалар мектеп бітірген соң және мамандық таңдағанда қажет болатын тұлғалық-бағдарлы тәсілге мұқтаж. Осы факторлар бізді мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды әлеуметтік-эмоциялық оқытуға арналған «SANA skills» бағдарламасын жасауға итермеледі, – деді орталық басшысы.

Төменгі сынып оқушыларына арнайы бағдарламаны елордалық екі мектеп пен Қарағандыдағы бес мектеп қолға алды. Оның пікірінше, ата-аналардың рөлін арттыру керек. Ол үшін тренингтер мен семинарлар ұйымдастырылады. Өңір басшысы екі жобаны мақұлдады және жұмыстарын әрі қарай жалғастыруды тапсырды.

– Біз оқушыларды саналы, өз бетінше мамандық таңдауға, олардың кәсіби өзін-өзі анықтауға психологиялық дайындығын қалыптастыруымыз керек. Бұл қоғамға ғана емес, ең алдымен балаларға қажет.

Мектеп оқушыларына арналған «Мансап қалыптастыру орталығы» жобасын іске асыру тәжірибесін облыстың барлық өңірлеріне тарату қажет, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Ол кәсіптік бағдар беру бойынша облыстық үйлестіру кеңесін құруды ұсынды.

ӘР МЕКТЕПКЕ «ӘКЕЛЕР КЕҢЕСІ» КЕРЕК

Балқаш тұрғыны Вадим Гранский ата-аналар ұйымының тәжірибесімен бөлісті. Ол облыстағы барлық мектептерде «Әкелер кеңесін» құруды ұсынды. Бастаманы өңір басшысы Жеңіс Қасымбек қолдады.

Балқашта әкелер кеңесі ондаған жылдар бойы қаланың барлық мектептерінде жұмыс істейді.

Мен Балқаш қаласының №4 орта мектебінің Әкелер кеңесін басқарамын. Бүгін де отбасы мен мектеп арасындағы байланыс өте өзекті. Біз мектептік және қалалық отбасылық мерекелер мен байқауларға белсенді қатысамыз. Тәрбиесі қиын жасөспірімдерге көбірек назар аударуға, оларды барлық іс-шараларға тартуға тырысамыз, – деді Вадим Гранский.

Оның айтуынша, ер адамдар кеңесіне жалғызбасты аналар да көмекке жүгінеді.

Әкелер кеңесі спорт үйірмелерін ұйымдастырады.

Балқаштың екі мектебінде «Ата-ана жұмысында 10 күн» атты жоба енгізілді. Онда оқушылар өз әкелерінің мамандығымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

«Белсенді уақыт өткізу» клубы ұйымының жоспарында әкелердің балалармен саяхатқа шығуы, оларды балық аулау, құзға шығу дағдыларына үйрету сынды тәсілдер бар.

– Біз өз тәжірибемізден тәртіптің жақсарғанын, құқық бұзушылық азайғанын көрдік. Және біздің балалардың бізбен жиі кеңесе бастағанын көріп, қуандық. Олар өз әкелерін мақтан тұтады, – деп атап өтті Вадим Гранский.

Ол әкелер кеңесі әр мектепте болуы тиіс деп санайды.

– Өте жақсы бастама. Әкелер беделін қалыпқа келтіру керек. Мықты ер адамның қатысуынсыз тәрбиеде кемшілік болады. Менің ойымша, бұл тәжірибені облыстың барлық мектептері игереді. Бұл оң нәтиже әкеледі деген ойдамыз, – деп өз ойын білдірді аймақ басшысы.

«ҰРПАҚ БОЙЫНА ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ СІҢІРУ ҚАЖЕТ»

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрсахан Бейсенбекова білім беру жүйесі бойынша бірқатар жобаны жүзеге асырды. Белгілі ұстаз «Өнегелі өмір» жобасын, «Бір отбасы – бір кітап» акциясын, «Ұлы Дала мұрагерлері» жобасын облыс мектептеріне енгізу керектігін ұсынды.

– «Балам дейтін жұртым болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын» деген Ахмет Байтұрсынұлының сөзі бар. Жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруміз керек. Сондай-ақ, «Тұлға тағылымы» атты арнайы бағдарлама жасап, балалардың бойына жігер сыйлайтын тұлғаларды үлгі ету керек, – дейді Нұрсахан Бейсенбекова.

Сондай-ақ, кеңесте қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру және білім сапасын арттыру мәселелері де талқыланды. Қалалық және ауылдық мектеп оқушыларына арналған жаңа білім жобалары ұсынылды.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button