БілімРуханият

Тұлғалар есімі – төрде

Облыстағы бірқатар білім беру мекемесі мен мәдениет ошағына қазақтың біртуар тұлғаларының есімі берілді. Бұлардың қатарында Теміртау қаласы, Бұқар жырау және Жаңаарқа аудандарындағы мекемелер бар.

Сонымен, ел Үкіметінің Қаулысымен Теміртау қаласындағы №15 қазақ мектеп-гимназиясы – Әлихан Бөкейханның, №23 мектеп-лицейі – Бауыржан Момышұлының, Бұқар жырау ауданындағы №1 қазақ тірек мектебі (ресурстық орталық) – Сұлтанмахмұт Торайғыровтың және Жаңаарқа ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі Сәкен Сейфуллиннің есімін иеленді.

Бұдан бөлек, Бұқар жырау ауданындағы жеті мектептің атауы өзгерді. Яғни, Центральный орта мектебі – Сәбит Мұқанов атындағы орта мектеп, Новоузенка жалпы білім беру орта мектебі – Мәшһүр Жүсіп атындағы жалпы білім беру орта мектебі, Кузнецкий жалпы білім беру орта мектебі – Жүсіпбек Аймауытұлы атындағы жалпы білім беру орта мектебі, Ленин жалпы білім беру орта мектебі – Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы білім беру орта мектебі, Петровка жалпы білім беру орта мектебі – Әлкей Марғұлан атындағы жалпы білім беру орта мектебі, Гагарин орта мектебі – Талғат Бигелдинов атындағы орта мектеп, Елтай жалпы білім беру орта мектебі – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы жалпы білім беру орта мектебі болып қайта аталды.

«Тәрбие басы – талбесік» деген. Патриот азаматтар тәрбиелейміз десек, мектептен бастаған жөн. Ұрпағымыз Алаштың арда ұлдарының өнегесіне қарап, бой түзесе, өшкеніміздің жанғаны емес пе?!

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Басқа материалдар

Back to top button