БаспасөзПікірлерРуханият

Әскери журналистиканың әлеуетін арттырсақ

Әскери Бұқаралық ақпарат құралдары дегеніміз – бұл маманданған, әскер қызметінің спецификалық жағдайларында жұмыс жасайтын, әскерилердің қоғамдық көзқарасын, саяси пікірін, әлеуметтік рөлін қалыптастыруға әсер ететін, Қарулы Күштердің күнделікті тұрмысын бұқара халыққа насихаттайтын, патриотизмді дамытуға бірден-бір ықпал ететін Бұқаралық ақпарат құралдары жиынтығы екенін білеміз.

Журналистикада әскер тақырыбы деген тек соғыс уақытында ғана қолданылады, бейбіт заманға әскери журналистика ұғымы жат деген жаңсақ пікір бар. Әскер саласы мемлекетті құраушы басты күштің бірі, бірі емес бірегейі. Мемлекетті заңсыз, қоғамсыз елестету мүмкін емес сияқты әскерсіз де елестету қиын. Бір елдің қауіпсіздігі мен тұтастығын қамтамасыз етіп отырған сала әскер болғандықтан, оның өз баспасөзі мен радиосы, тіпті телеарнасы болуы да заңды. Сондықтан, әскери журналистика тек соғыс уақытының ғана журналистикасы емес. Әскери сала мамандарының жұмысымен халықты таныстырып, елдегі әскери өмірді тілге тиек етіп жүрген БАҚ-ты әскери-салалық БАҚ деп айтуға толық негіз бар.

Осы орайда елдегі өңiрлiк қолбасшылықтар мен қорғаныс iстерi департаменттерiнде баспасөз қызметтерi арнайы жұмыс істейді. Қорғаныс министрлiгiнің баспасөз орталығы бар. Және «Сарбаз» газетi, «Айбын» журналдары жарық көреді. Ал, енді өзіміздің Қарағанды өңіріне келсек. Ұлттық ұлан 6505 әскери бөлімшесі күнара жауынгерлік міндеттерді орындайды және кәсіби мерекелерде іс-шараларды үнемі ұйымдастырып тұрады. Сол шаралардың ақпаратын Instagram парақшасы және Youtube каналы арқылы nікелей эфирге жария етеміз. Және сол өткен іс-шаралар, атқарылған жұмыстар, әскердің тыныс-тіршілігі жайлы дүниелерді жүйелеп, «Қалқан» газеті мен «Бүркіт» журналына үзбей жариялап отырамыз.

Өзім Ұлттық Ұлан 6505 әскери бөлімінде жауапты қызметтемін. Журналистермен жиі кездесемін. Бірақ, дәл осы саланы қаузап жазатын журналисті әлі кезіктіре қоймадым.

Көптің көзайымына айналған «Айбын» әскери бағдарламары секілді дүниелерді облыс арнасында жаңғыртсақ деген ұсыныс бар.

Ал, газет-журналдардан арнайы тілші алдырып, әскери терминдерді оқытып, даярласақ кәнігі маман шығатыны белгілі. Репортаждар әзірлеп, оқырман назарына ұсынсақ, ұтымды болар еді. Осы мәселені қолға алсақ деген ой. Тек, өзіміздің газет-журналда ғана шектелмей, әріптестік байланыс орнатсақ деген ойды ортаға салғым келеді…

Бақтияр ӨТЕУЛИЕВ,

Ұлттық Ұлан 6505 әскери бөлімінің клуб бастығы, капитан.

Басқа материалдар

Back to top button