БаспасөзРуханият

Ой бөліссек деп едік…

Басқа бұқаралық ақпарат құралдары өз алдына, біздің аймағымыз үшін «Орталық Қазақстан» газетінің орны қаншалықты маңызды екендігі белгілі. Алуан түрлі өзгерістер, қоғамдық құрылымдардың жаңаруы, күнгейі мен көлеңкесі қабаттасып жататын мына Өмір атты керуен-көшке бізбен бірге «Орталық» та куә болып келеді, насихаттап келеді, бағасын беріп келеді. Біз – жаһандану әлемінде жоғалып кетпей, ұлттық код – тілің, ділің, дініңнің жаршысы болып жүрген осы жалғыз газетіміздің оқырманы ғана емес, жанашырымыз да. Бүгін осы басылымның мазмұн тереңдігіне, уақыт талабына сәйкес, өзіндік ізденіс ерекшелігіне қатысты ой бөліспекпіз…

«Орталықта» біліктілігі жоғары журналистер қызмет істейді. Осы бұрынғы дара дәстүрге жаңашылдық элементтерін дарытты.

«1001 сауал» – қоғамдық-әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерді көрсетуімен, «Анықтама бұрышы» – түрлі сауалдарға жауап беруге тиісті мамандарды тартуымен, «7 күн: қысқа-нұсқа» – басты оқиғаларды ықшамдап, түйіп беруімен, «Жаһан жаңалықтары» – әлем жаңалықтарын тізгін ұшынан хабардар етуімен, «Баған» – түрлі мамандардың өзіндік оқшаулау пікірлерін жариялауымен көңілімізден шықты дегенді баса айтқымыз келеді. Сондай-ақ, қазақша оқып, латынша жазу мәселесінде тілдерді дамыту басқармасымен бірлескен жұмыс, «Жәдігерлер сөйлейді» айдары және тағы басқалары ізденіс ілкімділігін аңғартады.

Біз, яғни, мақала авторлары алдымыз жарты ғасыр, кейінгіміз отыз жыл «Орталықтың» оқырманымыз, қызмет бабымен ел ішінде, ауылдарда жиі боламыз, жұртшылықтың пікірін естиміз. Демек, бұл біздің ғана емес, қалың оқырманның пікірін де ескергеніміз деп қабылданса, болғаны. Қазір ақпараттар ағыны селдей қаптаған заман, ұшқыр интернет, теледидар, қалта телефонымен қатар басқа да құрылғылар күн сайынғы жаңалықтарды жылдам жеткізеді. Ол өзгерістердің астарында не жатыр, бұрынғы бірқалыпты ағынмен келе жатқан мына әлем неге ғаламат өзгерістерге (асыл дініміз Исламды жамылған түрлі ағымдар, лаңкестік, содырлар қылығы, COVID-19, әлемді жайлаған қаржы-экономикалық дағдарысы, «қара алтын» төңірегіндегі дау-жанжалдар,экология зардаптары, үстемдік үшін күрес, тепе-теңдіктің бұзылуы, «ИГ» (Ислам мемлекеті) және тағы басқалары) ұшырауда? Сол мұнай төңірегіндегі жанжал неден туындады? Дағдарыс дегеннің артында кімдер мүдделі болып отыр? «ИГ» (Ислам мемлекеті) дегенді құрушылар кімдер? Нендей саясат жатыр? Жұртшылық көп нәрседен хабардар. Оларды ақпараттан гөрі, сараптамалық дүниелер қызықтырады. Содан болса керек, шама-шарқынша күрделі сауалдарға ойлы жауап іздейтін Қызғалдақ Айтжанованың өрелі мақалаларын асыға күтеміз. Жастар арасынан кәсібилік сипаты басым журналистердің мықты легі өсіп келеді. Киелі өнерге жататын әдебиетті құрметтегендіктен аз жазса да сыршылдығымен дараланып тұратын Ахаттың, ағыл-тегіл көсілетін Ілиястің, лиризмі ұшқырлығымен ұштасатын Жәнібектің поэзиясы кедергіге тап болмаса екен деп тілейміз. Тарихқа сусап жүретін адамдар Ерғазы Төлеудің мақалаларына ынтық болып отыратынына көзіміз жетті.

Сондай-ақ, әдебиетке бейімі бар жандар үшін арнайы айдар ашылуы да құптарлық жағдай. Қазір нарық заманы. Үлкен дүниелерді ақылы ету де маңызды. Шерхан Мұртазаның журналист еңбегін «Арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деп, қасиетті ойсылқараның бейнетіне теңегені бар-тын. Журналист те пенде. Көп ретте оттың өтінде жүреді. Сәл мүлт кетсе, тез көзге түсіп, түрткі көретіні де рас.

Газет – бір адамның меншігі емес, көптің қызметшісі. Мұны да дұрыс пайымдау – парыз.

Аптасына үш рет шығатын газеттің ақпарат берумен ғана шектелмей, қоғамдағы аса өзекті мәселелерге көбірек орын беретіні жақсы ізденістерге алғышарттар жасауда. Тек, кейбір материалдың тым ұзақ болуы, тамсану элементтеріне бой ұруы, дәйекті, нақты ойдан алшақ қонуы көңілге аздаған кірбің ұялатады. Материал тым көп, түсінеміз, алайда, қоғамдағы ең күрделі мәселелер бойынша жауапты адамдарды қатыстырып, пікір алмасатын дөңгелек үстелдер ұйымдастырылса деген ұсынысымыз бар. Жасыратыны жоқ, бақиға аттанған адам ықпалды болса, сол жөнелтуде көзге түсіп, басқаға бара бермейтін, яғни, өліктің өзін таңдап баратын дін өкілдерінің бары рас қой. Соған жауапты адамдар түсінік берсе, жөн болар еді демекпіз.

Енді бізді ғана емес, баршаны толғантатын жайттарға тоқталайық. Кешегі кеңестік тоталитаризм тұсында коммунистік идеология өз дегеніне жету үшін қаржы аяған жоқ, түпкі мақсаты ұлттық сананы бұғауда ұстау болатын. Ал, қазір ше, тәуелсіздік таңымен жаңғырған санамыз қандай деңгейде? Неге ұлттың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жүрген жалғыз газетіміздің таралымын қазіргіден де арттыруға мүдделі болмаймыз? Түрлі акциялар өткізу, қаражаты мол кәсіпорындар мен компания басшыларына өтініш айтып, оқырмандармен жер-жерде кездесулер ұйымдастыру қажет деп санаймын. Айналып келгенде, баспасөзге жазылу науқаны сайын атқарылатын шаралар. Кейбір мекемелер мен жеке адамдар жарты жылға ғана жазылады. «Қазағым», «ұлтым» деп кеуде керетіндер ұлт патриоты екені рас болса, әрқайсысы бес адамды жаздыруға сөзі өтпей ме, құдіреті жетпей ме? Бертінде құрылған «Saryarqa aqparat» ЖШС басшысы біліктілігі, тәжірибесі молдығымен, зияткерлік өре-деңгейінің биіктігімен жағдайды жақсартуға күш салады деген ойдамыз. Алайда, жаңа құрылымға қалың жұртшылықтың қолдауы керек-ақ. Жаһандану жайлап алған мына заманда жаңа технология құралын, тың аспап-жабдықты өзгеден сатып аларсың, ал, ұлтыңның өзіндік болмысын сақтап қалар қайрат-жігерді қайдан аласың?!

Ендеше, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ұлттық Рух пен Намысқа тіреледі екен. Ендеше, бұл – әрқайсымызға ерекше сын! Сол сыннан сүрінбей өту – шарт!

Мәуен ХАМЗИН,

профессор.

Азат БАБАШЕВ,

доцент.

Басқа материалдар

Back to top button