“Нұр Отан” – қуатты ресурс
Қарағандылық нұротандықтар Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жүзеге асыру бағытындағы міндеттер мен жоспарларды талқылаған XXX есептік-сайлау конференциясын өткізді. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының бұл конференциясына аймақтың әр өңірінен 120 делегат шақырылыпты. Жолдаудағы тапсырмалардың жүйелі іске асуы үшін қандай қадамдар жасалуы тиістігін сараптаған мәслихатта партияның рөлі және бір нақтыланды. Конференцияға «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Илья ТЕРЕНЧЕНКО қатысты.
Облыс әкімі Ерлан Қошанов партияның аймақтың дамуындағы маңызы мен мәніне тоқталды. Партия филиалының Жолдаудан туындаған тапсырмаларды орындау үшін қандай қадамдар жасауы тиістігін айқындап беретінін атады.
– Бұл – өте маңызды жиын. Маңызды дейтін себебіміз, біз бүгін партияның атқарған жұмысы туралы есеп беріп қана қоймай, мақсаттар мен міндеттерді бірге айқындаймыз. Есептік-сайлау конференциясы еліміздегі ең ірі саяси оқиғалармен тұспа-тұс келіп тұр. Елбасымыз атап айтқандай, еліміз жаңғыру жолына түсті. Бұл өзгерістерден «Нұр Отан» партиясы, әрине, тысқары қалмауы тиіс. Елбасының Жолдауы стратегиялық құжат ретінде әрбір қазақстандықты қамтиды. Ендігі міндет – Жолдауды жұдырықша жұмылып, жүзеге асыру, – деді Ерлан Жақанұлы.
Атап өткен абзал, соңғы жылдары партия белсенді. Тиімділігі артты. Ең бастысы, тұрғындардың қарым-қатынасы өзгерді. Бұл – қазір тек билік партиясы ғана емес, ол – нақты іс-әрекет партиясы. Оның басты ілгерілетуші күші – бастауыш партия ұйымдары. Ал, бастауыш партиялық ұйым санының көптігі бойынша Қарағанды облысы алғашқы орында. Дәлірек айтсақ, «Нұр Отан» қатарында 110 мыңнан астам адам бар. 525 бастауыш партиялық ұйым құрылған. Қарағанды облысында партияның қанатқақты 10 жобасы жүзеге асырылуда.
– Біз ауылдарда цифрлау жүйесін енгізуге қатысты өзіміздің қажеттіліктеріміз бен мүмкіндіктерімізді сараптап көрдік. Үш деңгейлі дайындықты анықтадық. Бірінші деңгей – «Балаларға арналған тегін IT-сыныптар». Бүгінгі таңда аймағымызда 64 IT-сыныптар ашылған, онда 1600-ден астам балалар оқып жатыр, – деп мәлімдеді облыстық филиал төрағасы. Сонымен қатар, мамандандырылған орталықтар мен ЖОО базасында IT-мамандарды даярлау басталған. «Мектеп спорт алаңдары» жобасы бойынша облыста қазірдің өзінде 7 корт ашылды, оның 5-і – ауылда. Алдағы уақытта олардың қатары толыға түседі деп күтілуде. Партия азаматтардың әлеуметтік проблемаларын қоғамдық қабылдаулар арқылы шешуге көмектесуде. Тек соңғы екі жылдың ішінде ғана оларға 12 мыңнан астам өтініштер келіп түскен. Партияның облыстық филиалы Демократиялық күштер коалициясы, «Мирас» аймақтық кеңесінің, «Еркін пікір» ойталқы клубының диалогтік алаңына айналды. Нұротандықтар Елбасының Бес әлеуметтік бастамаларының жүзеге асырылуын қадағалау бойынша Қоғамдық кеңес құрған. Сондай-ақ, «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларының жүзеге асырылуы да партиялық бақылауға алынған. Конференцияға қатысқан «Нұр Отан» партиясының хатшысы Илья Теренченко партиялық жобаларды жүзеге асыруда қарағандылықтардың еңбегін атап өтті.
– Елбасы тапсырғандай, жастар мен жас отбасылар заманға сай пәтер алуы тиіс. Біз партия тарапынан бұл үрдісті қадағалаймыз. Әрі осындай мемлекеттік бағдарламалар арқылы берілетін тұрғын үйлерді көбейтетін қандай да бір жүйе құруымыз керек, – деді партия хатшысы. Сонымен бірге, халықтың жағдайын жақсарту мақсатындағы барлық бағдарламалардың сапалы орындалуы партия тарапынан жіті қадағалануда. Конференция делегаттары Саяси кеңес және бақылау-ревизиялық кеңестің жаңа құрамдарын сайлады. Саяси кеңес бюросының құрамына 11 адам бекітілді. Белсенділерге партияны дамытуға сіңірген еңбектері үшін марапаттар табысталды.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»