РуханиятТұлға

Күрсініспен оқылған естелік

Қолымда біртуар академик Евней БӨКЕТОВ туралы естеліктер кітабы. (Алматы, «Білім» баспасы, 2012 жыл). Ұлы адам туралы, ұстазы туралы бір кездегі шәкірті, кейіннен рухани іні-досы бола білген жазушы Медеу СӘРСЕКЕНІҢ «Ұстаз тағылымы және ол не үшін қудаланды?» (74-163 беттер) атты күрсініске толы естелігін маған да күрсініспен оқып шығуға тура келді.

Иә, бәрі де күні кешегідей көз алдымда…

Университеттің ІV курсын аяқтап жатқан кезіміз. Оқу ордасы өсек-аяң, гу-гу әңгімеге толы. Ректорымыз туралы мәнсіз алыпқашпа әңгімелер қаптап кетті.

Лекция оқығанда аудиторияда қалықтап жүретін ұстазымыз, XIX ғасырдағы орыс әдебиетінен дәріс беретін Таисия Тимофеевна Савченконың кезекті сабақ үстінде қынжыла айтқан әңгімесі әлі құлағымда. Рощин деген бір ғалымсымақтың «Казправдада» жарияланған шалажансар мақаласы туралы ашына әңгімеледі. Сабақ жайына қалды. Үлкен жүректі орыс әйелі Ұлы Қазаққа араша сұрағандай әсерде болдық.

Шәт-шәлекей болып, құрбақалар Евней ағаның «Менін» іздеуге кіріссе керек. Мықтап кіріскен. Құдайым-ау, бұл дегенің қып-қызыл жала ғой! Неге дерсіз? Есімі әдеби ортаға енді таныла бастаған қарағандылық жас ақын, марқұм Дәуітәлі Стамбековтің шығармашылық кешін академик Евней аға өзі ұйымдастырып, өзі осы кешті жүргізгенін мына біздер өз көзімізбен көрген жандармыз. Шығармашылық жастардың шынайы жанашыры, шын қамқоры еді ғой. Әйтпесе, айтыңыздаршы, атағы сол кездері Одақ көлемінде дүркіреп тұрған ғұламаның «Мені» сықиып тұрса, жас ақынды көзіне ілер ме еді?! Тіпті, аяғын әпіл-тәпіл басып келе жатқан балауса ақын, бір топта оқыған Қуат Сыздықовқа өзінің «Атан қомында туған адам» деген еңбегіне қолтаңба жазып бергеніне куәмін. Сол еңбегі (неге екені белгісіз), сол қолтаңба менің қолымда қалып қойыпты. Қазір үйімдегі шағын кітапханамда тұр.

1975 жыл. Айым оңымнан туып, Алла Тағала жар болып, жасым отызға қараған шағымда күндізгі бөлімнің «балалы-шағалы» студенті атанып шыға келдім. Несін жасырайын, бір кездері Ақмола педучилищесінде бірге оқыған, бір бөлмеде жатқан, сол күндері ҚарМУ-дың «месткомының» төрағасы Жеңіс Серғазин менің студент атануыма мол әсерін тигізді.
Беу, дүние-ай! Бұл күндері Жеңіс дос та бақилыққа аттанған!

Ол жыл «Селен мен Өлеңді» қатар өргізген Евней аға Бөкетов 50-ге келіп жатқан жыл емес пе?!

«Елуге достар Евнейдей болып келіңдер,

Елуде бәрің Евнейше есеп беріңдер.

Ұрпақпен бірге жалындай берсін жүректер,

Ұрпақпен бірге көгере берсін көңілдер», – деп Әбділда ақынның аға жүрегінен жыр төгілген жыл еді ғой.

«Еңсегей бойлы Ер Евней» деген мақаласын досына адал жүрегін ақтара жазған әдебиет майталманы Зейнолла Қабдоловтың жан сыры «СҚ»-да жарияланған жыл еді – бұл 1975.

Гоголь, 38. Бас корпус. Күз айлары. Сағат таңғы 7:15. Есіктің алдына әдетте ректордың ақ Волгасы келіп тоқтайды. Плащының етегі шұбатылыңқырап Евней аға түсіп жатады күлімсіреп. Үлкен де аялы көздері әркез дымқылданып тұратын. Иә, бір түрлі жасаурап тұратындай көрінетін маған.

Ал мен байғұс таңғы шайымды шала-пұла ішіп, үлкен адамды жақыннан көру үшін күнде таңертең бас корпустың дәлізінен табылатынмын.

Алабұртып тұрған жастан да асып кеткен шағым ғой. Жас болса 29-ға толып, үш баланың әкесі атанған кезім. Әрі бас корпуста оқимыз. Бір семестр осылай әлекке түскенім бар.

1975 жыл. Евней Бөкетов академик атанған жыл. СССР Мемлекеттік сыйлығын иеленген жылы. Осындай жанның басшылығындағы оқу орнында оқу әркімнің-ақ арманы болғаны – дау туғызбас шындық. Әрқайсымызды мақтаныш сезімі билейтін. Қол астындағылардың тағдырына араласуға әркез дайын тұратын. Қаншама жас ғалымдардың аяқ алыстарын байқап, үлкен ғылым жолына шығуларына көп көмегі тиген жан. Бір кездері мен де ол кісінің шарапатын сезінгенмін. ІІ курстың қысқы сессиясы. Оқуым жақсы. Бірақ, қаражат жағынан қысылып жүрмін.

Сыртқы бөлімге ауысуға «белді бекем буып» жатқан жағдайым бар. Өтінішіме декан қол қоймады. Ректорға баруға тура келді. Зайыбым жұмыссыз. Менің тамағымды дайындап, кішкентайларға қарайды.

Евней ағаның алдында отырмын. Асықпай тыңдады. Жағдайыма әбден қаныққаннан кейін, көмекшісін шақырып, ректор қорынан үш стипендия көлемінде қаражат бөлу туралы нұсқау берді. Кейіннен белгілі болғандай, кішкентайларымның балабақшаға орналасуына үлкен басымен сол кісі араласқан екен.

Кезінде осы абзал азаматтың қайдағы «Менін» іздеп, көрсоқырлар азапқа түсті. Ақыры, өлтіріп те тынды. Ал, Мәскеу ғалымдары аһ ұрып, ғалымды артынан іздеп қалды. Қай заманда да Батыраш-Қотыраштар тыныш жүре ме?!

Өткеніңе кейде өкінішпен қарауға тура келеді. Қолдан келер не бар? Айналайын ағажан елу сегіз-ақ жасап, бақилық мекеніне кете барды.

Бүгінде кісілік пен кішілікті іздесем, Евней аға еске түседі. Тектілік пен ірілікті іздесем, Евней аға түседі еске. Ағалықтың ақжайлауын іздесем, неге екенін қайдам, үлкен көздері үнемі дымқылданып, жан-жағына шуағын шашатын селен мен өлеңді қатар өргізген еңсегей бойлы ер Евней тұлғасы «Мен мұндамын» деп тұрғандай көрінеді.

Тілеубек ЫСҚАҚОВ,

ҚР білім беру ісінің озық қызметкері.

НҰР-СҰЛТАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button