Абайдың ақылы

Әлеуметтік желіні ақтара қалсаң, «Пәленше науқас», «Түгенше қайтыпты» деген көңілсіз хабарларға кезігесің. Телефоны құрғырға телмірмей-ақ қояйын дейсің, заманың осы болса, амалың қанша?!

Күллі дүниенің жүгін арқалаған адамдай жұмыстан соң теңселе басып үйіңе қайтасың. Осындай бір ойдың орманында келе жатыр едім, алдымнан көршім шыға келіп: «Ассалаумағалейкүм! Жақсы жаңалық бар. Жалғыз қызымызды ұзатқалы жатырмыз. Қызық-қуанышқа ортақ бол…» – деді. «Бағы ашылсын! Әлбетте, тойдың болғаны дұрыс. Енді, мына індеттің беті қайтсын. Содан кейін…» – дей беріп едім, түрі бұзылып сала берді. Ренжіген кейіп танытып, теріс бұрылып кетті…

Қанымызда көңілжықпастық деген бұғып жатыр ғой. Біреу бұртиып, қит етсе құлағы қылтиып шыға келеді. Оны жасырып-жаба алмайсың. Қазанның қақпағын ұстамасаң да, қазасына қатысып, төбе көрсетуді міндет санайсың…

Жасырын түрде, тіпті, есікті іліп алып той тойлап жүрген ағайын-туысты көргенде, не жыларыңды, не күлеріңді білмейсің. «Ұрлығы» әшкере болып, той иесі мен тойхана қожайынының сыбайластығы сыр беріп қойып жатады. Осындай парықсыздық кімге керек? Той деп жүргенде топалаңымыз шықпасын. Зардабымызды жақынымызға тигізіп, бармағымызды тістеп қалмайық. Ертеректе біреудің «тоқал алам деп жүргенде тоңқалаң асыпты» деген қыжыртпасы елге тарап еді. Қателікті қазбалап қайтеміз. Сөзіме тұздық болсын деп мына мысалды келтіргенді жөн көрдім:

– Бұл қалаға жаман науқас кепті.

– Құдай ұрған іш ауруы.

– Ар жақ-бер жақтан күнде әлденеше адам өліп жатыр.

– Мәлік келгендей. Шыбындай қырылып жатыр.

– Аты не дейді? Адам естімеген қу науқас бір. Жұрт қашып жатыр қаладан…

Бұл – «Абай жолы» романынан алынған үзінді. Мен «Абай жолын» талдап-жіліктегелі отырған жоқпын. Мазмұнында Сармолла деген имам жиналған жұртшылықтың алдына шығып, Абайдың айтқандарын жеткізді деген жері бар. «Қаза болған адам үйіне, жаназаға мүмкіндігінше халық аз жиналсын. Мәйіт шыққан үйге көп адам келіп-кету болмасын. Ол үйде ас ішу, халыққа тағам тарату, жетісін, қырқын беру уақытша тоқтатылсын». Бұл – Абайдың ақылы.

Дәл қазіргі уақытта өз үйіңнен артық жер де жоқ, одан асқан ем де жоқ.

Аман болайықшы!

Абай ОРАЗ,

ақын.