Бас тақырыпЖаңалықтар

“Цифрлы Қазақстан” – жастар игілігінде

«Ақылды технологиялар» арқылы бәсекеге қабілетті экономиканы дамытып, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту жаһандық трендке айналды. Осы орайда бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылу үшін қоғам мен өндірісті жаңартып, заманауи технология әлемінен тысқары қалмау мақсаты көзделген. Әсіресе, табысты бастауға барлық жағдай бар дейтін жастар арасында «Цифрлы Қазақстан» кең қолдауға ие болуда. Осы орайда ҚР Ақпарат және коммуникация вице-министрі Дарын ТҰЯҚОВ Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің студенттерімен кездесті. Вице-министр Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында айтылған сандық жүйеге өтудегі тың жобалардың университет аясында орындалу барысына көңіл бөлді.

Дарын Тұяқов Елбасының Жолдаудағы «Ең алдымен, «болашақтың экономикасының» баламалы энергетика, жаңа материалдар, биомедицина, үлкен деректер, заттар интернеті, жасанды интеллект, блокчейн және басқа да бағыттарын ілгерілетуді қамтамасыз ету қажет. Еліміздің жаһандық әлемдегі орны мен рөлі келешекте нақ осыларға байланысты болады» деп атап өткенін тілге тиек етті. Осы жолда университеттің инновациялы жастарын жаңа жобалар ойлап тауып, ізденуге шақырды.

– «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруда 4 бағыт бар. Бірінші бағыт – ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру. Екінші бағыт – экономиканың салаларына (көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда) цифрлы технологияны енгізу. Үшіншісі – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру және төртінші бағыт – IT мамандарды даярлау.

Қазіргі таңда цифрлы технология білім беру саласында кең қолданысқа енді. Электронды күнделік арқылы педагогтар атқарған жұмыстарының есебі мен жоспарларын қағаз күйінде емес, электронды үлгіде тапсыра алады.

– Студенттер де ұялы байланыс, телекоммуникация, сандық ТВ, кеңжолақты интернет, ақпараттық технологиялар секілді маңызды тақырыптардан хабардар болып жүруі тиіс. IT, медиа саласындағы өзекті тақырыптарды талқылауда замана көшінен қалмаған жөн. Сіздерде барлық мүмкіндік бар, – деді Дарын Тұяқов.

Вице-министр, сондай-ақ университеттің инновациялық жобалар көрмесімен, ҚарМТУ-Шнейдер электротехникалық орталығымен, Қар МТУ-ФЕСТО, ҚарМТУ-Mitsubisi Electric Research Centers Kazpromavtomatika және зертханалық жоғары оқу орындарымен танысты. Экскурсия соңында ҚарМТУ-дың құрметті профессоры Н.Назарбаев атындағы мұражаймен танысты.

ҚарМТУ студенттерімен, магистранттарымен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесу барысында «Digital Kazakhstan» (Цифрлы Қазақстан) мемлекеттік бағдарламасының орындалуы барысы жөнінде баяндап, министрлік жоспарлаған іс-шаралар кешеніне ерекше назар аударды.

Вице-министрдің айтуынша, «Digital Kazakhstan» жұмысы инфрақұрылымды дамыту, адам капиталын жетілдіру, экономикалық секторларды цифрлау және мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру бойынша қарқынды жұмыс жасайды. Сандық жүйедегі ерекше әрі пайдалы жобалар түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржыландырылатын болады.

Бағдарламаның бағыттарының бірі халықты және бизнесте халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған сапалы және қолжетімді мемлекеттік қызметтермен қамтамасыз ету болғандықтан, осы бағытта бірқатар шараларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.

 Сондай-ақ, вице-министр жиында кеңжолақты интернеттің сапасы мен қолжетімділік мәселесі, 5G байланысын енгізу жолдарын талқылады. Astana Hub-ның IT саласындағы халықаралық технопарктерінің қызметі туралы әңгімеледі. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жоба аясында әлемдік деңгейдегі IT мамандар жұмыс жасайды. Astana Hub жаңа идеяларды, технологияларды, цифрлы шешімдерді, сондай-ақ шетелдерде IT жобалармен айналысатын талантты қазақстандықтарды жинайтын болады. Осы орайда халықаралық олимпиадалар мен конкурстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүрген ҚарМТУ-дің жастары да бұл үдерістен тыс қалмауы тиіс. Өйткені, технопарктер қызметі арқылы виртуалды шындыққа, жасанды интеллектке қызығушы жастар өздерінің бастаушы жобаларын ұсыну арқылы қолдау табатын болады.

Аяулым СОВЕТ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button