Баған

Балаңыз – аманатыңыз

Ана мен бала денсаулығын сақтау – денсаулық сақтау жүйесінің ең маңызды міндет-мақсаттарының бірі. Сау нәрестенің дүниеге келуі – бұл үлкен қуаныш және әр отбасы үшін жауапкершілік.

Бірден статистикаға сүйенсек. Өткен жылғы есеп бойынша елімізде жүкті әйелдердің 20%-ның ғана денсаулығы жақсы, қалған 80%-ның денсаулығында ақау бар. Мұның басты себебі – жүкті әйелдердің дер кезінде дәрігерге қаралмауы. Немқұрайлы қараймыз. Осының салдарынан 2019 жылы Қарағанды облысында 9 ана өлімі тіркелді. Оларда созылмалы ауру белгілері бар. Мәселен, қант диабеті, қан қысымының гипертензиялық және жүрек қан тамырларының аурулары. Одан да басты кесел – жауапкершілікпен қарамау. Ана болудың алғышарттарынан бейхабар болу.

Ең бастысы құрсақ көтерер алдында әйел өз денсаулығын бақылауға алғаны дұрыс. Шет елдерде екі жас алдын ала екі жақты дайындық жұмыстарын жүргізеді. Яғни, ағзаларын ретке келтіріп, түрлі тексерістен өтеді. Оларға бұл қалыпты үрдіс. Ал, біздің қоғамда мұндай түсінік бар деп айту қиын. Сәйкесінше, дүниеге сау бала әкелу үшін әр қыз-келіншек жүктілік алдында денсаулығын арнайы медициналық тексерістен өткізіп, жүктілікті дұрыс жоспарлап, мүмкін болатын асқынуларға жол бермеу қерек. Былай қарасаңыз, балаңыз – сіздің аманатыңыз. Осыған ерте әрі баса мән беру керек.

Әрбір болашақ ана уақытылы дәрігерлік тексеруден өтіп, анықталған экстра-генитальды аурулар болса, яғни, жүрек-қан тамыр жүйесінің, бүйрек пен бауыр және басқа да ағзаларда кездесетін ауру түрлері болса оларды емдетіп, білетін дәрігерлерден кеңес алу керек.

Кеңес беру соңында біз болашақ ата-аналардың жалпы денсаулығы және олардың таңдаған өмір салты аналар денсаулығы мен балалардың өміріне, созылмалы аурулардың өршуіне ықпал етеді деген қорытындыға келдік. Салауатты өмір салты ол зиянды іс-әрекеттерден (мысалы, темекі шегу, заңға қарсы есірткі шегу, арақ ішу және тағы басқа ісәрекеттерден сақтанбау) бас тарту және дұрыс тамақтану, физикалық белсенділік. Болашақ ата-аналар денсаулығына байланысты мәселелер болса скринингтік тексеруден өтулері керек. Егер осындай мәселе болса, ана мен жаңа туылған нәресте денсаулығын жақсартуды қамтамасыз ету үшін дұрыс диагноз қоюы, емдеу курсынан өтуі керек.

«Ана» деген үлкен атқа ие болған әйел затының алдында өскелең ұрпаққа деген жауапкершілік болуы қажет. Ана денсаулығы бүгінгі заманның көкейкесті мәселелерінің бірі. Халқымызда «Ана – мақтан, ана – жыр, Ана – бақыт, жанашыр» деген сөз бар емес пе? Бұл сөздің құндылығын жоймай, болашақ аналарымыз дендерінің сау болуына өздері де үлкен үлес қосып отырғаны жөн. «Ана» деген ардақты атқа ие болған келіншектер, ақ жаулықты әжелеріміздің атына кір келтірмей денсаулықтарына немқұрайлы қарамауы тиіс. Ана денсаулығының мықтылығы, елімізге дені сау, мықты ұрпақ әкелері белгілі.

Айнагүл БАЛМАҒАНБЕТОВА,

Қарағанды қалалық №5 емхана директорының орынбасары.

Басқа материалдар

Back to top button