Шындықтың шежіресі

Дәл осындай жағдай Кеңес билігі кезеңінде қазақ халқының да басына түскен. Осы аса қиын да күрделі, ұлтты ояту, сананы жаңғырту, рухты көтеру мәселелерін шешуге қомақты, сүбелі үлес қосқан қайраткерлердің қатарында Жайық Бектұровтың орны ерекше. Сталиндік зұлматтың қанды шеңгелінен көп жылдар азап шеккен қарт жазушы. Және сол қасіретті шыншыл тұрғыда қаймықпай бейнелеген бірден-бір суреткер деуге әбден болады. Өйткені, дер кезінде бұл тақырыпқа жазушылардың бірде-бірінің қалам тартпағаны белгілі.

Жақаң НКВД карцерінің азабын тартып, ату жазасына кесіліп, каторгада болып, үнемі қуғында, айдауда, бақылауда жүрсе де қарымды, жемісті, өндіріп жазған азамат. Өзінің өткір де шыншыл шығармаларында қоғамдық құрылыстың әділетсіздігін, тоталитаризмның озбырлығын, ұзақ жылдар қыспақта болған халқының шеккен азабының сырын ашады. Ел тағдырының қисынсыз, жат идеологияға сәйкес бұрмаланғанын әшкерелейді. Көзі тірісінде жарық көрген жалғыз шығармасы «Таңба» кітабында, тәуелсіздік кезеңінде қайталанбауға тиіс өткеннің қателіктерін айқындап, таңбалап көрсетеді.

Алаш көсемдерімен, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің биік тұлғаларымен, мемлекет және қоғам қайраткерлерімен замандас, қызметтес, сырлас, мұңдас болып тығыз араласқан Жақаң, шығармаларында олардың тағдыр-талайын барынша шыншылдықпен, көркем тілмен көрсете білген. Өкінішке орай, Жайық Бектұровқа тағдырлас інісі Нұрмахан Оразбектің құрастыруымен көлемді етіп қайта басылған «Таңба» және «Енеден ерте айрылған төл секілді…» атты кітаптарын көруді Алла тағала нәсіп етпеді.

Ең алдымен Жайық Кәгенұлын біз, халық аяулылылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров тағы да басқа мыңдаған, миллиондаған репрессия құрбандарының қатарында болып, дозақ азабын басынан өткеріп, каторга зұлматынан аман келген азамат ретінде білеміз.

Сонымен қатар, Жақаң – сол ағаларының, замандастарының еңбегін, өмірін, арман, мақсат, мүдделерін, көрген қорлығы мен азабын бірге тартып, оны елге, халыққа жеткізген қайраткер. Сондықтан Жақаңды Ахмет, Әлихан, Міржақып, Мағжан, тағы да басқа қоғам қайраткерлерінен бөліп қарауға болмайды. Олай болса Жайық Бектұровты аталған арыстарымыздың тар жол тайғақ кешуінен аман өткен рухани інісі ретінде қабылдаған ләзім.

Орыс жұрты репрессия мен ГУЛАГтың тарихшысы, оның ерекшеліктері мен табиғатын алғаш ашушы ретінде бүкіл әлемге Александр Солженицынды жариялап келеді. Ақиқаты олай емес сияқты. Өйткені, іс жүзінде журналист, тарихшы Жайық Бектұров қызыл-қырғын қиянаты мен каторга зұлматын зерттеуді, жазуды Солженицынан әлдеқайда ерте бастаған. Фактіге жүгінсек. Орыс зерттеушісі «Один день Ивана Денисовича» деген шығармасын 1969 жариялаған. Ал Жақаң, өзінің «Төгілген ар» атты көп тараулы көлемді, эпикалық романын өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғында – 1958-1960 жылдарда-ақ жазып тастаған. Бұл шығарманы сол тұста еліміздің бірқатар көрнекті жазушылары, қоғам қайраткерлері, партия, Совет басшы қызметкерлері іштарта, ұнатып оқыған. Бұл еңбектің жарық көрмей, тұншығып қалуына, әрине қаламгер емес, заман айыпты екені түсінікті жағдай.

Кім біледі, егер ғайыптан көмек болып, аталған жылдары Жақаңның «өзінен-өзі тығылып, оңаша отырып қағаз бетіне түсірген шығармасы» баспадан шықса, орыс тіліне аударылып әлем жұртшылығының көзіне түссе, мүмкін Нобель сыйлығының иегері біздің ақсақал болар ма еді?! Олай дейтінім шығармада, ГУЛАГ деп аталған сұрапыл азаптың нелер сұмдық түрлері көрініс тапқан. Атап айтар болсақ, «штрафной лагпункт», ыстық, суық карцер, титығына жетіп, көтерем болған тұтқындарды масыл етпей есептен шығару үшін колхоздың арық-тұрақ малдарындай «актировка» жасау, тұтқындағы әйелдердің ауыр жағдайы, мүшкіл халы, қашқындарды итке талату, тағы да сондай көптеген жантүршігерлік қиянат-қысастықтар.

Осы тұста Жәкеңнің өмірбаянына тоқтала кету әрі қарайғы уақиғаларды түсіну үшін өте қажет. Мына ресми құжатқа көңіл аударайық: «Мен, Бектұров Жайық Кәгенұлы, 1912 жылы Ақмола облысы, Сталин ауданында кедей-шаруа отбасында дүниеге келдім. Әке-шешемнен жастай айрылдым. 1927 жылы комсомол қатарына өттім. 1931 жылы партия мүшелігіне кандидат етіп қабылдандым. 1936 жылдан ВКП(б) мүшесімін. Комсомолда әртүрлі басшылық қызметтерде болдым.

Сталин аудандық комсомол комитетінде, ұйымдастыру бөлімі меңгерушісі, «Лениншіл жас» газеті редакторының орынбасары, «Социалистік Қазақстан» газетінің қызметкері, Жамбыл облыстық газетінің редакторы болып еңбек еттім. 1942 жылдың ақпан айында Совет Армиясының қатарына шақырылдым және осы кезеңнен бастап қызыләскерлік дивизия газетінің редакторы қызметін атқардым.

1942 жылдың мамыр айының соңында ҚазССР НКВД-сі тарапынан тұтқындалдым… Сізден тиісті органдар мен ұйымдар арқылы күнәмнің деңгейін анықтап, өтірік жабылған жаладан ақтап, саяси және азаматтық хұқықтарымды орнына келтіруіңізді сұраймын.»

Бұл Жайық Кәгенұлының КПСС Орталық Комитетінің хатшысы П.Пономаренкоға 1954 жылдың 18 мамырында жазған өтініші. Дегенмен, өкінішке орай, Жақаңа жабылған айып пен жалалардың негізсіз, тіпті, күлкілі екенін анықтау үшін әлі де, табаны күректей 34 жыл қажет болғанын атап өткен жөн.

Сонымен, 1942 жылдың мамыр айында Жайық Бектұров аяқ астынан қамауға алынып, сырттай РСФСР қылмыстық істер кодексінің 58–ші бабына сәйкес «халық жауы» деген күнә тағылады. Әрине, Берияның қазақстандық қанқұйлы жендеттерінің негізгі мақсаты қолға түскен азаматтардың бәрін аталған статья бойынша айыптап, ату жазасына кесу болатын. Осы мақсатта олар өте кең ауқымды айыптауларды жүзеге асыруды қолға алады. Орысша түпнұсқадан аударғанда айыптау мазмұны былай тұжырымдалады: «Рысқұлов, Қожанов, Құлымбетовтің басшылығымен құрылған қазақ буржуазиялық ұлтшылдарының аса ірі қозғалысы, «Алаш-Орда» контрреволюциялық бандасы идеологиясының заңды жалғасы болып табылады…» «…ҚазақССР-і ішкі істер наркоматы тарапынан, қазақ ұлтшылдарының Совет Үкіметіне қарсы белсенді әрекет етіп келген ұйымы ашылып, оның басшыларын шұғыл түрде тұтқындау нәтижесінде жойылды». Аталған құжат бойынша тұтқындалып, сырттай сот үкімі шыққандардың жалпы саны сегіз адам. Алтауы Қостанай, Ақмола облыстық сот-прокуратура, партия қызметкерлері. Екеуі «Социалистік Қазақстан» газетінің журналистері – Аманжан Сәрсенов пен Жайық Бектұров.

Қызыл жағалы жендеттер, сырттай тағылған айыпты мойындатып, қажетті құжатқа қол қойғызу әрекетіне кіріседі. Тергеушілердің жыртқыштық әдістеріне төтеп беру өте қиын. Оны жоғарыда аталған хатында Жақаң былай суреттейді: «…Мені ҚазақССР НКВДсінің ішкі түрмесінде ұстады. …3 ай бойы ыстық тамақсыз, сөткелеп ұйқысыз болдым… Жүйелі түрде, күнде түнгі сағат 11-де тергеуге алып кетіп, таңертең сағат 6-да бір кісілік камераға алып келеді. Ізінше сағат таңғы 7-ден тағы да кешкі сағат 8-9-ға дейін тергеуге алып кетеді. Сонымен 6 ай бойы, сөткесіне 18-20 сағат тергеуде болдым. Шындығында мұны тергеу деуге келмейді. Іс жүзінде үш-төрт тергеуші кезегімен, бірінен соң бірі жер-жебіріме жете сөгіп, дөрекі сөздермен қорлап, жәбірлеп, азаматтық арымды таптап, тағылған жаланы мойындауымды талап етеді. Тергеу конвейерлік әдіспен атқарылады. Тергеушілер маған ұйқы бермеу мақсатында бірін-бірі ауыстырып отырады. Ақырында әрине, олар діттеген мақсаттарына жетті. Мен түрме режимін бұздым. Өйткені, екі аяқта тұра алмай, жығыла бердім. Осы жағдайды пайдаланып Халық комиссары мені бес күнге карцерге жіберу жайлы бұйрыққа қол қойды.

Карцердегі екінші сөткеде, бойымдағы терім жидіп түсе бастады. Себебі, бұл ауқымы өте тар, тастан жасалған қапшық сияқты, бөлме деуге келе қоймайтын қуыс. Шілде айының ыстығына қоса, отты аямай жағып қабырғаларды қол тигізуге болмайтын дәрежеге дейін қыздырады. Сөткелік азық-түлік паегі – бір кружка лайсаң су мен 150 грамм нан».

Жақаң бұл қиыншылықтарға төтеп береді. Осыншама жан азабы мен тән қиналысына қарамай, жабылған жалаларды мойындамайды. Жалпы әйгілі 58 статьяның 10-11 және 2 тарауы дейтін сұмдық заң тармағына сай Бектұровқа ату айыптау қорытындысы шығарылып қойылған болатын. Тек бір істегі сегіз айыпталушының алтауын Жақаңның мүлдем бімейтіндігі. Өтірік айыптаулары бар тергеу қағазына қол қоймауы. Шамасы келгенше қарысып, адалдық үшін күресіп баққаны. Әрі өзі айтқандай «құрметті тізімнің» соңында жазылуы сияқты жағдайлар, айыпталушы Жайық Бектұровтың өмірін сақтап қалуға септігін тигізеді.

Сөйтіп, Жайық Бектұров 10 жыл мерзімге «Ивдельлагқа» каторгаға айдалады. Өкінішке орай, лагерьге аман жеткен бес азаматтың екеуі, барысымен аштан өледі.

Жақаңа жабылған жала тек қана 1955 жылы ҚазақССР Жоғары соты Президиумының шешімімен күшін жояды. Ал түбегейлі ақталу 1989 жылы ғана мүмкін болады. Осы қудалау, түрмеге тығу, ит қосақтап Тайгаға айдаудың бірден-бір себебі не десеңіз? Ол: «Қазан төңкерісіне дейін қазақ халқы ұлт болып қалыптасқан жұрт» – деген пікірді мақұлдағаны. Анығында, алдыңғы толқын Алашшыл, төңкерісшіл аяулы ағаларының саяси тұжырымдары мен әрекеттерін ашық түрде қолдағаны.

Ал енді, сол үшін «ұлтшыл» ретінде агентуралық тергеуге алынып, сырттай сотталған. Алматыдағы әйгілі НКВД карцерінде жатып өлім жазасын күткен. Көз көрмес, құлақ естімес қиырдағы, өзі жазғандай «ит байласа тұрғысыз лагерьде» тозақ өмірді бастан өткеріп келген азаматтың, компартияның қылышынан әлі де қан тамып тұрған кезінде «Төгілген ар» романын жазуы ерлік емес пе?!

Топырақтың тоң батпағы аяқ алғызбайтын, шөбіндегі шыбын-шіркейі көз аштырмайтын тайгадан оралғанда Жақаң, кеңестік қазақ қоғамында көп өзгеріс болғанын байқайды. Адамдарда қайырым жоқ. Бұрынғы достар, жолдастар, әріптестер тілге келмейді. Қол ұшын бермейді. Сәлемдесуге жарамайды. Бәрі тасбауыр. Соғыстың зардабынан ел іші жүдеп отырғаны да байқалады. Соған қарамай, Жақаң алдымен Қарағандыға орналасуға әрекеттенеді. Бірақ, оны, үлкен өндірісті қалада көп тұрғызбайды. Содан көп уақыт Жетісуды, Талдықорған қаласын паналайды. Бірақ, мұнда да, ешкім жұмыс бермейді. Тайгадан елім-жерім, Отаным деп келген азамат мұнда да баспанаға қуыс күрке таба алмай, қор болады. Жұмыссыз адамға кім үйін, бөлмесін жалға бере қойсын.

Өзінің айтуынша, екі баласы жататын жаман бір кереуетінен өзге түк те жоқ. Отыратын орындық, жазатын столға зар. Енді бір жеркепені жалдауға тура келеді. Бірақ, жаңбыр жауған сайын, тамшы сорғалап, екі кішкене баласын Жәукен анамыз екеуі қойындарына тығып, Құдайға қараған көршілеріне барып түнеп шығады. Жұрттың көпшілігі жер кепеде отырады. «Біз үшін бір жақсылығы – деп еске алады Жәкең сол күндерді – ондай ыбырсыған тар үйде отырған адам, біздерден жиіркенбейді, қомсынбайды. Аяса да, бұрынғы қазақ дағдысы бойынша, әйтеуір үйлеріне қондырып шығады». Әрине, мұндай жағдайда жазушылық жайлы ойлаудың өзі күлкілі.

Ең қиыны арнайы Сталиндік режимнің қысымы. Сол тәртіпке сәйкес, Бектұровқа астанаға, яғни, Алматы қаласына жүз шақырымдай жақын келуге тыйым салынған. Сонымен қатар, іргелі қалаларда да бір сөткеден артық тұруға болмайды. Әдетте жолаушылар билет болмаған жағдайда теміржол вокзалында немесе әуежайда түнеп қала беруіне болады. Жақаңа осының бәріне тыйым салынған. Ағамызға уақытша берілген паспорттың 39 арнаулы тармағына сай, жоғарыда аталған талаптардың қайсыбірінің бұзылуын милиция байқаса, режимді бұздың деп ала жөнеледі, не қаладан қуып шығады. Ең сорақысы әрине, концлагерьден босап шығарда, онда көргенбілгеніңді жазу былай тұрсын, ешкімге тіс жарып айтпаймын деген қаһарлы құжатқа қол қоюың.

Құдай қолдағанда, әуелде ескі досы Жүсіп Алтайбаев газетте редактор болып тұрғанда Жақаңды аудармашы ретінде қызметке алады. Бірақ, көп өтпей бір қулар Бектұровтың Тайгадан келгенін айтып, жұмыстан шығартып тастайды. Сонда да қысылтаяң бір кездерде, ТАСС-тан асығыс материалдар келгенде күнітүні демей шақыртып аударма жасаттырады. Енді біреулер «Прессбюроның» мақалаларын тең ортаққа аудартып, қаламақыларынан қарасады. Біреулерге арыз жазып беріп сексеуіл, көмір алады.

Өмірде қайғымен күлкі қатар жүрмей ме? Бір күні түнде үйге өмірі бас сұқпайтын облыстық газет редакторы орынбасары Рымтай Дәулетовтың жұбайы терезе қағады. Тездетіп есік аштым: «Рымтай ағаңыз сізге жіберді. Бір үйде қонақта болып едік, көбірек ішіп қойыпты. Газеттің бетін оқуға үйге әкеліп еді, соған шамасы келмей отыр. Оқып беріңізші» – деп жыламсырайды жеңгеміз. Бардым, Рымтай байғұс қисайып жатыр. Ыржаңдап күлмекші болады. Үйелеген малдай орнынан тұра алмайды. Газетті оқып, «Басылсын» – деп Дәулетов жолдастың қолын қойып бердім. Ләтипа жеңгем түн ішінде алдыма бірдеңе қойып, тымпыңдап жүр. Кетерімде уысыма он сом ұстатып жатыр. Бұрын ауылда, селода үй-күйі жоқ жалғыз басты, әркімнің шаруасын істеп беріп, тамақ ішіп кететін бейсауат жандар болатын. Оны ас-су беріп, керегінде әркім шақырып, не отын жарғызып, не қорасын күретіп алатын. Мен де дәл сол сияқты болып жүрдім», – деп еске алады сол кезді Жақаң.

Осы тұста тағы да бір ерекше көңіл аударатын жағдай бар. Жәкең, «Қыл салып ескен арқанды да қатты ширата берсе, түбі бір үзілмей қоймайды», – деп жазады. Бұл сүреттеудің қаламгердің өз өмірінен алынғандығында еш шүбә жоқ. 1956 жылы Талдықорғанда іссапармен жүргенде, аяқ астынан екі қолы қалтырап, қалам ұстатпай жатып қалады. Бұл ұзақ жыл түрмеде, лагерьде болып, одан кейін бала-шағаны асыраймын деп жүріп, бойдағы ауруды асқындырып алуының нәтижесі еді. Сонымен қырық төрттегі қамалбұзар шағында, екінші топтағы мүгедек болып шыға келеді. Тек құдайға қараған, қайырымды, жаны таза дәрігерлердің көмегімен ғана бұл қиыншылықтан аман шығады.

Елуінші жылдардың ортасына қарай жалған жаладан ақталуына байланысты Жақаң Қарағандыға ауысады. Өмірінің көп бөлігін осында өткізеді. Осы қалада тамаша поэтикалық, прозалық шығармаларын жазды, керемет публицистикалық дүниелерін өмірге әкеліп, көсемсөз жанрының шебері атанды.

1958 жылдың 1 қаңтарында Ғабит Мүсірепов Жайық Бектұровты Қазақстан жазушылар одағының Қарағанды облыстық бөлімшесінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындайды. «Халық жауы» қатарына ілінген кісінің қайда, қандай жұмысқа барса да, алдынан жабылған жала атойлап шығып тұратын кез емес пе? Каторжандарға қызмет беру түгілі, сәлемдесуден қашып жүрген заманда, бұл – Ғабеңнің үлкен ерлігі мен көрегендігі. Осы қызметте Жақаң өмірінің соңына дейін, 32 жыл жемісті еңбек етті. Алғашқыда бұған Қарағанды, Целиноград, Павлодар, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан облысы қаламгерлері түгел қарайтын. Аса күрделі қиын кезеңде басшылыққа келуіне қарамастан, Жақаң жұмысты ыждаһаттылықпен, жандандырып, үйіріп алып кетеді. Онымен қоса елдегі партиялық-саяси бақылаудың күшеюіне, орын алып отырған әртүрлі айтыс-тартыстарға қарамай, көлемді роман жазуды қолға алады. Бұл шаруа үлкен батылдық пен өжеттілікті қажет ететінін айтпаса да түсінікті.

Жазушылар одағының ең үлкен бөлімшелерінің біріне Жайық Кәгенұлының тағайындалуын кездейсоқ деуге де болмайды. Өйткені, ол бұрыннан қайсарлығымен көзге түсіп жүрген азамат еді. Бір мысал. 1937- 1941 жылдары Сәбит Мұқановтың белгілі себептермен партия қатарынан шығып қалғаны көпшілікке мәлім. Осыған байланысты өзі де көңіл күйі болмай жүрген классик жазушымыздың 1939 жылы, Сталиннің 60 жасқа толуына арналған мақаласын «Социалистік Қазақстан» газеті баспай қояды. Бұл жағдайды естіген Жақаң ағасының «Ұлы көсем» жайлы мақаласын өзі редактор ретінде қол қоятын Жамбыл облыстық газетіне бастырады. Жақаңның жүректілігі мен тәуекелшілділігінің бір көрінісі ретінде оның КГБ-ның бейресми бақылауынан әлі арыла қоймаған елуінші жылдардың өзінде, Мағжан туралы жазылған көлемді мақаласы мен жеті-сегіз жүз жолдай өлеңдерін 1965 жылы Ғабит Мүсіреповке табыс етілуін де айтуға болады.

Қайта құру заманы әкелген шалажансар жариялылықты алғаш және ұтымды пайдалаған жазушының бірі – Жайық Бектұров болды. Ең алдымен Шәкәрім трагедиясын арқау еткен «Ақын және арамза» поэмасын жариялады. Ол ертеде жазылып, жарыққа шығуын ұзақ күткен шығарма болатын. Сондықтан онда имене сөйлеу, тартына айту, ишаратпен меңзеу әдістерін кеңінен кездестіреміз. Сонымен қатар, бұл туындыда жариялылыққа әлі бойы үйрене қоймаған, азап пен бейнетті бастан кешкен автордың жан толғанысын байқаймыз.

Жайық Бектұровтың 1988 жылдың қыркүйегінде жазылған «Айыбы не, абзал ағаларымның?» атты еңбегін оқу барысында ерінбей қолға қалам алып, қуғындалған, атылған, мемлекет, қоғам қайраткерлерінің, ғалымдар мен жазушылардың аты-жөндерін жазып отырдық.

Осы отыз беттік шағын еңбегінде автор, өзі тікелей араласқан, бірінен сабақ алған, үйренген, енді біреулеріне қол ұшын беріп көмектескен жүз елуден аса қайраткердің аты-жөні аталып, олар туралы көрнекті, маңызды, көпшілік біле бермейтін материалдар берілген! Осы кең ауқымды зұлымдықтықтың басында тұрған Сталинді біздің жұрт тіл жеткенше мақтады. Тарихта ешбір пайғамбар, әулие, шадияр, сахаба дәл осылай дәріптелмеген шығар дей келе, бұл құбылыстың табиғаты жайлы Жақаң былай ой толғайды: «Біраз жұрт кейін «Біз Сталинге сендік, ол ел ішінде болып жатқан нақты жағдайды білмеді», – деп жалтарысады. Әрине сенген, білмеген, өрісі тарлар, тоғышарлар аз болмаған шығар. Бұлардың көбісі қараңғы, ой-өрісі тар не мансапқор, қайсыбірі арамза, жалақор, жәдігөй жандар. Біразы қамалып, «әшкереленіп» жатқандардың босаған орындарына, үйлеріне таласты. Біраз жұрт өздерінен білімі, дәрежесі, қызметі жоғары адамдарды аяққа басқысы келіп тұрды. Сөйтсе де парасаты бар көп адамдар-ақ озбырлықты, қиянат-қысастықты сезіп, көріп, біліп отырды. Сталинизм жеңеді, тап жаулары құрыды деп айғайлап жатқан елде тарихи жұмысты тындырып жатқан басшы қызметшілерді шеттерінен абақтыға жабу, ату ненің ызғары, кімге көрсетілген қыр-айбат?»

«Түптеп келгенде көптеген ардақты, аяулы, абзал ағалардың қоғам, адам алдында ары таза, ешбір кінәсі жоқ. Бәрі де қиянатқысастан қыршын күндерінде, қаскүнемдер қолынан қаза тапты. Бұл азаматтарымызды, өрендермізді қас-жау дегендердің өздерінің Совет құрылысына қас екендігі кейін айдан анық мәлім болды. Сондықтан күнделікті саяси, қоғамдық, тәрбие жұмыстарымызда да, әдебиетімізде де, бұлақтың көзін ашқандай, азаматтарымыздың қөңіл кірін, жүрегін тазарту жолында әлі көп еңбек етуіміз керек» – деп түйеді абыз ақсақал. Аталған маңызды міндетті жүзеге асыруда Жайық Бектұровтың еңбектерінің алар орны ерекше екені дау тудырмас шындық.

Жақаңның ертеректе жазылып, 1976 жылдың 3 желтоқсанында «Социалистік Қазақстан» газетінде басылған бір мақаласы «Дәлел мен дерек» деп аталады. Бұл осы мерзімнен бір жеті бұрын, аталған газет бетінде жарық көрген «Авгейдің қораларынан бастайық» деген Ғабит Мүсіреповтің мақаласына орай жазылған дүние. Бір қарағанда ана тіліміздің тазалығы мәселесінен бастау алған сияқты мақала, өрби келе кең ауқымды, панорамалық сипат алады. Жақаң қадірлі ағасының Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш», «Хан кене» кітаптарына көзқарасымен келісе алмайтынын, жалпы хан Кене тағдыры аса күрделі екенін айтады. Біз, 1837-1847 жылдары, яғни, он жыл бойы, аса ірі әскери академияларда білім алған Ресей империясы генералдарының Кенесары Қасымұлын қалай жеңе алмағандығын талқылайын деп отырған жоқпыз. Бұл өз алдына бір мәселе. Мақсат, Жақаңның академик-жазушы ағасына айтқан уәжі.

Жайық Бектұровтың түсінігінше, Кенесары жайлы Ілияс Жансүгіровтен асып ешкім орынды пікір айтқан емес. Осының дәлелі ретінде Жақаң, ақынның «Күйші» поэмасында ханның жорығын сипаттайтын мына шумақтарды келтіреді: «Ауылы Бақанастың өлкесінде, Арқадан Алатауға ауған беті! «Ел қандай, арқа қандай, дұспан қандай, Ауған ел арт жағымен жауласқандай», «Болғанда бүгін мұнда, ертең қайда, мекені Кене ханның бір көшкен жұрт, артында орыс барда, Аулына Кенеханның қоныс бар ма?». Арқадан, қазақтың ұшы қиырсыз кең жерінен қоныс таппай, тұрақ таппай, тығылатын, паналайтын қуыс болмай Кенесарының бүкіл қолы болып бір домбыраға мінгескендей қан жылап, жер ауғанын, тығырыққа қамалғанын бұдан артық қалай айтып дәлелдеу керек!» дейді Бектұров ағасына.

«Міне, осыдан келіп, ақыры Кененің табан тіреп, қамалған жері Қырғыз Алатауы болды. Орынбор түбінен, Көкшетаудан, Зерендіден, Торғай саласынан, Сарыарқаның сары даласынан, Жетісудан оның ізіне түсіп қуған патшаның қарулы әскері. Атақонысы, қазақтың жүрегіндей, халықтың көзінің ағы мен қарашығындай әсем Бурабайдан Кенеге он шақты адам ғана әрең сиятындай, бір тар үңгір ғана аз уақытқа тигені кімге мәлім емес?» – деп күйінеді Жақаң. Осы тұста, поляк Янушкевичтің өзі күнделіктерінде генерал Вишневский бастаған, іштерінде қазақтың өз байлары, бектері, шонжарлары бар әскерінің, хан Кенені Жетісудағы Қараталдан, Іле-Үшбуырылдан асырып, Шу өзені бойына қуып салғаны туралы жазғанын еске салады.

Байқағанымыз, мұндай жағдай қай заманда да, елге танымал тұлғалардың басына түсіп тұратын жағдаят сияқты. Бірде, жалған жаладан әлі ақталмаған Жайық Бектұров, жасырын Алматыға келеді. Түн ішінде жолдасымен кездесу сәтінде сөзден сөз шығып: «Апырай, Шәкәрімді айдалада, баяғыда бір қулар, жазықсыз атып тастады-ау», – дейді. Сонда жолдасы бетіне таңырқай қарап: «Сен Шәкәрімді қу далада аңдай қуып жүріп атып кеткеніне таңданба, Шәкәрімдей ғажап ақынның, ел-жұрт аузына қараған ардақты адамның, қазақтың күллі жалпақ даласынан, Алатаудан Атырауға дейін созылған Сарыарқасынан бір басына тығылатын пана таба алмағанына таңдан» – дейді. «Мен мына сөзге қатты таң қалдым» – дейді Жақаң. Еліміздің біртуар ақыны, қайталанбас талант, «Қазақтың Маяковскиі» атанған Қасым Аманжоловтың Батыста – Орал, Арқада – Қарағанды, Жетісуда – Алматыдан сая таппай: «Берсең бер, бермесең қой баспанаңды…» – деп налып өтуі де, осы құралпы дүние емес пе? Тіпті, бұл сол кезеңде Солтүстіктен Оңтүстікке кезек қуылып жүрген Жақаңның өз басындағы да жағдай ғой.

Өзі Тайгада айдауда жүгенде Жақаң, Қарағандыға қарындасы Фатимаға болмашы жыртық қағаздарға, газет қиындыларына, қайыңның қабығына, цемент орайтын жарғақтай сары қағазға, күйеден жасалған сиямен жазған хаттарын, мүмкіндігін тауып жолдап отырады. Ағасынан көрген дағдыны сақтап, қарындасы оларды жеке бөлек папкаға мұқият тігіп сақтайды. Лагерьден босап келген соң, НКВД күнде шақырып тыныштық бермейді. Туыстарына, достарына, қызметтестеріне залалы тимесін, деген мақсатпен сол папкені, қаланың Киров көшесінің нөмір 7-ші үйінде, өз қолымен отқа жағуға мәжбүр болады.

Міне, бұл адамға ғана емес, оның ойына, пікіріне, сеніміне, арманына да кең байтақ Отанынан тоқымдай жер табылмауының қайғылы көрінісі. Мақталған, мадақталған Совет заманында да өз еліне, өз жеріне сыймай қашып, қуылып жүрген Кенесарының тағдырталайының жалғасып жатқанының мысалы. Қазақ халқының өткені мен бүгінінің астасып жатуының белгісі.

«Шоқан Уәлиханов Кенесары хан опат болған жерге араға көп уақыт салмай келген. Ол Кененің көтерілісінің сәтсіз болуының себебін былай түсіндіреді. Жетісудың шұрайлы жерінен қоныс алған полковник Абакумов, Қарқаралының құнарлы етегінен орын тепкен капитан Карбышев көтерілісшілер қолын ұзағырақ, көбірек қууды әдейі кәсіпнәсіп еткен. Сол себепті, Кенесары қолына жете тұрса да көбіне қасақана әдейі шегініп, көтерілісшілердің ізіне түсуді қазақ елін емінеркін талаудың, бейғам жұрттың күлін көкке ұшырудың, ойрандаудың, сөйтіп мал табудың себеп-сылтауына айналдырады. Қаны бір туыс ағасына, бауырының жаны қатты ашығаны түсінікті. Оқымысты – ағартушы Шоқан Кененің кім екенін, оның өлтірілу жағдаяттарын әрине жақсы білген. Бірақ, оны ашық айта алмаған. Ол, тіпті, Кенені «Отважный мятежник» – «Ержүрек көтерілісші» деп атаған. Одан әрі тереңдеуге оның дәті бармаған. Себебі өзі орыс офицері, жоғарыда патша ағзамның әкім-қаралары…

Хан Кене көтерілісін басуға ерекше ынтамен араласқан Орынбор қаласының бастығы Среда Ресейде шығатын ірі баспаның бірі «Вестник Европы» журналына аталған көтеріліс туралы көлемді тарихи очерк береді. Орыс жұртшылығы үшін жазылған осы еңбегінде Среда Кенесарыны біздің заманымыздан жүз жылдай бұрын өткен Қаратеңіз патшасы Митридатқа теңейді. Бұл патша осыдан екі мың жыл мұғдарындай бұрын, аталған теңіз аймағын алаңсыз билеп тұрған. Бірақ, ол өзінен күші әдеуір басым, Рим империясына қарсы соғыс ашып, жеңіліске ұшырайды. Сол жеңілістен кейін Митридат өзін-өзі өлтіріпті. Кенесары мен Наурызбайдың қырғыз Алатауында жеңіліске ұшырап, ерлікпен қаза болуы да осыған ұқсас құбылыс. Бұл халық үшін он жыл арпалысып қан төгіп, кең байтақ елінің «саясынан сайғақ құрлы сая таппай», жиырма мыңдай қолына қоныс таппай, қандастарынан қолдау таппай, жапонның камикадзесі сияқты өзін саналы түрде өлімге қию еді. Бұл ымырасыз айқаста, ет қызу сәтінде, ар-намыс үстінде, сол шет аймақта, жат елде, бөтен жерде, арпалысып өлуді артық көру еді. Ескі ұғымда бұл шәйіт болу. Оны Кенесары мен Наурызбайдың ерлігі, жүректілігі әрі білгірлігі деп ұққан жөн» деп жазады Жақаң.

Енді бір жылдан соң ақиқаттың шежірешісі Жайық Бектұров 110 жасқа келеді. Бүгінде, әртүрлі жағдайға байланысты тарих көлеңкесінде қалып отырған ардақты Жақаңды еске салу мақсатында, көз көрген, жақсы араласқан, терең сыйласқан өз қолыммен бақиға жөнелткен азамат ретінде ұшан-теңіз еңбегінің бір парасына шолу жасадық.

Әбдіжаппар ӘБДӘКІМҰЛЫ,

тарихшы,

профессор.