Ресми

Үміткерлер үкіленеді

17 тамызда Елбасы, партия Көшбасшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ ұйытқы болуымен Nur Otan партиясының праймеризіне қатысу үшін кандидат ұсыну және тіркеудің басталғаны туралы жариялаған еді. Осы тұрғыда облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Қадиша ОСПАНОВА аймақтағы атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баспасөз мәслихатында баяндады.

Бүгінге дейін аймақ бойынша 444 өтінім берілген. Оның 150-і әйел, 5-еуі көпбалалы ана, 90-ы жастардан, 2-еуі ерекше қажеттілікті талап ететін тұлға және 5-і қандас бауыр. Жалпы бастауыш партия ұйымдарынан 234 өтінім келген. 210 үміткер өзін-өзі ұсынған. 428 өтінім партиялық кадрлар резервінен түскен. Праймеризге қатысуға өтініш қабылдау 28 тамызда аяқталады. Ал, праймериз 5 кезеңнен тұрады: кандидатты ұсыну мен тіркеу, кандидатты үгіт жұмысына даярлау, үгіт жұмысы, дауыс беру, тізім түзу.

Үміткерлерге үгіт жұмысына дайындалу үшін бір апта (31 тамыз – 6 қыркүйек) уақыт беріледі. 7 қыркүйек – 3 қазан аралығында кандидаттардың үгіт жұмысын жүргізу, 14-30 қыркүйек аралығында көпшілік алдында пікірталас өткізу көзделіп отыр. Пікірталас партияның ресми аккаунттарында «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы өтеді. Дауыс беру пандемияға байланысты онлайнформатта өткізілмек. 1-3 қазан аралығында мобильді қосымша немесе веб-портал арқылы дауыс беруге болады. Сондай-ақ, партия филиалдары мен ірі бастауыш партия ұйымдарының базасында дауыс беру бекеті ашылады. Ол жерге 3-ші қазанда келіп дауыс беруге мүмкіндік бар. Интернеті жоқ шалғайдағы елді-мекендер жылдағыдай қағаз бюллетень бойынша дауыс бере алады.

«Елде мұндай форматтағы іріктеу алғаш рет өтіп жатыр. Түсіністікпен қараған жөн. Біз демократиялық жаңа мемлекеттің жылнамасын жазып жатырмыз. Кеше мүмкін емес болып көрінген дүниені бүгін іске асырудамыз. Әр кандидат іріктеу кезінде өз таңдауын ашық түрде таңдауға құқылы. Бұл – партияның міндеті. Сайлаудың әділ өтуіне ерікті бақылаушылар жауапты. Сондықтан, өңірлердегі партиялықтармен өткізген жиын кезінде бақылаушылардың міндеттері жайлы ережелерді бекіттік. Ал, кандидаттың сенімді адамы (партия мүшесі) бақылаушы бола алады», – деді Қадиша Базарбайқызы.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button