Жаңалықтар

Отыз түлек іс-тәжірибеден өтеді

Қазақстандық жоғары оқу орындарының 30 студенті «Жас Өркен» бағдарламасы аясында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ компаниялар тобында іс-тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болды. Биылғы 1 қаңтардан бастап, 30 сәуірге дейін бұл байқауға қатысуға 4000-ға жуық студент өтініш білдірген. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» Корпоративтік университетінің директоры Ақмарал ҚАДЫРБАЕВА «Жас Өркен» тағылымдамадан өту бағдарламасының нәтижесін қорытындылау тақырыбында онлайн-режимде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

2018 жылы Қор білікті кадрларды, ең алдымен талантты жастарды іздеу және іріктеу процесінің тиімділігін арттыру мақсатында жаңа кадрлық саясатты қабылдаған еді. Осы бастаманы іске асыру Қорға жақын болашақта Орталық Азиядағы бірінші жұмыс беруші болуға мүмкіндік тудырады.

Осы кадрлық саясаттың нәтижесінде «Самұрық-Қазына» қоры қазақстандық жоғары оқу орындарының талантты түлектерін тарту және дамыту бағытында «Жас Өркен» бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама арқылы ЖОО-ның 70-тен астам түлегі «Самұрық-Қазына» Қорының компаниялар тобына жұмысқа орналасты. Бұл жұмысқа тұрғысы келетін үміткерлер қабілеттері мен әлеуетін бағалауды қамтитын 5 деңгейлі іріктеуден өтуі тиіс. Бағдарламаның басты артықшылығы – тәлімгерлердің жетекшілігімен жедел даму.

Конкурстың бірінші кезең қорытындысында 346 қатысушы екінші турға өтіп, оның ішінде, 96 үміткер төртіншіге табан тіреді. Олар бизнес-міндеттерді өз бетінше шешу және құзіреті бойынша сұхбаттан өту бағытында жеке форматта бағаланды.

12-13 тамызда конкурстық комиссияның қатысуымен панельдік онлайн-сұхбат түрінде финалдық кезең өтті. Қатысушылар конкурстық комиссияның алдында 15 минут сөз сөйлеп, 2 минутта қазылар алқасын оларды қабылдауға сендіруі тиіс еді.

Сұхбатқа қатысқан 50 қатысушының 30-ы конкурстық комиссияның шешімімен «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының төрт саладағы кәсіпорнында 20 айлық жеделдетілген даму бағдарламасынан өтуге мүмкіндік алды. Барлық кезең бойы іс-тәжірибеден өтушілерге жалақы мен жол жүру және баспана шығындары төленеді.

– Бірнеше ұлттық компанияларда ротация мүмкіндігін қамтитын осындай ауқымдағы бағдарлама ТМД аумағында жалғыз екендігін атап өткен жөн. А.Есімов атап өткендей, Қордың басты активі – адами ресурстар және кадрлармен жұмыс істеу. Бағдарламаға деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. 2017 жылы конкурстық іріктеуге 600-ге жуық, ал, 2019 жылы 4000-ға жуық түлек қатысты. Өткен жылы «Жас Өркен» бағдарламасының нәтижесі бойынша 16 студент Қордың портфельдік компанияларына жұмысқа орналастырылды: «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «Эйр Астана», «ҚТЖ» ҰК» АҚ және басқалары», – деді Ақмарал Қадырбаева.

Жеңімпаздардың есімімен бағдарламаның – https:// www.zhasorken.skcu.kz/ru. ресми сайтынан танысуға болады.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button