Спорт

Ернат МЕЛСҰЛЫ: «ҚАРАҒАНДЫНЫ велоқалаға айналдыру керек»

Мен білетін Ернат МЕЛСҰЛЫ – ағылшын тілінің оқытушысы, қаламы жүйрік журналист, саңлақ спортшы… Қысқасы, тоғыз өнер бойына тоғысқан жан-жақты азамат. Оның «Ағылшынша тіл сындыру» кітабы елдің қажетін ашқан құнды дүние. Сол оқу құралын тапсырыспен үйді-үйге велосипедімен жеткізгенін өзінің facebook парақшасынан жиі көріп тұратынбыз. Велосипедті ат қып мінгеніне аса көп бола қоймаса да бірнеше веломарафонға қатысып, өзі де бірнеше велосапар жасаған. Велоспортты жанына серік еткен жерлесіміздің ұлы Абайдың 175 жылдығына орай «Нұрсұлтан – Жидебай» бағытына велосапар жоспарлағанын естіп, арнайы хабарласқан едік…

– Аға, алдағы жоспарланған ұзақ сапарыңызға сәттілік тілеймін! Шыны керек, 1000 шақырымды көліктің өзімен жүруге ерінетіндер бар. Соны велосипедпен жүріп өту үшін әуелі қандай қасиет қажет?

– Әумин, Қасеке, көп рахмет! Ең алдымен, психологиялық дайындық қажет деп ойлаймын. Тәуекел етіп, тас жұту керек. Тәуекел ету – соқыр сеніммен қойып кету емес, ақылың, тәжірибең, ізденісің, мүмкіндігің жеткенше, жан-жақты, толыққанды әзірлік жасау деген сөз. Мотивация, жетістік туралы кітаптарды көп оқимын. Осы тұрғыда ағылшын тілі жақсы көмектеседі. Өзіміздің аты аңызға айналған тау тұлғаларымыздың нақыл сөздерін бірнеше қайтара оқып, өзімше осы өмірмен байланыстырып, мән іздеймін, содан жігер аламын. Екіншіден, әрине, физикалық дайындықтың маңызы зор. Дәрігерге алдын ала көрініп, тексерістен өтіп алған дұрыс. Ұйқы толық, тамақ дұрыс, дене жаттығуы тұрақты болғаны абзал. Таңда ерте тұрып, жүгіруді әдетке айналдырғанмын. Қыста да тоқтамаймын. Суда жүзуді жақсы көремін. Үстел теннисіне бүйрегім бұрып тұрады. Үшіншіден, қаржылық дайындықты да естен шығаруға болмайды. Жалпы кез келген істі қолға алғанда, оның ішінде, осы веломарафондарды ұйымдастыруда 2 қағиданы берік ұстанамын: 1.Ешкімге міндетсімбеу. 2.Ешкімге алақан жаймау. Жеке демеуші іздемеймін. Ұсыныстар түскенде, бас тартамын.

– Қолдау көрсетеміз деп жатқандар бар шығар?..

– Ең үлкен қолдаушым – өз отбасым. Анам ақ батасын беріп, апайым, жұбайым ақ тілеуін айтып, тақым қысып отырады. Қаржы жағынан, жоғарыда айтқанымдай, өз қалтамнан көтеремін, тиын-тебенді алдын ала бөлек жинай беремін. Қазір нақты бірге шығуға – Нұр-Сұлтан қаласында тұратын, республикалық «Астана ақшамы» газетінің журналисі Дәулетқали Асауов ағамыз ниет білдіріп отыр. Ол 5 жылдан бері Астананың ішінде велосипедпен жүріп тұрады екен. Ұзақ қашықтыққа алғаш рет шықпақшы. Сосын алдыңғы жылы «Астана-Ақтоғай» велошеруіне қатысқан Көкшетау қаласының тұрғыны, археолог Жасұлан Үкеев те ниет білдіріп еді, алайда әлі нақты шешімін айта қойған жоқ. Негізі ниет білдірушілер көп. Бірақ, жоғарыда айтқан дайындықтардың қажет екенін түсіндіріп жатырмын.

– Велосипедіңіз ұзақ жолға дайын ба? Маркасын айта отырсаңыз…

– Дәстүр бойынша, веломарафонға шығар алдында белесебетімді велостанцияға апарып, велошеберге тексертіп, жөндетіп, майлатып аламын. Өзіммен бірге артық камера, дөңгелек тысын, шынжыр, кілт сияқты керек-жарақты қоса артып аламын. Астымдағы «Көк қасқаны» 5 жыл бұрын астанадағы Орталық базардан 48 мың теңгеге сатып алғанмын, атауы «Maverick» деген қытайдың өнімі, қазір саудада жоқ сияқты, көрмедім. Осы белесебетті алдағы уақытта Ақтоғай аудандық музейіне тапсырсам ба деген ниетім бар. Ақтоғайдың 90 жылдығына барғанда сондай ұсыныс айтылған-тын.

– Айтпақшы, Ақтоғай, Жаңаарқа аудандарының мерейтойына арнайы сапарлаған болатынсыз. Жалпы, бұл спорт түріне қызығушылығыңыз қалай оянды? Сол жайлы айта кетсеңіз…

– Мен 9 жыл республикалық 4-ші телеарнада шетел жаңалықтарының редакторы болып жұмыс істедім. Сонда әртүрлі елдегі велошабандоздар туралы материалдарды қызыға оқитынмын, бейнесюжетін көретінмін. Содан бұлардан қай жеріміз кем, неге осы заманауи үрдісті бастамасқа деп, 2018 жылы Астананың 20, Ақтоғай ауданының 90 жылдықтарына арнап, 500 шақырымдық алғашқы велосапарды өткіздік. Елордадан Жасұлан Үкеев және ауданымыздағы Сәуле ауылының имамы Асхат Сүйіндіков ағамызбен үшеу болып шықтық. Орта жолдағы Қарағандыдан қасымызға Нариман Есмағанбетов, Ержан Шахуов қосылды.

Келесі 2019 жылды Сәкен Сейфуллиннің 125 және Жаңаарқа ауданының 90 жылдық мерейтойларына арнап, 208 шақырым жолды жүріп өттім. Осы былтыр 31 мамырда – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінде елордамыздан Алжир лагеріне дейінгі 2 сағатта 42 шақырымды бағындырып, әруақтарға тәу еттім. «Жасасын, Алаш, жасасын!» деген осы веломарафонды келесі жылдан бастап бүкілхалықтық үлкен спорттық рухани іс-шараға айналдырғым келеді. Ресейде бастау алған «Бессмертный полк» деген жаяулардың шеруі бар ғой. Солар сияқты арыстарымыздың портретін жейдемізге жапсырып алып, насихат жасасақ деймін. Нұр-Сұлтандағы Алжир лагеріне, Қарағанды қаласындағы Әлімхан Ермековтің зиратына және КарЛагқа веломарафон жасап, спорттық-рухани іс-шара өткізсек, тағылымды болады деп ойлаймын.

– Сапарыңыз сәтті болып, Абай еліне аман жетіңіз. Сөз соңында осы велосипедтің орасан пайдасын оқырмандарымызға жеткізе кетсеңіз…

– Әумин, айтқаныңыз келсін! Белесебеттің пайдасы өте көп. Мына індет кезіндегі оқшаулану, қашықтықты сақтау, қоғамдық көліктің тоқтау жағдайында тиімділігі тіптен артты. Белесебет тепкенде қуаныш, бақыт гормоны бөлініп, көңіл-күйіңіз көтеріледі, ойыңыз ұшқырланып, қиялыңызға қанат бітеді, тың идеялар тудыру процесі жедел жүреді. Өкпе мен тыныс алу жолдары токсиндерден, улы заттардан тазарады, дем тереңдеп, қан тамырлардың түкпір-түкпіріне жетеді, зат алмасу дұрысталады, бұлшық ет күшейеді, буындар шынығады, артық майдан арыласыз. Сонымен бірге, қала, ауыл ішінде белесетпен жүру уақытыңызды, ақшаңызды үнемдеуге көмектеседі. Бұдан басқа, белесебет қоршаған ортаға зиян келтірмейді, ауаны ластамайды. Сөз соңында Қарағандыны велоқалаға айналдыруға толық мүмкіндік бар екенін айта кеткім келеді…

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button