22. Кен байыту: қаптамадан тапшылық жоқ
«Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында өңірдегі маңдайалды өндіріс ошақтары топтасқан. Заманауи технологиямен жабдықталған бұл кәсіпорындар келешекте көмірлі өлкені алға сүйрейтін локомотивке айналуы тиіс. «Polymet Solutions Corporation» ЖШС – осы мақтаулы лектен орын алған компания. Кен байытуға қажетті жабдықтарды шығаратын бұл зауыт елімізде, әзірге, жалғыз. Сәйкесінше, пайдалы қазбаға бай Қазақстанда сұраныс орасан…
ӨНІМГЕ СҰРАНЫС ЗОР
«Polymet Solutions Corporation» тақырдан өсіп шыққанжоқ. Бұрын Қарағандының Федоров бөлігінде орын тепкен «Еңбек – 2014» серіктестігінің мұрагері. 2019 жылы арнайы экономикалық аймаққа көшті. Бұқар жырау ауданына қарасты Доскей ауылы маңынан ғимарат сатып алды. Аумағы – 4500 шаршы метр. Іле-шала өндіріс желісін тұрғызып, іске қосты. Қазір кәсіпорын кен байыту фабрикаларындағы диірмендерге қажет қаптама, элеватор сынды сан түрлі резеңке, металл бұйымдарын жасайды (қаптаманы орыс тілінде «футеровка» дейді). Директордың өндіріс бойынша орынбасары Галина Харасова арнайы экономикалық аймаққа көшіп келудің бизнес үшін бірқатар тиімді тұстарын атап өтті.
– Біздің компания отыз жылдан бері кен байыту өндірісіне қажетті жабдықтар өндіру нарығында. Тәжірибеміз бай. Бұған дейін Федоровтағы «Еңбек – 2014» ЖШС базасында орналастық. Бірақ, кез келген бизнес өсуді көздейді. Кеңею үшін ол жер тарлық етті. 2019 жылы арнайы экономикалық аймаққа қоныс аудардық. Әрине, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді. Салықта жеңілдік қарастырылған, субсидия беріледі. Сондықтан, бұл аймақтың құрылуы отандық өнеркәсіптің дамуына елеулі серпін берді деп толық айта аламын, – дейді директордың орынбасары.
Өнімге сұраныс зор. Компания қазір «KAZ Minerals», «Қазақмыс», «Қазақалтын» сынды алпауыттармен келісімшартқа қол қойды. Бұдан бөлек, өзге де отандық, шетелдік к байытушылармен келіссөздер жүргізілуде.
БОЛАТТЫ РЕЗЕҢКЕ АЛМАСТЫРДЫ
Галина Лукьяновнаның айтуынша, кәсіпорын еуропалық технология негізінде жұмыс істейді. Жабдықтар Германия, Италия, АҚШ-тан жеткізілді. Бүгінде екі станок, төрт пресс-машина бар. Станоктардың бірі – гидроабразивті. Яғни, су мен құмның қысымымен кеседі. Екіншісі – плазмалық кесу станогы. Бұл станоктар қалыңдығы 80 мм-лік болатты кескенде таптырмайды. Оқырман үшін түсінікті болсын, резеңкеден жасалған қаптамамен кен байыту фабрикасындағы диірмен іші қапталады. Диірмен айналып отырып кенді ұсатады. Үздіксіз айналып тұрғанда тас пен топырақ диірмен қабырғаларын тесіп шығуы мүмкін. Бұл дегеніңіз миллиардтаған теңгені межелейтін, қып-қызыл шығын. Ал, қаптама диірменнің бүйірін сол тастопырақтан қорғайды. Бұрын болат қаптамалар қолданылып келді. Бірақ, аталған қаптамалардың техникалық кемшілігі көп еді. Біріншіден, металл резеңкеге қарағанда тез тозады. Екіншіден, металл – ауыр. Резеңке болаттан 80 пайызға жеңіл. Тиісінше, мойынтірек пен қырықаяқтарға түсетін салмақ та аз. Болатты резеңке алмастырғанда жеңілдеген салмақтың орнына қосымша кен тиеу мүмкіндігі туды. Үшінші – шуылы төмен. Болатқа қарағанда резеңкеден дыбыс қатты шықпайды. Бұл жұмыс орнындағы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуде көмегін тигізуде.
КҮРДЕЛІ ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ ТІЛІН ТАПҚАН
Қаптама таза резеңкеден немесе металл мен резеңке қоспасынан жасалады. Мәселен, кенді ұсатудың алғашқы кезеңінде резеңке-металл қаптамалар қолданылады. Мұнда диаметрі 500 мм-ге дейін жететін кендерді үгіту мүмкіндігі бар. Қаптамаларды әзірлеуге үш аптадан бір жарым айға дейін уақыт жұмсалады. Мысалы, 500 мм-лік кенді уататын диірменнің қаптамасын дайындауға бір ай уақыт қажет. Алдымен резеңке ленталары ұсақталып туралады. Арнайы машинада туралатын бұл резеңке шетелден жеткізілген. Қиындылар камераға салынып, балқытылады. Ал, қаптаманың өзегі саналатын металл орнына Hardex брендінің болаты пайдаланылады. Швециядан алынатын болаттың қалыңдығы 80 мм-ге дейін барады. Болатты жоғарыда айтқан гидроабразивті немесе плазмалық кесу станогында кеседі. Сондай-ақ, алюминий профилі де қолданылады. Профилді Алматыдағы зауыт жеткізіп береді. Дайын болат өзек пен алюминий профилі пресс-машинадағы қалыпқа салынады. Сол қалыпқа резеңке құйылады. Резеңке суып, қалыбын алған соң пресс-машинадан шығарылады. Өнім дайын болғанда зертхана мамандары іске кіріседі. Айта кетейік, зертханашылар әуелгіде шикізат сапасын да тексереді. Зертхана өнім сапасына тиісті бағасын бергеннен кейін тауар тұтынушыға жол тартады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты айына 40-50 тонна өнімді құрайды. Галина Лукьяновна бұрынырақта резеңке ленталарын компания құрылымындағы кәсіпорын өндіріп келгенін айтады. Федоровкадағы зауытта. Алайда, ол жердегі қондырғы істен шығып, қазір Канада, Италия, Башқұртстандағы өндірушілерге тәуелді болып отыр. Федоровтағы зауыттың роторы, камерасы сынды жабдықтар Болгарияға жөнелтіліпті. Түркия– дан да жаңа аппараттар жеткізілуі тиіс. Міне, осы мәселелер оңынан шешіліп кетсе, келесі жылдың басына резеңке өндіруді қайта қолға алмақ. Әзірге, қымбат болса да шетелдік серіктестердің тауарымен амалдай тұрады.
КЕЛЕШЕККЕ ЖОСПАР – КЕҢЕЮ
Әдетте, ірі кәсіпорындарда кадр тапшылығы, оның ішінде, заманауи технологияны меңгерген мамандар жетіспеушілігі туралы жиі әңгіме болатын. Ал, мұнда бұл мәселе толығымен шешімін тапқан. Еуропалық технология тиісті деңгейде жолға қойылған. Күрделі жабдықтар істен шықса, бірден жөндеуге мамандардың қарымы жетеді. Сонымен қатар, дәнекерлеуші, престеуші, металл кесуші сынды жұмыс күші де жеткілікті. Қырықтан астам еңбеккер бар. Металл кесуші Мыңжасар Ахмедиев зауытта ертеден еңбек етеді.
– Мен мұнда компанияның іргетасы қаланған кезден бері жұмыс істеп келемін. Жаңа орынға көшкенде де бірден баруға келістім. Зауытта тұрақтылық бар. Басшылық зауытты кеңейтуге жоспар құрып отыр. Демек, болашаққа деген сенім зор. Зауытпен бірге біздің де жағдайымыз жақсара беретініне күмәнім жоқ, – дейді жұмысшы.
Иә, кәсіпорын келешекте өндіріс қуатын екі есе арттыруға жос пар құруда. Сол уақытта қосымша 40 жұмыс орны құрылмақ.
СУРЕТТЕРДЕ:
1. Металл кесуші Мыңжасар Ахмедиев 80 мм-лік болатты кесуде.
2. Престеушілер – Андрей Рудер мен Юрий Герман дайын қаптаманы пресс-машинадан алып шықты.
3. Кәсіпорын өнімі.
Нұрқанат ҚАНАПИЯ.
Суреттерді түсірген Руслан ҚАЛИЕВ.