Көктем жаршысы

Қыран – құдірет. Үкі – кие. Аққу – қасиет. Қаз – сұлулық. Сұңқар – бекзадалық. Қырғауыл – аңыз. Қарлығаш – мейірім. Қызғыш – қорған. Қарға – тамыр. Қасқалдақ – бауыр. Бозторғай – ән. Бұлбұл – саз. Көк аршын – бейбітшілік. Шақшақай – хабаршы. Қарақұс – құзғын. Сауысқан – өсекші. Қазақтың ой мен тіл құдіреті барда бұл тізім таусылмақ емес. Ал, әңгіме наурызек атанған шақшақай жайында болмақ.

 

Қазақтың сайын даласына жазғытұрым келгенін жар салып кіретін құс – наурызек. Оның атын естімегендер аздап үркіп қалып жатады. Иә, Жетісу мен Самарқандағы, Сыр бойы мен Хазар теңізінің бойын жайлаған халықтың сәлемі мен алтын күннің шуағын асқақ алтай мен асқар Оралдағы түбі бір Түркі бауырға жеткізетін қасиетті құстың кейінгі есімі осындай. Негізі, оның ақшақшақай, ақкөт торғай сынды тағы екі аты бар.

Қазақтың тілі жандыны да, жансызды мақтаса аспанға көтеріп, даттаса жер түбіне жіберетін әсерлі де, әсіре сөздерге бай ғой. Сондықтан, осы жыл құсын еркелеткенде ақшақшақай,  кемсіткенде, ін аузындағы ақкөт торғай дейді. Оны «Абай жолындағы» Құнанбайдың ояз тілмашына айтқан кекесінінен аңғарсақ та болады.

Бұл құстың болжау қасиеті – басқа қанаттылардан ерек. Қалған жыл құстары тым ерте келіп, не кеш қайтып, ауа райынан шатысса, торғай бітімді шақшақай еш қателеспейді. Сондықтан да, туған мекені терістік арқаға қардың көбесі сөгіле бастағанда ғана жетеді екен.

Қазақ даласының барлық жерінде кездескенімен, арқаның жоғары тұсы мен терістікте ғана ұя салып, балапан шығарады. Суырдан қалған ескі інді мекендейтін шақшақайдың өжеттігінен қырантекті құстар да, жыртқыштекті аңдар да қатты қаймығады екен.

Шақшақайдың түрі торғайға ұқсағанымен, табиғаты – әнші құстарға тән. Тағы бір ерекшелігі, ол торғайша секеңдемей, жүгіре жорғалайды. Шақшақайдың құйрығы ән салғанда ғана қимылсыз қалады. Жай тұрғанда тыншыса, ғұмырының аяқталғаны екен. Таң қаларлық дүние – бір мекенде кездесе қалса, шақшақай мен қарлығаштың дос болатындығы.

Күллі құрлықтарға берекенің хабарын жеткізетін шақшақай құс – қазақтың да бір киесі.

Құрманғазы ӨТЕБАЙ.