2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру ісінде орта білім беру жүйесі өте маңызды рөл атқаратынына тоқталды.
Бүгінде Президент тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Бұл маңызды жұмысты «Самұрық-Қазына» қоры қадағалап отыр.
– Үкімет пен әкімдер бұл шаруаға белсене атсалысуға тиіс. Депутаттар да ортақ істен шет қалмайды деп ойлаймын. Үкімет жайлы мектептерді арнайы басқару жүйесін енгізуді ойластыруы керек. Сонымен бірге, еліміздегі 1300 мектепке күрделі жөндеу жүргізу қажет. Үкімет әкімдермен бірге оны қаржыландыру көздерін анықтап, соның ішінде демеушілерден де қаражат тартып, 3 жыл ішінде бұл мектептерді толық жаңартуы керек.
Мемлекет кепілді төлемдер үшін қыруар қаражат бөледі. Оның ішінде жекеменшік мектептерге берілетін қаржы да бар. Мысалы, 250 мыңнан астам бала оқитын жекеменшік мектептерге биылдың өзінде бюджеттен 134 миллиард теңге бөлінді. Ата-аналар мемлекеттің жеке меншік мектептерге нақты көмек беріп жатқанын білуге тиіс. Осыған орай әр балаға норматив бойынша бөлінген қаражат көрсетіліп тұруы қажет. Сонда азаматтарымыз әлеуметтік бағдарламаларға бөлініп жатқан қаржы туралы шынайы ақпараттан хабардар болады, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Материалды әзірлеген: Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.