Ресми

Сенатор сапары: сенімге серпін

ҚР Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Рысқали ӘБДІКЕРОВ Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді. Қарқаралы ауданында болып, өңірдегі құрылыс нысандарында, мектептер мен медициналық мекемелерде болды. Сенатор медициналық қызметкерлер мен жас отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аударды.

 

Рысқали Қалиақбарұлы Қарқаралы қаласындағы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан көппәтерлі 4 тұрғын үйдің құрылыс алаңында болып, мектеп, колледж ғимараты мен дәрігерлерге арналған жатақхана құрылысымен танысты. Сенатор жергілікті билік осындай әлеуметтік маңызы бар нысандарға айрықша назар аударуы керектігін қадап айтты.

Ауданда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл жалпы сомасы 553 млн. 562 мың теңгеге 6 жобаны іске асыру жоспарланған. Сонымен қатар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасына 998 млн. 944 мың теңге бөлінген. Осы бағдарламалар аясында халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 114 адам жұмысқа орналастырылды.

Рысқали Әбдікеров сот жүйесінің өкілдерімен де кездесті. Ол бірқатар заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін айырықша атап өтті. Сот ғимаратын аралау барысында сенатор сот отырысы залдарындағы заманауи жаңа технологиямен жабдықталған дыбыс-бейнежазба жүйесіне оң баға берді. Осы жерде тұрғындарымен жолығып, сот жұмысы мен сот жүйесінде жүзеге асырылып жатқан реформалар туралы ой-пікірін тыңдады.

Сапар кезінде сенатор ауыл шаруашылығының дамуына ерекше назар аударды. «Тегісшілдік» ауылдық округіндегі «Қарыншы» егіс алқабында болып, әңгіме барысында саланы мемлекеттік қолдау шаралары туралы сөз қозғады. Сонымен қатар, ол аграрлар мен фермерлерге егістік алқабын ұлғайту, мал басын көбейту мақсатында қосымша субсидия берілетінін жеткізді. Осылайша өңірдің ғана емес, жалпы елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жол ашылатынын айтты. «Қарағайлы» кенті тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және Т.Әубәкіров атындағы кентке барар жолды жөндеу қажеттігін атап өтті.

Сенатор сапарын облыстың Бұхар жырау ауданында жалғастырды. Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету жоспарымен танысты. «Алдағы уақытта «Үштөбе», «Доскей», «Көкпекті», «Жаңа-Өзен» ауылдарында 400-ге жуық үй салынады. Қазір мемлекеттік бағдарламаға сәйкес бірнеше көппәтерлі тұрғын үй салынып жатыр» – деді сенатор. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасын іске асыру шеңберінде биыл «Ботақара» кентінде жалпы сомасы 862,5 млн. теңгелік 3 жоба іске асырылуда. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасына инфрақұрылымдық жұмыс жүргізуге бағытталған 31 жоба еніп, 1 млрд. 503 мың 622 теңге қаржы бөлінді. Белгіленген жобаны жүзеге асыру барысында 379 жұмыс орны ашылып, 186 адам жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен орналасты.

Жұртшылықпен жүздесуде Мемлекет басшысы ұстанған әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттары туралы әңгіме қозғалды. Сенатор халықтың тұрмыс деңгейін көтеруге және ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған ұсыныстардың маңыздылығын атап өтті. Жергілікті билік өкілдері әрбір тұрғынның сауалына тиянақты жауап беріп, пандемия кезінде дәрі-дәрмек жетіспеушілігіне бұдан былай жол берілмеуі керектігін айтты. Сондай-ақ, дәрігерлерді қолдау, коронавируспен күресте оларға қажетті барлық жағдайды жасау маңызды екенін еске салды. Қорғаныш құралымен, дәрі-дәрмекпен ғана емес, сонымен қатар ыстық тамақпен де қамтамасыз ету керектігін атап өтті. Денсаулық сақшылары әлі күнге дейін адам өмірі үшін күресуде.

«Ботақара» кентіндегі дүкенде болғанда азық-түлік бағасына назар аударды. Жергілікті билік нарықта қалыптасқан жағдайды жіті қадағалап, әлеуметтік маңызы бар тауардың бағасы рұқсат етілген мөлшерден асып кетуіне жол бермеу керектігін атап өтті. Жәрдемге мұқтаж жандарға азық-түлік жиынтығын жеткізіп беру мақсатында еріктілердің қайырымдылық акциясын жалғастыру жөнінде ұсыныс жасады. Құқық қорғау органы қызметкерлерімен кездесу кезінде учаскелік инспекторлар қатарын көбейту және қызметтік көлікпен қамтамасыз ету қажеттілігі тілге тиек етілді. Полицейлер сенатордан Қазақстан Республикасының «Автомобиль көлігі туралы» Заңға жолдың бұзылуына себеп болып жүрген ауыр салмақты көліктің қозғалысын шектейтін толықтыру енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Осакаров ауданында «Ауыл – Ел бесігі» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары аясында 40-тан астам жоба іске асырылуда. Бұған 3 млрд. теңге шамасында қаражат бөлініп, 200-ден астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған. Рысқали Қалиақбарұлы аудандық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Ақмағамбетовамен, орта мектеп директоры Игорь Гененбергпен және мердігерлермен кездесті. Ол жаңа оқу жылында қашықтан оқыту жалғасатынын ескеріп, білім беру үдерісін қамтамасыз ететін интернет байланысының сапасына назар аударды. Сондай-ақ, мектептерді жөндеу жұмысымен танысты.

Аудандағы медициналық мекеме мен дәріхана жұмысына, дәрі-дәрмекпен жабдықтауға көңіл бөлді. Орталық аудандық ауруханаға арнайы барған депутатқа мамандар дәрі-дәрмек пен қажетті қордың жеткілікті екенін. Ауданда коронавирус жұқтырған 142 науқас тіркелген. Дәрігерлердің арқасында 109-ы емделіп шықты. Сенатор халықпен тығыз байланыс орнатудың маңызына тоқталып, қазіргідей күрделі кезеңде оның өзектілігі арта түскенін тілге тиек етті.

«Қазақмыс» корпорациясының «Бөрлі» көмір разрезіне жолы түскенде шахтерлердің пандемия кезіндегі жағдайы және жұмысымен танысты. Сондай-ақ, «Жансары» ауылындағы саумалдан құрғақ ұнтақ өндіретін кәсіпорынға арнайы ат басын бұрды. Онда 150 адам жұмыспен қамтылған. Зауыт басшылығымен кездескенде депутат мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына көрсетіліп жатқан қолдау шарасына тоқталды.

Нұра ауданына ат басын бұрған сенатор сапарының негізгі мақсаты — ел игілігіне бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалып жатқанына көз жеткізу еді. «Шахтер» және «Ахмет» ауылына барғанда тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысты. «Шахтер» ауылында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында төрт жоба іске асырылуда. Мұнда ауылдың ішкі жолын жөндеуге, көшені жарықтандыруға – 11,8 млн. шағын орталық салуға – 63,0 млн. Шайменов атындағы мектепті жөндеуге 8,8 млн. теңге бөлінген. Сенатор ауыл басшылығының атқарып жатқан жүйелі жұмысына ризашылық білдірді.

Шағын орта бизнес нысандарын, бірнеше дүкен мен шағын маркетті аралап, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеуге кәсіпкерлер назарын аударды. Ауданда жалпы 1,5 млрд. теңге қаржы игеру көзделген жиырмаға жуық жоба қолға алынған. Оның ішінде 15 жоба инфрақұрылым саласына тиесілі, қалғаны — инвестициялық бастама. Қазір ауданда мектеп құрылысы және жол жөндеу жұмысы жүргізілуде. Көшеге жарық шамы орнатылып жатыр.

Сенат депутаты коронавирус індетіне қатысты аймақтағы ахуалға ерекше көңіл бөліп, орталық аудандық ауруханаға арнайы барды. Мамандар пандемия басталғаннан бері ауданда 1700-ге жуық азаматтан сынама алынғанын айтты. Соның 246-сы дерт жұқтырғаны анықталған. Дегенмен, бүгінде әрбір 10 сырқаттың 9-ы емделіп шыққан.

Сенатор емдеумен бірге, ауруды анықтау, алдын алуды үнемі басты назарда ұстау маңызды екенін ескертті. Сенатор аудандық прокуратура қызметкерлерімен кездесуде бұл саладағы қызмет сапасын арттыру мақсатында Үкімет арнайы бағдарламаны қолға алғанын және Парламент бірқатар заң қабылдағанын жеткізді. Қылмыстық кодекске бірқатар түзету енгізілгенін тілге тиек етті.

Сапар соңында сенатор облыс басшысы Жеңіс Қасымбекпен кездесіп, әңгіме барысында өңірдің өзекті мәселелері, оның ішінде автомобиль жолының сапасы, ауылды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, экологияны жақсарту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, сондай-ақ өңірдегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру мәселелері қозғалды.

Жазыкен ТОМПИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button