РуханиятТұлға

«Шолпан десе, Шолпан ғой!»

Қазақ халқының рухани байлығының бір саласы, көне Грекия жеріндегі Эллада тауының бөктерінде дүниеге келген театр өнері, бүгінгі таңда төл шығармамыздай әлемдік сахна аспанында шарықтап тұр. Сол сахна өнерінің қайнар бастауы Алматының М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік Академиялық драма театрында ұлттық сахна өнерінің мақтаныштары: КСРО Халық әртістері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Қ.ҚУАНЫШБАЕВ, Ш.ЖАНДАРБЕКОВА, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Р.ҚОЙШЫБАЕВА (ЖЫЛҚАЙДАРОВА), Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері: Х.ЕЛЕБЕКОВА, К.СЫЗДЫҚОВА, Р.САЛМЕНОВ есімдері театр тарихында алтын әріппен жазылып қалды. Осы алыптардың алтауы да қасиетті Қарқаралы топырағынан.

Өткен ғасырдың 60-шы жылдарының ортасында М.Әуезов театры жанындағы студияда оқып жүргенімде Р.Қойшыбаевадан (1963 жылы өмірден өткен) басқасының бәрін көрдім, ойындарына қанық болдым. Әсіресе, Шолпан Жандарбекова талантының жан-жақты жарқырап, кемеліне келген шағындағы сан алуан образдарын көріп қана қоймай, қалай ізденгенін, творчество адамы ретінде репетиция кезінде режиссерлермен ақылдаса отырып ортақ пікірге келгенше, түсініп бойына сіңіріп алмайынша сахнаға шықпайтын өр мінезіне де куә болдым. Шолпан апай Алматы театр көркем сурет училищесінде оқып жүріп-ақ М.Әуезовтың «Сын сағатта» (1942 жылы) драмасында Рәш деген қыз болып ойнауымен ұлттық театр табалдырығын аттап, үлкен сахнада томағасы сыпырылып, өнер көгіне қанат қақты. Ұлттық сахна өнерінің алып тұлғалары Қ.Қуанышбаев, С.Қожамқұлов, Е.Өмірзақов, Қ.Батыровтар алғашқы қадамынан-ақ болашақ талантты өнер иесі келгеніне қуана ақ баталарын беріп, өздері өмірден өткенше жаңа табыстарына куә болып, Шолпандарымен мақтанып өтті. Әсіресе, Қ.Қуанышбаев Шолпан апай Ғ.Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтоқты» драмасындағы Ақтоқты рөлін алғаш сомдағанда спектакль біткен соң ерекше тебіреніспен құттықтап тұрып: «Шолпан десе, Шолпан ғой!» деп мақтанышпен бәріне жар салғаны – ұлттық сахна өнеріне тамаша драматургиямен бірге Жандарбекова атты жаңа жұлдыздың жарқырағанын білдірмей ме?! Сахнада Шәкен Аймановтай айтулы шебердің бейнелеуіндегі ақтаңгер Ақан серінің сүйіктісі Ақтоқты болып, аққудың үлбіреген балапанындай нәзік, Арқаның ақ қайыңындай сүйкімді, сыңғырлаған мөлдір бұлақтай таза Аруды халық аузындағы Ұлы Дала өңіріндегі сұлулықтың символына айналған Ақтоқты дәрежесіне дейін көтеріп, бүгінгі күнге дейін эталон болып тарихта қалдырды. Жандарбекованың Ақтоқтысы – бүгінгі жас әртістер үшін биік меже. 1958 жылы Мәскеуде өткен декада кезінде Ақтоқтыны көрген орыстар, әсіресе, сыншылар Шолпан апайдың Ақтоқтысын сұлулық символына теңеп, жоғары баға берген. Мен өзім 1966 жылдары Ақтоқтыны көргенде Шолпан апайдың сахнадағы жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі айдында жүзген аққудай әсерге бөледі. Әсіресе, «Жалмұханға күйеуге шықпаймын» деген ішкі жан дүниесінің қопарылысын қандай шеберлікпен жеткізді. Сол заманға тән әдет-ғұрыптың шеңберіне сыймай, сүйкімді көгілдір балапанның қара қарғалардың талауына түсіп айбар шеккеніндей жанталасты көргендей қалыпқа түсесің. Ақтоқты Шолпан апайдың визиткасы болып, 25 жылдан артық сахна төрінен түспей, көрермендердің құрметіне бөленіп, рухани ләззат сыйлады. Сол жылдар аралығында М.Әуезовтың «Еңлік-Кебегінде» – Еңлік, «Қара Қыпшақ Қобыландысында» – Құртқа, «Абайында» – Тоғжан, «Айман-Шолпанында» – Шолпан, Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш-Баян Сұлуында» – Баян сынды қазақ аруларының сахналық бейнелерін ерекше шабытпен сомдап, шеберліктің биік шыңдарын бағындырса да, Ақтоқты образы Жандарбекованың өзіне ғана тән ешбір таланттың қолы жетпейтін эталон ретінде тарих бетінде қатталып қалды. Өйткені, Қуанышбаев десек – Абай, Майқанова десек – Толғанай, Жантөрин десек – Шоқан тіркесі ауызға түскендей, Жандарбекова десе алдымен Ақтоқты еске түседі.

Шолпан апайдың ерекше өнімді, нәтижелі рөльдер ойнаған шағы 1965-1975 жылдар. Оған дейінгі ұлттық драматургиялармен қатар, әлемдік драматургияларда: Шекспирден «Отеллода» – Дездемона, Н.Хикметтен «Фархат-Шырында» – Шырын, Ж.Б.Мольерден «Сараңда» – Марианна, тағы басқа кейіпкерлерінің заманына сай образдар сомдап, сыншылардан жоғары баға алып, көрермендердің қошеметіне бөленді.

Актерлік жетістіктің бір ұшы – қатар ойнайтын әріптесіңде. Әріптесіңмен түсіністік мықты болып, біріңе-бірің сүйеу бола білсең, образың жанданып, жарқырап шыға келеді. Ал, әріптесің Крыловтың мысалындағыдай Шаян, Аққу, Шортандай жан-жаққа шашырай тартса, еңбегің еш болатыны сөзсіз. Шолпан апайдың талантының жарқырауына сол шақтағы актерлер құрамының мықтылығы, театр репертуарының ерекшелігі де сеп болды. Сол кезде театрдың алғашқы қарлығаштарының көзі тірі, сахнаның асқақ майталмандарына айналған кезі. Олардың ізін басып, Мәскеу, Ленинград, Ташкент қалаларынан Ы.Ноғайбаев, Н.Жантөрин, Х.Бөкеева, Алматы училищесінен Б.Римова, Ш.Жандарбековалармен толығып, табиғи талант пен теориялық білімнің қабысып, ұлттық рухани қазынаның толықсыған сәті еді. Шолпан апай сахнада Ш.Айманов, Н.Жантөрин, Ы.Ноғайбаевтармен әріптес ретінде өнер қазанында бірге қайнап, биік парасаттылықпен, сахна өнерінің тылсым дүниесінің кілтін тауып, табыстың мол қазынасына ерекше шабытпен ортақтасты. Әсіресе, Шәкен Аймановтың Ақан серісі мен Шолпан апайдың Ақтоқты, Отелло мен Дездемоналар бірінсіз бірі толыққанды болмайтын образдар еді. Екеуі қатар шаппаса, біреуі сүйретіліп шабандап қалса, шығарма тұтастығынан айырылып, көркемдік дәрежесінен төмендейді. Сондықтан да, жарау аттай бір-бірінен қалыспай, сәйгүліктей жортып отырса, жаның рахаттанып, ләззат аласың. Мәскеудегі жетістіктен кейін Ш.Айманов Шекспирдің 400 жылдығына ұлы драматургтің елінде «Оттелодан» қазақша үзінді көрсетіп, мерейтойдың шырайын келтіріп, қазақ сахна өнерінің мерейін асқақтатып қайтты. Әсіресе, 1964 жылы Ш.Аймановпен бірге ойнаған Шекспирдің «Отеллосындағы» Дездемонасы өзінің шынайлығы, пәктігі, сенгіштігімен Мәскеу қаласы сыншыларының жақсы бағасына ие болды. Сол сапарында қазақтың ойлы, шебер актері Н.Жантөрин Яго образымен Одаққа аты шықты. Жантөрин мен Шолпан апай сахнада көптеген спектакльдерде бірге ойнап, бірін-бірі көздерімен-ақ түсінісетін шебер актерлер болатын. «Фархат-Шырында» Нұрмұхан аға – Фархат, Шолпан апай – Шырын, «Қозы Көрпеште» бірі – Баян, бірі – Қодар, «Шоқан Уалихановта» Нұрмұхан аға – Шоқан болса, Шолпан апай – сүйіктісі Айжан болып сахна төрінің шырайын келтіріп, ерекше табыстарға ие болды.

Біз студент болып жүрген кезімізде Шолпан апай алғашқы рет арулар бейнесінен аналар образына ауыса бастады. 1966 жылы қызылордалық режиссер Мен Дон Ук жапон жазушысы Коарудың «Шығыстағы бір бейбақ» атты көлемді драмасын Әуезов театры сахнасына шығарды. Сол драмадағы басты кейіпкер Кэйдің образын Шолпан апай ойнады. Кейіпкерінің күрделілігі сол, Кэйдің екі ғұмыры: қыз кезі мен үлкейген шағын апай бір өзі ойнады. Көптеген театрларда екі әртіс, екі кезеңін шығаратын. Жастық шағын: жетім қыздың үй қызметкері кезі, алып ұшып, тиянақты, тіл алғыш, адалдығымен үй иесін де, көрерменді де баурап алады. Ал, екінші актідегі сол үйдің қожайыны өзі болып, отбасына иелік ететін кезеңінде, отбасы тартысында үлкен ауыртпашылыққа кездессе де, есепсіз еңбегінің арқасында, режиссердің тегеурінді талабы мен толыққанды дұрыс бағыт беруінің салдарынан Шолпан апай ұзақ ізденістер мен қиналыстарды жеңіп, нағыз жапон халқына тән, автордың ойлаған образын қазақ сахнасына әкелді. Кэй – Шолпан апайдың аналар образын сомдаудағы алғашқы қадамы, өте сәтті басталып, әрмен қарай аналар образы галереясы жалғасын тапты.

1967 жылы С.Жүнісовтың алғашқы «Ажар мен ажал» драмасы театрда қойылғанда, Шолпан апай Ажарды ойнады. Қоюшы режиссер – сол кездегі жас маман Қадыр Жетпісбаев, (кейіннен Қазақстанның Халық әртісі). Көпшілік сахнасында – біздер студенттерміз. Ажардың ұлы Олжатай рөлінде талантты жас актер Е.Жайсаңбаев және біздің студент Ә.Рахымов болатын. Драматургияның күрделілігі сол, қазақтың үш классик жазушысы – М.Әуезов, Б.Майлин, Ғ.Мүсіреповтың әңгімелерінен құрастырылып, бір ізге түскен өте тартымды дүние. Қақтығыстары, шиеленістері мен шарықтау шегі, образдар жасауда автор үлкен шеберлік танытқан. Ажар – Шолпан апай кейіпкерін классикалық дәрежеге жеткізу үшін көп еңбектенді. Қолынан Б.Майлиннің кітабы түспейтін. Режиссерге «Раушан коммунист» әңгімесінің әрбір ұтымды тұстарын қайта-қайта нұқып көрсетіп: «осы жерін алайық, Ажардың жаңа өмірге ұмтылғандығын көрсететін жер – осы» деп айтысып-тартысып отыратын. «Күрескер Ажар керек. Мына жері алдыңғы көріністе бар, ал біз Раушанның мына сахнасын алайық. Авторға айт, өзгертсін», – деп, көптеген сахналарды лайықтап, Ажар рөлінің жан-жақты ашылып, жаңа заманның халқы үшін көрнекті әйелдер сапына көтерді. Түсіністікпен аянбай еңбек еткеннің арқасында спектакль Қазан революциясының 50 жылдығына арналған Кеңес Одағы бойынша өткен байқауда үшінші орын алып, лауреат атанды. Ал 1980 жылы Ажар рөлімен және Мұхамеджановтың «Жат елде» драмасындағы Еуропаның «беті жылтыр, іші түтін» сылқым келіншек, күйеуі Құрбанды ұйымымен сатып кеткен Ева ханымды шебер ойнағаны үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Бұрын тек арулар мен жағымды кейіпкерлерді ойнап қалған Шолпан апайды қолында темекісі, шашы сары түске боялған, іс-әрекеті өрескел, Батыстың қылымси сөйлейтін дағдысын меңгерген өрескел күлкісін көргенде, көрермендердің жамандыққа қыймай, жатырқап қалғаны рас. Алайда, Шолпан апайдың ойнау мәнеріндегі шынайылық ешнәрсені аңғаруға мұрша бермеді.

…Шіркін, алдыңғы толқын аға-апалар, қандай кең еді! Бірінің жетістігіне бірі қуанып, табыстарына ортақтасып, шалқыған көңілдерімен жүректері жарылардай қуанатын! Жақсылықтарын жел тиген оттай лаулатып әкететін. Шолпан апай да кейінгі толқын ізбасарларына қамқорлығын аямайтын. Әсіресе, шәкірттеріне. 1967 жылдан Құрманғазы атындағы консерваторияда актерлік факультетте сабақ берді. Алғашқы шәкірттері – Қазақстанның халық әртісі Т.Мейрамов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты С.Қажымұратов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері М.Оспанов, Б.Ыбыраев, Ә.Оразбеков, К.Нұрланов, Б.Құрманқожаев түгелдей Шолпан апайдың шәкірттері. Біздің театрдың көрнекті әртістерінің бірі Б.Кемалова да – Ш.Жандарбекованың класынан бітірген талантты шәкірттерінің бірі. Апай туралы сағынышпен еске алғанда: «Шолпан апай өте қарапайым және қайырымды болатын. 3-4 күндік мерекелерде жақын жердің балалары ауылдарына қайтып кеткенде, алыс облыстың қыздарын үйіне алып кететін. Мерекеде жатақханада жатасыңдар ма, үйге келіңдер деп, жігіттерге әдейі тамақ дайындап, түстікке шақыратын», – деп отырады.

Қ.Қуанышбаев Құрманбек Жандарбековпен күйеу баласы болған соң қалжыңдасып қатты ойнайды екен. Көрген кезде: «Жануарларың қалай, өсіп келе ме?» деп жиендерінің қалын сұрайтын көрінеді. Өйткені, Шолпан апайдың балаларының есімі Ақбаян, Ақтоқты, Аққозы екен. Шолпан апай балаларын қатты жақсы көретін. Әсіресе, ұлы Аққозыны ерекше сүйетін. Соның әсері шығар, Қозы өмірден өткен соң өзі де соңынан кете барды.

Шолпан апайдың туған жеріне ең соңғы рет келгені әлі есімде. Гастрольмен «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклін қойып, өзінің шәкірттерін басқарып Қарқаралыға соқты. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Р.Омарбекова Қарқаралыға апарып салуды маған тапсырды. Жол бойы апай көп әңгімеге араласпай, көлік терезесінен алысқа көз жіберіп, мазасыз үлкен ой құшағында болды. Мүмкін туған әкешешесін, бал дәурен балалық шағын еске алып, Алматыға оқуға аттанғанынша осы өңірде өткен ауыртпашылыққа толы қиын кезеңнің басынан өткен жағдайларын еске түсірді ме екен?.. Өйткені, ол жылдар қазақ елінің аумалы-төкпелі зобалаң жылдарының қиын кезеңі еді ғой. 1922-1935 жылдардағы өмірі осы Қарқаралы ауданы Нұркен ауылында өткен. Апай өзі ешуақытта шәкірттеріне өмір жолын айтпайтын көрінеді. Көптеген кітаптарды да ақтардым, замандастарының естеліктерін де оқыдым, бірақ, Қарқаралы өңіріндегі ең тәтті балалық шағы туралы ештеңе кездестірмедім. Шәкірттеріне тек: «Мен Қарағанды облысы, Қарқаралыданмын, руым – Қаракесек» дегеннен әрі ештеңе де айтпайтын көрінеді. Және туыстары, әке-шешесі кім болды, ешқандай мәлімет жоқ. Тек әкесінің аты Исабек екені ғана белгілі.

Ең соңғы келгенінде қарқаралылықтар қалаға жақындағанда күтіп алып, үлкен құрмет көрсетті. Сонда апайдың жүзі балбұл жанып: «Міне, біздің елдің адамдары – осындай!» – деп ерекше қуаныш үстінде болды. Қайтар жолда шәкірттері автобуста, Шолпан апайды мен жеке көлікпен алып келе жатқанмын. «Шахтер» демалыс үйінің үлкен тасжолға шығар бұрылысына тоқтатып: «Енді қашан келерімді бір Құдайым біледі, анау төбенің басына шығып бір емірене ауасын жұтайыншы» деп жалғыз өзі төбеге көтеріліп кетті. Төбе басында соққан Арқаның самал желі басындағы гүлді орамалының ұшын артқа қарай желбіретіп, қара көзілдірігінің астындағы туған жерін қимай тұрған мөлдір көзімен, аяулы перзентімен қоштасқандай емірене аймалап тұрғандай, жан-жағына қарап ұзақ тұрды. Алыстағы Кентке, жанындағы Комсомол шыңының биігіне алыстағы мұнартқан жолдарды тағы да бір шолып өтіп, тізесін бүгіп, бетін сипады да, орнынан тұрып, үн-түнсіз көлікке отырды. Көзәйнегін шешкенде көзі қызарып тұрғанын байқадым. «Жылаған-ау, шамасы» деп жорыдым. «Арқаның ауасы ғажап, Алматының ауасы да жақсы ғой, тек дымқылдау» деп туған жердің табиғатын тағы да бір асқақтатып қойды. Қарқаралыдан асып, Қарағандының күре жолына түскенде артына бұрылып: «Қайта айналып келгенше» деп тауға мейірлене қимай қарап қоштасты. Өкініштісі, қайтып Қарқаралыны көруге жазбады. Елі ардақтап Қарағанды қаласынан көше берді. Қазақ халқы барда сахна айдынының аққуындай болған «өнердің Ақтоқтысы» Шолпан Жандарбекова халқымен бірге. Өйткені, айтса айтқандай-ақ «Шолпан десе Шолпан еді-ау»!

Кеңес ЖҰМАБЕКОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері.

Басқа материалдар

Back to top button