Жаңалықтар

20. Жәрмеңке: көптен күткен күн

«Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген. Қазақтың бұл сөзін қуаттайтын дәлел жеткілікті жер жүзінде. Адамзат өркениеті бағзыдан су бойында өркендеп, мыңдаған жылдар бұрын іргетасы қаланған мыңдаған ірілі-ұсақты шаһар бүгін де күн санап көркейіп жатыр. Аштық жылдары миллиондаған қазақ балық аулап, тірі қалды. Дегенмен, біздің ендігі сөзіміздің бұл мысалдарға қатысы жоқ. Тек, жоғарыдағы мақалдың ептеген өзгеріспен ел аузында тарап кеткенін айтқымыз келген… «Қазір «Жәрмеңке жағалағанның өзегі талмайды», – деді қос қап картопты көлігіне артып жатқан жігіт ағасы.

– Базарда келісі – 190-нан. Жәрмеңке болмаса, қалтаңыздың түбін қағасыз». Мақалдың өңін айналдырған шомбал қара «тауып айттым, білемін» дегендей масаттана қарайды. Сенбінің таңы бозара Қарағанды жұрты «Global Citу» сауда кешеніне қап-қанарын арқалай жетті… Бүгін көптен күткен күн туды.

МЫҢ ЖАРЫМ ТОННА ЫРЗЫҚ

Әлемдік пандемия жағдайында жәрмеңке өткізу мұңға айналғаны рас. Бұл – биылға алғаш рет ұйымдастырылып отырған шара. Облыстық деңгейде. Біраз бұрын облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері астанаға барып, Қарағанды ырзығын елордалықтарға ұсынып келген-ді. Алдағы екі сенбіде тағы да облыс орталығында жәрмеңкенің шатыры жайылмақ. Сенбіде «Global Citу-дің» маңы көлікке толды. Қарақұрым адам. Әрине, қымбатшылық кімге оңай соғыпты. Базардағы баға күн санап көтеріліп барады. Бүгін 100 теңгеге алған бір бөлке наныңызға ертең 110 теңге сұраса, таңғалмайтын халге жеттік. Дүкеншіні де кінәлай алмайсыз, кімге барып шағымыңызды айтарсыз?! Сондықтан, алғашқы жәрмеңкені ел тағатсыздана күткені рас. «Global Citу» орналасқан алап кең. Көлік қарасы қалың болғанымен, жұртты әуреге салған кептелісті байқамадық. Майқұдық, қала, Оңтүстік-шығыстан келетіндердің жүрісіне оңтайлы. Ал, жаяулар №02, 5, 29, 40, 56, 146 қоғамдық көліктерімен жетті. Шатырлар орналасқан іштегі алаң да ат шаптырым, ығы-жығы халықтың ыңғайы үшін кеңінен орын теуіпті. «Жылдағыдай емес, жәрмеңкеге бұл орынның таңдалғаны жөн болған екен», – дедік біз іштей. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жәрмеңкеге 8 аудан қатысты. Яғни, сегіз аудандағы жүздеген шаруа қожалығы, серіктестіктер мен компаниялар бар дәмдісін осында алып келді. Ресми мәлімет бұл күні алаңға 1564 тонна азық-түлік жеткізілгенін айтады. Мұның ішінде 185 тонна ет, 990 тонна картоп, 250 тонна көкөніс, 54 тонна сүт өнімдері, 390 мың жұмыртқа, 27 тонна балық бар. Баға – нарықтағы құннан 10- 15 пайыз төмен. Мәселен, еттің келісі түлігіне қарай 1800 теңгеден 2200 теңгеге дейін бағаланды. Ал, картоп, қызылша, сәбіз бен қырыққабаттың келісі – 100 теңгеден, пияздың келісі 90 теңгеден саудаланды. Тауықтың он жұмыртқасын сұрпына сәйкес 220 теңгеден 320 теңгеге дейін сатып ала аласыз. Біз де осы жәрмеңкенің басы-қасында жүрген азаматтармен кездесіп, бір ауыз тілдесудің орайын таптық.

ДАЛАДАН ЖЕТКЕН ДӘМ

Жәрмеңке қақпасынан аттай бере алғашқы кездескен Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Арман Дардақов болды. Ауданның ауыл шаруашылығы саласына жауапты азамат жәрмеңкеге тыңғылықты дайындықпен келгендіктерін атап өтті.

– Өткенде Елордадағы жәрмеңкеге барып келген соң бірден облыстық шараға дайындыққа кірістік. Біздің фермерлеріміз бұл іске ертеден жауапкершілікпен қарап келеді. Өйткені, Бұқар жырау ауданы Қарағандымен іргелес жатыр. Өзге қоңсы аудандар сияқты жүктің ауыры бізге де түсетіні мәлім. Сондықтан, әзірлік барысында кез келген ұсақ-түйек мәселені шет қалдырмауға тырыстық, – дейді Арман Дардақов. Бұқар жырау ауданы бұл жолы 6 тонна – сиыр, 2 тонна – жылқы, 2,5 тонна шошқа етін әкелді. Бұдан бөлек, 3 тонна құс еті, 1,5 тонна сүт өнімдері, 80 мың жұмыртқа, 70 тонна картоп пен 15 тонна көкөнісі бар. Үштөбеде ет өнімдерін шығаруды қолға алған «Экоет» компаниясының тауары да жәрмеңкеде сөреден орын алды. Жалпы, жәрмеңкеге ауданнан отызшақты ұйым атсалысты. Облыс орталығына жақын аудандар қатарында Осакаров та бар. Аудан фермерлерінің бұл жолғы керуенінің жүгі ауыр. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қабылда Әбілдинов айтқандай, 30 тонна картоп – осакаровтықтардың үлесінде.

– Біз «Найдоровское» шаруашылығының 30 тонна картобын, Мирный ауылындағы «Тонус» ЖШС-нің ірімшік, құрт, сары май, йогурт сынды сүт өнімдерін әкелдік. Сондай-ақ, «Айдаш», «Нұртілеу», «Алшын» сияқты шаруа қожалықтары мал жеткізді. Яғни, 3 тонна – ірі қара етін, 1,5 тонна – жылқы етін, 1 тонна шошқа етін әкелдік, – деді Қабылда Әкімжанұлы.

ЖӘРМЕҢКЕ АЛЫПСАТАРДЫҢ ЖОЛЫН КЕСТІ

Ақтоғайлықтар да жәрмеңкенің жуан ортасынан табылды. Солардың бірі – Арна Әбдікәрімова апамыз. Ақ адал малын саудаға шығарған апайдың көңілі тоқ, атқамінер азаматтарға ризашылығы көлдей.

– Жидебай селолық округінде тұрамын. Бүгін өзіміз баққан екі ірі қараны әкелдім. Жылда келемін. Жәрмеңке екі тарап үшін де тиімді деп ойлаймын. Қалалықтар ептеп болса да арзанға алып мәз, біз де малымызды өткізіп, ризамыз. Келісі – 1900-2000 теңгеден. Әдетте, алыпсатарлар еттің құнын түсіріп жібереді. Жәрмеңкеге бастап келген аудан әкімдігі мен ауыл әкімшілігіне, орын бөлген облыс әкімдігіне алғысымды білдіремін, – дейді Арна апай.

Апайдың сөзінің жаны бар. Күз – мал семіретін уақыт. Мал баққан ағайын осы уақта тана-торпағын, ақтылы қойын базарға апарады. Балалар сабаққа барады, қысқа отын-су, жем-шөп алу керек. Бұл қысылтаяң шақты алапсатарлар ұтымды пайдаланып, дәнігіп алған. Шаруа кешқұрым сойып, түнімен жеткізген малын базардың алдын да арзанға сұрайды. Қалада теуіп кірер дүкені жоқ ағайын қайтсін?! Амалы құрығаннан әкелгенін алыпсатарға тастап кетеді. Міне, жәрмеңке ортада делдалдықпен табысқа кенелген алыпсатардың жолын кесті. Жылқысымен, қымызымен аты шыққан Жаңаарқа балығымен де жұрт аузына ілікті бұл жәрмеңкеде. Аудан орталығының тұрғыны Серік Тайтөлеуов 1 тонна балық әкеліпті. Ақтасты су қоймасынан ауланған. – Жәрмеңкеге тұрақты қатысамын. Осыдан қыс түскенше келіп тұрамын. Бұл – басы. Бүгін сазан, шортан, алабұға, мөңке әкелдім, – дейді кезекті сатып алушының сұраған балығын кірге тартқан балықшы.

Мұнда балық келісі түрлеріне қарай 600-1000 теңгенің арасында саудаланды. Қалалықтар қысқа молынан сақтайтын көкөніс – пияз. Алаңда пияз саудасы да қызды. Абайлық Ержан Ірімжановтың 6 тонна пиязы ет пісірім уақытта жоқ болды. Дүкеннен қымбатқа алып, зәрезап болған жұрт үшін жәрмеңке тосыннан тартылған сый болғанына тағы бір мәрте көз жетті осы жерде.

АУЫЛДЫ САҒЫНҒАНДАР ДА ЖҮР

Күн төбеге тырмыса жәрмеңкедегі жұрт аяғы саябырсыды. Біз де құрал-жабдығымызды жинастырып, қақпаға бет алдық. Алаңның қақ ортасында қап-қап картоп пен тайыншаның санын жанына қойып, алаңсыз отырған ақсақалға көзіміз түсті сонда… Өзін Шәктай Тасмағанбетов деп таныстырған қарияның сөзі жүректі шымыр еткізді. «Бәріміздің түбіміз – ауылдан. Сондықтан, жүрегіміздің бір қалтарысында ауылға деген сағыныш оты мәңгілік маздап тұрады. Әсіресе, қыс жақындағанда ауылдың дәмін аңсайтынымыз рас. Бірақ, «сағындың екен» деп күздігін босағамызға тастай кететін туысымыз жоқ ауылда. Міне, осы жәрмеңке бірнеше жылдан бері мауқымызды басатын жерге айналды». Иә, бұл жәрмеңкеде ауылды сағынғандар да жүрді…

СУРЕТТЕРДЕ:

1.Ақ адал малын сөреге шығарған Арна ӘБДІКӘРІМОВА.

2.Балықшы Серік ТАЙТӨЛЕУОВ 1 тонна балық әкелді.

3.Қыс азығын қамдаған Шәктай ТАСМАҒАНБЕТОВ ақсақал.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Суреттерді түсірген Руслан ҚАЛИЕВ

Басқа материалдар

Back to top button