Жаңалықтар

Ет экспорты кенжелеп тұр

«Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отыр»

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін айтқан болатын. Саланың негізгі әлеуеті саналатын мал шаруашылығын дамытудың маңызы зор. Алайда, көкейкесті мәселелер де жоқ емес. Бүгінде шаруаларды тығырыққа тіреп отырған өзекті мәселенің бірі – ет экспорттау мәселесі.

Мал шаруашылығы ата кәсібіміз дегенмен, қысы қатал Арқада мал өсіру оңай емес. Шаруаларды аяқтан шалатын қуаңшылық, індет дейтін болсақ, осы тізбек қатарында ет экспорттау машақаты да бар. Мемлекет тарапынан ет экспорты жоспары түзілген. Бұл жоспардың түпкі мақсаты шаруаның жүйелі жұмысын жолға қою. Яғни, ет экспорты – шаруалар үшін тиімді механизм.

Еліміз пандемия жағдайына дейін ет экспорттаудан алдыңғы орында болды. Елді әбігерге салған індет агроөнеркәсіп саласына да салқынын тигізбей қоймады. Оның үстіне төрт түліктің арасындағы жұқпалы індеттің де салдары бар. Көршілес елдермен шекараның жабылуы да әсер етті. Шетелге, әсіресе Өзбекстан мемлекетіне тонналап кететін ет бұл күнде өтпейді. Шаруашылық өкілдері етті экспортқа шығара алмаса ірі қара басының азаяды деп қауіптенеді. Осы орайда, «Облыстағы ет экспортының әлеуеті қандай? Қарапайым шаруа қолындағы малының етін шет елге экспорттай ала ма? Етін өткізе алмай шырылдаған шаруалардың жағдайы қалай болады?» деген сұрақпен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына хабарласқан едік.

– Облыс бойынша Бұқар жырау және Абай аудандарында 4 ірі мал бордақылау алаңдары бар. Ет экспорты кейінгі кезде пандемия жағдайына байланысты тоқтап қалды. Оған дейін біздегі мал бордақылау алаңдары малды тірідей Өзбекстанға жіберіп отырды. Одан бөлек, «Арай КZ» мал сою бекеті және ет комбинаттарымен де жұмыс жүргізілді.

Қазіргі уақытта өндірістік өнімдерді ішкі нарықтан шығармау, өз елімізді қамтамасыз ету мақсатында экспорт, оның ішінде, ет экспорты тоқтап қалды. Жақында, еркек малды сыртқа шығаруға рұқсат беріліп, тиісті шаралар қолға алынды.

Біздің аймаққа еттің көбі оңтүстік аймақтан келіп жатыр деп айтуға да болмайды. Олар біздегі шаруашылықтан тірідей жинап алып кеткен малдарды бордақылап, сойып, әкеліп базарларға өткізіп жатыр. Оның өзі көп мөлшерде емес. Бүгінгі күні біздің шаруашылықтардың қиналып отырғаны, бұрын Өзбекстан мен оңтүстік өңірден келіп жылқы мен еркек малдарын алып кететін. Бүгінде бұл да тоқтап тұр – дейді, басқарма басшысының орынбасары Сырым Бошпанов.

Қолда бар малын не сата алмай, не базарға өткізе алмай қиналған шаруашылық басшыларының жанайқайы орынды. Малды өсіруден бөлек шығыны да шаш – етектен. Жем-шөбін малын сату арқылы айырып отырған шаруашылыққа ет экспортының тоқтап қалуы қиынға соғып отыр.

-Егер, бұл жағдай алдағы уақытта жалғасатын болса, ірі қара азайып кетеді. Жем-шөп бағасы қымбат, бордақылау алаңдарына тапсыру арқылы мал азығын ақтап отырған едік. Ал, ет экспортының тоқтап қалуы мал шаруашылығын дамытуға үлкен кедергі болып отыр. Тіпті, базарға да апарып саудалай алмаймыз. Себебі, базар сөрелері оңтүстік өңірден келетін арзан етке толы. Мәселен, біз тапсыратын еттің бағасы 2014 жылғы бағамен тұр. Ал, техника, жем-шөптің бағасы 3-4 есеге дейін өсіп кетті. Оның үстіне төлейтін несиеміз де бар. Тіпті, биылғы жылы арзан бағаға да өткізе алмай қалдық, – дейді «Нұртілеу» шаруа қожалығының басшысы Ерболат Үрімханұлы.

Ет экспорты мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылық үшін өте тиімді. Бордақылау алаңдарына мал тапсыратындар үшін еркек малға тірідей салмағының әр килограмына 200 теңгеден субсидия беріліп отырды. Малын бордақылау алаңына тапсырғаны үшін қаражатын, қосымша малдың тірідей салмағына төленетін субсидиясын алды. Бұл қарапайым шаруа үшін үлкен қолдау болды.

Ет экспорты – үлкен экономикалық көрсеткіш. Осы арқылы шаруашылық өсіп-өркендейді. Алайда, қолда барды шетелге шығарсақ та, ішкі нарықты қамтамасыз етсек те базар мен дүкенде саудаланатын еттің бағасы арзандамай-ақ қойды. «Ет бағасының өсуіне экспорттың әсері жоқ, бұл алыпсатарлар мен делдалдардың әрекеті» дейді, сарапшылар. Сайып келгенде «былай тартсаң арба сынады, былай тарсаң өгіз өледінің» кері.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button