БалқашБас тақырыпЖаңалықтар

Балқашта «RentBalkhash.kz» платформасы іске қосылды

Сәуірден бастап, Балқашта демалыс орындары мен жылжымайтын мүлікті жалға беруге арналған жаңа «RentBalkhash.kz» платформасы іске қосылды. Сервис жұмысын бастағалы бері оған 20 мыңнан астам пайдаланушы кіріп, қажетті ақпаратпен танысыпты.

Сурет облыс әкімдігінің
сайтынан

Бүгінде бұл платформа туристер мен кәсіпкерлер арасындағы байланысты жеңілдетіп, Балқаштағы демалыс орындары туралы мәліметті бір жерден алуға мүмкіндік беріп отыр.


Бұл жобаның негізі 2019 жылы колледж қабырғасында дипломдық жұмыс ретінде қаланған. Басты мақсат – Балқаш қаласындағы барлық демалыс орындарын бір цифрлық платформаға біріктіріп, тұрғындар мен туристерге қолжетімді ақпарат ұсыну.

Осы идеяны жүзеге асыру үшін колледж түлектері Ерсұлтан Төкен мен Ринат Қуанышұлы жобаны жан-жақты зерделеп, дипломдық жұмыстарын бірлесіп әзірлейді. Әрі еңбектерін жоғары деңгейде қорғап, оқу орнын сәтті тәмамдаған. Алайда, оқу бітіргеннен кейін уақыттың тапшылығына байланысты сервисті әрі қарай дамытып, қолданысқа енгізу кейінге шегеріліпті.

Содан араға бірнеше жыл салып жобаны қайта жандандыруға бел буған. Өткен жылдан сервиске жетілдіру жұмыстары жүргізіліп, функционалы толықтырған.

– Платформа заманауи JavaScript және React Native технологиясы негізінде құрастырылды. Сервис іске қосылған аз ғана уақыт ішінде сайтқа 20 мыңнан астам қолданушы кіріп, өңірдегі туристік инфрақұрылым туралы ақпарат алды. Қазіргі таңда веб-ресурста Балқаш қаласы бойынша 35-ке жуық демалыс орны туралы мәлімет қамтылған. Тоғыз ірі демалыс орны платформамен тікелей келісімшарт негізінде жұмыс істейді. Тұтынушылар сайт арқылы қажетті демалыс орнын, бөлме сыйымдылығын және мерзімін таңдап, бірден демалыс орнына байланысқа шығып, брондай алады, – деді Ерсұлтан Төкен.

Жалпы, платформа үш негізгі бөлімнен тұрады. Әрбір нысан бойынша толық сипаттамасы, фотосуреттер мен байланыс нөмірлері көрсетілген. Демалыс орындары өз қызметі туралы ақпаратты платформаға ақылы негізде жариялайды. Ал, жалға берілетін пәтерлер мен саяжай иелеріне – тегін.

– Кәсіпкерлер бастамамызды қолдап, ынтымақтастыққа дайын екендерін білдірді. Ал, пәтерлерін жалға беретін тұрғындардың басым бөлігі платформаның мүмкіндіктерімен әлі толық таныс емес. Соған қарамастан, бұл бағытта да хабарландыру жариялап жатқан азаматтар бар. Қазіргі таңда біз тоғыз демалыс орнымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Келер маусымда ынтымақтастық аясын кеңейтіп, Балқаштағы барлық демалыс орындарын платформаға тартуды көздеп отырмыз. Сонымен қатар, әрбір демалыс орнының фотоматериалдарын жаңартып, жаңа форматтағы хабарландырулар әзірлейміз, – деді Ринат Қуанышұлы.

«Monaco Balkhash» демалыс орнының иесі Аяна Айнабекова – сервис іске қосылған сәттен платформамен ынтымақтастық орнатқан алғашқы кәсіпкерлердің бірі. Кәсіпкер аталған сервис арқылы ай сайын шамамен 500-ге жуық турист байланысқа шығатынын айтады. Әрі платформаны күнделікті қолданып, тиімді құралға айналдырғанын да баса айтты.

– Сервис демалушыларға да, біз секілді кәсіпкерлерге де өте қолайлы. Қонақтар бір жерден өздеріне қажетті ақпаратты алып, демалыс орындарының нөмірін, олардың түрлерін, бағаларын қарап, өздеріне қолайлы нұсқаны таңдай алады. Біз үшін жұмыс едәуір жеңілдеді.

Бұған дейін білуімізше қалада туристер мен демалыс орындарын осылай бір платформада байланыстыратын ыңғайлы сервис болмаған. Rent Balkhash іске қосылғанлы бізге келетін қонақтардың да саны арта түсті. Жастарымыздың белсенді болып, жаңа идеяларды жүзеге асырып, Балқаш туризмінің дамуына өз үлестерін қосып жүргеніне қуанамыз, – деді Аяна Ерланқызы.

Жобаны әзірлеушілер платформаның функционалдық мүмкіндіктерін алдағы уақытта одан әрі жетілдіруді жоспарлап отыр. Келер маусымда сайтқа жаңа тетіктер енгізіліп, пайдаланушылар үшін қолжетімді қызмет түрлері кеңейтілмек.

– Алдағы негізгі мақсатымыз – платформаға демалыс орындарын тікелей брондау жүйесін енгізу. Келесі маусымнан бастап бұл үдеріс толықтай цифрландырылады. Биылғы туристік маусым аяқталғаннан кейін техникалық жұмыстарды бастап, платформаны демалыс орындарының мәліметтер базасымен біріктіреміз. Соның нәтижесінде, туристер өзіне қолайлы орынды платформа арқылы бірден брондай алады, – деді Ерсұлтан Төкен.

Ең бастысы, бұл жобаны қос автор үлкен қаржылық қолдаусыз, өз ізденістері мен еңбектерінің нәтижесінде жүзеге асырған. Қарапайым идеядан басталған бастаманы бүгінде ел игілігін көріп отыр. Өңірдің туристік әлеуетін арттырып, қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеруге өз үлесін қосып келеді.

Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button