Жобаларға бақылау – қатаң
Облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ Қарқаралы ауданында жұмыс сапарымен болды. Сапар барысында Абзал Нүкенұлы Көктас ауылына соғып, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 163 млн. 282 мың теңгеге жөнделген ауылішілік жолдың сапасына назар аударды. Сонымен қатар, №4 орта мектептегі күрделі жөндеу жұмысы, оқу жылына дайындық барысы, интернет, компьютермен қамтылу жағдайымен танысты.
Ақжол ауылындағы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жөндеу жүргізілген Қарқаралы тарихи-өлкетану мұражайының филиалы ғимаратында болды. Мәдениет үйі мен мектепке соғып, жөндеу жұмысын оның сапасы, жаңа оқу жылына дайындығын көрді. Бұдан кейін атақты Қоянды жәрмеңкесі ту тіккен аттас ауылдағы отбасылық үлгідегі бірнеше балалар үйінің тыныс-тіршілігімен танысып, кәсіпкер Нұрлан Қалтаевпен кездесті. Жаңадан салынып жатқан балалар үйінің құрылысын және жәрмеңкеден бүгінгі күнге жеткен қойма ғимаратын көрді.
Әкім орынбасары Егіндібұлақ ауылына да атбасын бұрды. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен 100 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан Мәдениет үйі мен облыстық бюджеттен 320 млн. 786 мың теңге қаражат бөлініп күрделі жөндеу жұмысы жүріп жатқан №43 орта мектепке бас сұғып, іс барысымен танысты.
Қарқаралы қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысанды аралады.
Қала сыртында орналасқан, XIX ғасырда қарағайдан өріп салған «Орманшы үйін» көріп, өңдеу-жөндеу жұмысы жүргізілген тарихи жәдігерден келешекте мұражай жасау жолын ақылдасты.
Шаһар басында басқа атқарылып жатқан ауқымды құрылыс нысандарында да болды. Жаңадан салынған спорт кешені, теннис орталығын аралап, мүмкіндіктерімен танысты. Заманауи үлгіде жөндеу жүріп жатқан аудандық тарихи-өлкетану музейінде болды. 53 млн. 348 мың теңгеге күрделі жөндеу жүріп жатқан №2 орта мектептегі жұмыс барысымен, жаңа оқу жылына дайындықпен танысты. Содан кейін Абай тоқтаған үйге соғып, мемлекет қорғауындағы тарихи ғимараттың жағдайын көріп, жөндеу-өңдеуді қажет ететін мәселелерді ақылдасты. Жұмыс сапары барысында облыс әкімінің орынбасары Қарқаралы ауданының психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесінде, мүгедектерді оңалту орталығында, облыстық спорт басқармасының жаттығу базасында болып, мекемелердің жұмыс барысына қанықты.
Облыс әкімінің орынбасары сапар барысында ауданда атқарылып жатқан жұмыс бойынша тиісті тапсырма беріп, бақылауда ұстауды тапсырды.
Сағыныш ӘБІЛ.