Басшылық жасаған тобын айтпағанда, жеке өзі бес жүзден астам ғаламшар ашқан кеңестік астроном Анатолий Степанович ЧЕРНЫХ 48 жасында қырағы жанары шалған кіші ғаламшарға Қаныш СӘТБАЕВТЫҢ есімін берді. Оның сызба-бейнесі бүгінде Қ.Сәтбаев атындағы №7 мектеп-лицейдегі қазақтың алғашқы академигі атындағы мұражайға қойылған.
Мұражай 1989 жылы ашылған. Он тақырыптық бөлімнен тұратын оған Қаныштың костюмі, кесесі, планшеті, домбырасы, көзілдірігі, Алматыдағы Қ.Сәтбаевтың мемориалдық музейінен арнайы тікұшақпен әкелінген минерал коллекциясы қойылған. Онда талай танымал тұлға қонақ болып, қолтаңба қалдырған. Олардың арасында ғұлама ғалымның ұрпағынан Мейіз, Ханиса мен Шәмшиябану бар.
Жылда Қаныш Сәтбаевтың туған күнінде «Қаныш жолы» атты газет пен оқушылардың жауқазын жырынан «Қаныш жауһарлары» жинағын шығару, «Сәтбаев оқуларын», «Сәтбаев кубогі» спартакиадасын, «Сәтбаев халықаралық олимпиадасының» аймақтық кезеңін өткізу дәстүрге айналған. «Сәтбаевтану» және «Сәтбаевтану ағылшын тілінде» вариативтік курсы жұмыс істейді.
Баянауыл баурайындағы «Теңдік» ауылында 2000 жылы жаңа мектеп ашылғанда арнайы барған делегация Қаныштың кіндік қаны тамған жерден алып қайтқан бір уыс топырақ шыны сауытқа салынған. Бір уыс топырақ пен аспан әлемінің арасында беймәлім байланыс бардай әдемі әсер қалдырады…
Әлібек ӘБДІРАШ.
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.