Баған

Сағыныш сазы

Ауыл – қашанда халқымыз үшін руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі болмақ. Жаз болса, өріске малын жайып, күз келсе, егінін жинап, көктемде төрт түлігін төлдететін нағыз береке мен байлығымыздың бастауы.

Халқымыз үшін шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – бүтін бір елдің асыраушысы, өлшеусіз еңбектің қайнар көзі іспеттес. Ал, бұдан бөлек ауылдың керемет қызықтары қанша айтсаң да таусылмайды.

Кішкентай күнімізде ауылда анамыздың сүт мәшинесінің дауысынан оянатын едік. Кешкісін тағы сол дауыстан кейін ауыл да тым-тырыс болатын. Осы екі аралықта ауылдың азан-қазан қайнауы, таусылмас тіршілігі бітпейтін. Көңілі дархан ауыл адамдары ұйқыдан тұра сала, бір күнді сол күйбең тірлікке айналдырады. Таң сәріден әр үйдің төбесінен шыққан түтін ауылдың сәнін кіргізіп, қызу тірліктің басталғанын білдіретін. Сол абыр-сабырдан ұйқымыз да шайдай ашылып, әкеміз бен анамыздың шайына тұратын едік. Күні бойы апамыз бен анамыздың жанында жүріп, күннің ұясына қалай кіргенін білмей де қалатынбыз. Кеш түсе ауыл ішінің у-шуы қайта басталатын. Малын күткен көршілер бір үйме болып жиналып, қауқылдасып кеңес құрса, қою шаң арасынан жеңгелеріміздің «әй жүгірмек, бұзау емді, қайдасың?» деген айқайы естілетін. Енді бір шетінде көрші атаның қаладан келген немересі қойдан қорқып-қашып, жылап жүрсе, апаларымыз шелек толтыра сиырын сауып жатады. Маңайында бұзауға әлі келмесе де, анасының жанында қолқанат болып жас балалар да жүр. Сол аралықта көрші үйден күрпілдеп піскен ағаш күбінің даусы естілетін. Сылтау қылып малын іздеп, бір-екі кесе қымыз іше кететін ағаларымыз да бар. Ауылдың берекелілігі ғой, шіркін, жай жүрген адамға қымызымен қосып бауырсағын, одан қала берді «үйіндегі кішкентайға» деп тәтті үлестіріп жіберетін. Бұдан соң қойы қораға кіріп, сірескен желіні босаған сиырлар да қораны іргелей жатып, ауыл іші тынышталушы еді. Тек аналарының айқайына көнбей доп қуып, ойын қызығымен үйлеріне қайтпай жүрген балалар болмаса… Осы кезде әр ауладан самаурынның түтіні шығып, ошақтағы жалын бетін шымшып, қызара бөрткен аналарымыз ыстық тамағын пісіріп жататын. Осылайша, кешкі ауылдың тірлігі тынып, тыныштық тербеп, түн жарымда кешкі тамағына кіретін. Бұл қызықты да көңілді ауыл кешінің тек бір бөлігі ғана…

«Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деген сөздің жаны бар. Ауылда өсіп, қанымызға қазақылықты сіңірген соң, тылсым табиғаты мен құнарлы дәмін жеп, өскен соң жұдырықтай жүрек ауылға бұрады да тұрады. Кейде қызметте жүріп, ауылға жол түспей, туған топырақты сағынған сәтте көзге жас келеді. Туған жерге бір барып, әке-анама маңдайымнан сүйдіріп, самал желі кеудемнен өпсе – күш-жігерім арта түсетіндей. Себебі, ол – қайда жүрсек те, сағынып жететін, арқа-жарқа болып, ағайынмен қауышатын қасиетті мекеніміз. Ал, сіз соңғы рет ауылға қашан бардыңыз?

Үкілім САЯТҚЫЗЫ,

журналист.

Басқа материалдар

Back to top button