Коронавирус

ҚОЛ ТАЗАЛЫҒЫ: инфекцияға тосқауыл

Коронавирус инфекциясы адам ағзасына көз, мұрын немесе тамақ арқылы құрамында вирусы бар шырыш немесе тамшылардың түсуінен жұғады. Бірақ, негізінен қол арқылы жиі таралады. Пандемия кезінде вирус таралуының алдын алудың ең қарапайым және тиімді тәсілдерінің бірі – қолды сабынмен жиі жуу.

Әлбетте, қол жуу адамның жеке гигиенасына жатады. Тазалықты сақтау арқылы вирусты жұқтырып алмауға болады. Қол жуу жайлы барлық жерде айтылып та, жазылып та жүр. Дегенмен, оны дұрыс жуу мәселесі маңызды екенін еске саламыз. Себебі, қолды тез жуу немесе жай шая салу вирустан толық құтылуға көмектеспейді. Дұрыс жуу тәртібіне сулы қолға сабынды молынан жағып, барлық жерін, оның ішінде, алақанның сыртқы жағын, саусақтардың арасын және тырнақтардың астын кемінде 40 секундтан 60 секундқа дейін мұқият жуу жатады. Қолға арналған дезинфекциялау құралын да дұрыс пайдалана білген жөн. Оның құрамында кемінде 65% спирті болғаны дұрыс. Дезинфекциялау құралын қолдың барлық жеріне кемінде 20 секунд жағыңыз.

COVID-19-дың алдын алу үшін қолды сіңбіргеннен, жөтелгеннен немесе түшкіргеннен кейін, қоғамдық көліктерге мінгенде, қоғамдық орындарға барғаннан кейін, науқас адамға күтім жасау кезінде, сонымен қатар, ақша сияқты жиі қолданылатын заттарды ұстаған кезде тазалау қажет. Ал, тамаққа дейін және тамақтан кейін, дәретханаға барғаннан кейін, қоқыс немесе үй жануарларын ұстағаннан кейін, қол кірлесе қолды тазалап жуу әдеттегі тазалық шараларына жатады.

Қол жуу кезінде судың жылы немесе суық болуы маңызды емес. Яғни, қолды кез келген температурадағы сумен жууға болады. Бұл жерде судың температурасына емес, сабынмен жуу міндеттілігіне мән берген жөн. Тағы бір айта кетерлігі, микробтар құрғақ теріге қарағанда ылғал терімен оңай таралады. Сондықтан, қолды толық кептіру маңызды болып табылады. Қағаз сүлгілер немесе жеке орамалдар – микробтарды басқа жерлерге таратпаудың ең тиімді жолы.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мамандары қолды сабынмен дұрыс жуу микробтар мен патогендерді жоюда өте тиімді деген пікір білдіреді. Алайда, үйден тыс жерде дезинфекциялау құралдарын пайдалану ыңғайлырақ. Бірақ, оның бағасы қымбат болуы немесе төтенше жағдайларда сатылымда болмай қалуы мүмкін. Ондай жағдайларда спирт негізіндегі кез келген дезинфекциялау құралын пайдалана беру керек. Құрамындағы спирті кемінде 65% құрайтын дезинфекциялау құралдары болмаған жағдайда хлорланған су да тазалық сақтаудың ең жақсы балама нұсқасы болып табылады. Ол да болмаған жағдайда қарапайым күл соншалықты тиімді болмаса да бактерияларды біршама кетіруге септігін тигізеді.

Бізге келген ата-аналар балаларына қолды дұрыс жууды қалай үйретуге болатынын сұрап жатады. Ол үшін мынадай қарапайым кеңестерге құлақ түріңіз: біріншіден, қол жуу процесін жеңілдетіңіз. Кішкентай балалардың қол жуғышқа қолы жетуі үшін орындық қойыңыз. Сабынды ала алатынына көз жеткізіңіз. Қол жуу көңілді болуы үшін әріптерді немесе бала білетін әнді бірге айтқан жақсы. Балаларға жақсы көпіретін, хош иісті немесе қызықты пішіні бар түрлі түсті сабынды пайдаланыңыз. Енді осы әдістерді үнемі қайталап отыру арқылы әдетке айналдырыңыздар. Балаға микробтар көрінбесе де, түрлі заттардың бетінде қалатыны жайлы айтып беріңіз. Балалар қолды неге жуу қажет екенін түсінгенде, олар қолын жиі жуып тұратын болады. Сонымен қатар, үлкендердің өздері де қолдарын жиі әрі мұқият жуып үлгі болса балалар тезірек үйреніп алады.

Бұдан бөлек, коронавирус инфекциясын жұқтырып алмау үшін түшкіру мен жөтелудің әдебін сақтаңыз, бетперде тағып жүріңіз, адамдар жүрген жерде арақашықтықты сақтаңыз. Осындай қарапайым ережелер ауру жұқтырмауға және оны таратпауға мүмкіндік береді. Аман болыңыздар, ауырмаңыздар.

Жұпар АСҚАРОВА,

Абай қаласы орталық ауруханасы директорының медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі орынбасары.

Басқа материалдар

Back to top button