Аймақ

Республика күні Қарағанды облысында қалай тойланады?

Қарағанды облысында Республика күніне орай қайырымдылық акциялары, челлендждер, мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Тұрғындар үшін маңызды және қажетті нысандар ашылады, ал кезекте тұрғандар пәтер кілті табысталады.

14 қазанда “Табиғатты аялайық” жастар экологиялық акциясы басталады. Саябақтарды, аулаларды, гүл бақтарын, орман алқаптарын тазалау жұмыстары жүргізіледі. Акция Қарқаралы ауданы ұлттық табиғи парк аумағында басталады. Оны облыстың барлық қалалары мен аудандарының эковолонтерлері жалғастырады.

Республика күні Қарағанды облысында қалай тойланады?

15 қазаннан бастап “Бірге жақсылық жасайық” атты жалпыұлттық челлендж басталады. #жақсылықтыбіргежасайық, #Республикакүні хэштегтері бар мотивациялық роликтер әлеуметтік желілерде жарияланады.

Этномәдени бірлестіктер де “Саған, менің Республикам!” челленджін бастады. Балалар мен ересектер Отанға арналған өлеңдерді оқиды, ән орындайды, ұлы ақындар мен ойшылдардың қазақ тіліндегі сөздерін келтіреді.

Кеншілер мәдениет сарайы 17-ші қазан мен 5-ші қараша аралығында этномәдени бірлестіктер арасында “Өнеріміз – сен, Қазақстан!” патриоттық әндер челленджін өткізеді. Мұнда 3 қарашада мектеп оқушылары арасында “Қыран елім – Қазақстан” атты облыстық патриоттық ән байқауы өтеді.

15–16 қазан аралығында республика күніне орай көкпардан “Сарыарқа” Кубогы өтеді.

Сондай-ақ, медициналық және спорт нысандарын, балалар алаңдарын ашу, кілттерді тапсыру жоспарлануда.

Көптен күткен пәтер кілті Дубовкада кезекте тұрған 9 адамға, Приозерск қаласындағы және Ғабиден Мұстафин ауылындағы 45 көпбалалы отбасыларға табысталады. 

Облыс бойынша қайырымдылық акциялары ұйымдастырылады. Республика күнінде ардагерлерді, көпбалалы отбасыларды, халықтың әлеуметтік осал топтарын мерекемен құттықтайды.

Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында 22 қазанда мерекелік концерт және салтанатты жиын өтеді.

«Жаңа Майқұдық», «Молодежный» және «Теміржолшылар» мәдениет үйлерінде 25-ші қазанда “Менің Қазақстаным” концерттік бағдарламасы өтеді.

Республика күні облыс тұрғындары “Қыран елім – Қазақстаным” жалпыұлттық патриоттық акциясы аясында еліміздің әнұранын орындайды. Қарағандыда әнұран тутұғырдың жанындағы алаңда шырқалады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі. 

Басқа материалдар

Back to top button