АймақАқтоғай

Абай һәм Баласағұн

Баласағұн – ХІ ғасырда, Абай – ХІХ ғасырда өмір сүрген тұлғалар. «Адам қайткенде «адам» деген атқа лайық болады?». Данышпандардың екеуі де ғұмыр бойы осы сұраққа жауап іздеді. Тапқан жауаптары ел билеген патшадан – қарапайым халыққа, еңкейген кәріден – еңбектеген балаға дейін пайдалы болып шықты.

«Құтты білік» дастанында адам бойындағы арда қасиеттер: әділдік, бақыт, ақыл, қанағатты жанды бейнеде кейіптеумен Күнтуды, Айтолды, Өгділміш және Одғұрмыш атты образ тудырады. Төрт кейіпкерді өзара диалог, монологпен сөйлете отырып, «адамдық қасиеттерді» қалай қалыптастыруға болатынын жіктеп шығады.

«Құтты білік» дастанындағы ой – әділет, бақ-дәулет, ақыл, қанағат-ынсап бір-біріне тығыз байланысты. Әділетті болу үшін қайткенмен де дәулет, байлық қажет. Білім алу үшін де қаражат керек. Ал сол дәулетке ешкім еңбексіз оп-оңай жете алмас. Себебі, ақылы жету керек. Сонда ғана бәрі үйлесіп, мақсатыңа жетесің. Бірақ, байлыққа жеткенде қанағатты ұмытпау керек. Қанағаты жоқ адам тойымсыз болады. Тойымсыздық ол өзге адамдарға ерсі көрініп, сенімен араласудан қалады. Қанағат – ең жақсы қасиет, ол екінің бірінде табыла бермейтін керемет. Қанағат деген ол, менің ойымша, мәдениет сақтау. Ж.Руссо айтқандай «Қанағат пен еңбек – адамның нағыз қос дәрігері осылар: еңбек оның тәбетін ашады, ал, қанағат қылу оны артық пайдалануға кедергі жасайды». Егер осы төртеуі бір адамда табылса онда ол білікті адам. Сонысымен елге құт болған, қолынан жақсылық келетін, қысылғанға көмек беретін, кішкене де болсын әулие деген атқа лайықты деп ойлаймын.

Ал, Абай он жетінші қарасөзінде Қайрат, Жүрек, Ақылды өзара дауластыра келе Ғылымға жүгінтеді. Абайда Қанағат көрінбейді. Көрінбегенімен, егер, қайрат пен ақыл жүрекке жүгінсе, қанағат пен тәубе өзінен-өзі қалыптасады деп ойлаймын. Екеуі де бақытты болудың негізі – білім деп түйіндейді.

Абай атамыздың ойы әрдайым түпсіз терең. Оның қара сөздерін, жазған өлеңдерін көпшілік түсіне алмай қиналады. Әуелінде Абай мен Баласағұн екеуінің кейбір ойын түсіне алмай қайта оқыдым. Абай Құнанбайұлы мен Жүсіп Баласағұн екеуінің идеялары үндес. Мысалы: «Әуелде бір мұз – ақыл зерек, Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек. Тоқтаулылық, қалыпты шыдамдылық, Бұл – қайраттан шығады, білсең керек. Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек». Абай атамыз бұл өлеңде неге ақылды мұз дейді, ал қайратты шыдамсыз дейді? Мен үшін бұл толы сұрақ. Әрбір жолдарында мағынасы терең көп сөздер бар. Абайдың сол өлеңді жазғандағы ойы не, бізге не жеткізгісі келеді? Сол мені қызықтыруда.

Сонымен, Абай мен Баласағұн екеуі жеке тұлғалар. Несімен ұқсас, несімен бөлек? Менің ойымша олардың ойлары бір жерден шыққан, көзқарастары бірдей. Себебі, олар өлеңдерінде ақыл, қайрат, ғылым, қанағат бір-бірінсіз болмайды, бір-біріне байланысты дейді. Екеуі де осы жақсылықтың бәрін бір адамнан көргілері келген, көрген де шығар ол жағы беймәлім. Мен ондай адамды көрген жоқпын. Мүмкін көрсем де, әлі танып білуге деңгейім жетпеген болар.

Абай – қазақ ақыны, қазақ әдеби тілінің негізін салушы, ойшыл, ағартушы, философ. Әрбірі ат басындай алтынға бергісіз көптеген нақыл сөздері бар. Ол өмірдің қаншалықты қатігез екендігін, адамды қалай күйрететіні туралы мына нақыл сөзімен жеткізеді: «Күшік асырап, ит еттім, Ол балтырымды қанатты. Біреуге мылтық үйреттім, Ол мерген болды, мені атты». Абай да ақыл айтпас бұрын қилы өмірдің бар қитұрқысын өз басынан өткерді. Сондықтан, «бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық бол» деп өнеге айтады.

Ұстазым Роза Бекмолдинамен бірге «Құтты білікпен» танысып, талдағанда Абаймен ұқсас екен деп ойласам, енді Абайды парақтап отырып, Баласағұнмен ойым тағы ұштасты. Осылай өзіндік көзқарасым ақ параққа жол тартты.

Шұғыла ШАЙМЕРДЕНОВА,

Айыртас негізгі орта мектебінің оқушысы.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button