Дін-діңгекРуханият

ҺӘКІМ мен ХАҚ ЖОЛЫ

Қазақ халқының мың жылда бір туар ғұламасы, жанашыры, парасат иесі хакім Абайдың (Ибраһим) ғибратқа толы өнегелі мұрасы ұрпағымызға жұғысты болсын. Ибраһим жастайынан медреседе оқып, Ислам дінінің негізгі күре тамыры болып есептелетін иман, ихсан, ахлақ мәселелерін толық та терең меңгергенін, мұсылман діні турасында жазылған туындыларынан анық көреміз. Әрине, Ислам негіздерінен хабардар болсаңыз. Мысалы, мына өлеңіне тоқталсақ:

Алланың, Өзі де рас, Сөзі де рас,

Рас сөз ешуақытта жалған болмас.

Көп кітап келді Алладан, оның төрті

Алланы танытуға сөз айырмас.

Аманту оқымаған кісі бар ма?

УәктубиҺи дегенмен ісі бар ма?

Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,

Жарлық берді Ол сіздерге сөзді ұғарға.

Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді,

Оларға кез кезімен нәби келді.

Қағида шариғаты өзгерсе де,

Тағрип Алла еш жерде өзгермеді.

Күллі махлұқ өзгерер, Алла өзгермес,

ӘҺли кітәп бұл сөзді бекер демес.

Адам нәфсі, өзімшіл мінезбенен,

Бос сөзбенен қастаспай, түзу келмес.

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй «бауырым» деп,

Және Хақ жолы осы деп әділетті.

Осы үш сүю болады имани гүл,

Иманның асылы үш деп сен тахқиқ біл.

Ойлан-дағы үшеуін таратып бақ,

Басты байла жолына, малың түгіл.

Дін де осы, шын ойласақ, тағат та осы,

Екі дүние, бұл тасдиқ – хақтың досы.

Осыларды бұзатын және үш іс бар:

Пайда, мақтан, әуесқой одан шошы.

Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.

Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті,

Қылғанменен татымды бермес жеміс.

Бас жоғары жаралған, мойын төмен,

Қарашы, дене біткен ретімен.

Істің басы – ретін танымақтық,

Иман білмес тағаты қабыл демен

Имамдар ғибадаттан сөз қозғаған,

Хұснизән мен иманды білді ойлаған.

Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай

Сыртын қанша жуса да іші оңбаған.

Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ,

Мүмін болсаң, үйреніп, сен де ұқсап бақ!

Құран рас, Алланың сөзі-дүр ол,

Тәуилін білерлік ғылымың шақ.

Алланың, пайғамбардың жолындамыз,

Ынтамызды бұзбастық иманымыз.

Пайда, мақтан, әуесқой шайтан ісі,

Кәне біздің нәфсіні тыйғанымыз?

Мүмин болсаң, әуелі иманды бол,

Пендеге иман өзі ашады жол.

Шын илан да таза ойла бір иманды,

Мұнафиқ намаз қылмап па, мағлұм ғой ол.

Алла ішіңді айтқызбай біледі ойла,

Пендесіне қастықпен кінә қойма.

Распен таласпа мүмин болсаң,

Ойла, айттым, адамдық атын жойма!

Шынымен керемет! Інжу-маржан емес пе, әйтсе де бұл өлеңді Ислам ережелерінің негізгі шарттарын, шариғаттың талаптарын, Ислам тарихын, пайғамбарлар өмірнамасын оқымаған, ынтамен зер салмағандар толықтай түсіне ме? «Көп кітап келді Алладан, оның төрті» деген сөздерді толыққанды түсіну үшін, мысалы, мыналарды білу керек. Алла тағала Адам/ғ.с./ мен Һауа анамызды жаратып, жер бетіне түсіріп, олардан жер жүзіне адамзатты таратты. Пенделері адасып қалмасын деп араларынан пайғамбарлар шығарып, оларға халықты тура жолға бастау үшін нұсқалар /сұхуф/ нәзіл етті / Жәбрәіл ғ.с./. Адам ғ.с. – 10 сұхуф, Шіс ғ.с. – 50 сұхуф, Ідріс ғ.с. – 30 сұхуф, ІбраҺім ғ.с. – 10 сұхуф. Төрт кітап: Мұса ғ.с. – Таурат, Дәуіт ғ.с. – Зәбур, Ғиса ғ.с. – Інжіл және қияметтің, яғни, соңғы пайғамбары Мұхаммад-Мұстафа с.ғ.с.-ға – Құран-Кәрім нәзіл болды.

«Әманту оқымаған кісі бар ма?

Уә күтүбіһи дегенмен ісі бар ма?»

Шариғатқа атүсті қарағандарға бұл жердің түсінігі беймәлім болары анық. Бұлар иманның шарттары, яғни:

      1. Әманту білләһи – Алла тағаланың бар екеніне, жалғыз Өзіне тән сифат-тарына, шексіз құдіретіне, іліміне, бастауы мен соңы жоқ мәңгілік Иесі екендігіне шүбәсіз сену.

      2. Уә күтүбіһи – Алла тарапынан түскен нұсқаларға, кітаптарға, соңғы пайғамбарымыз Мұхаммад с.ғ.с. арқылы жолданған кәламулла Құран деп қалтқысыз сену.

      3. Уә мәләікәтіһи – періштелеріне, Алла жаратқан тәнсіз, жынысқа бөлінбейтін, ішіп-жемейтін, қияметке шейін өлмейтін, азаймайтын, көбеймейтін, әрдайым Алланың әмірін мүлтіксіз орындаудан жалықпайтын, бір түрден басқа бейнеге ауысатын, мекенін қас-қағымда ауыстыратын, жанды, саналы Алланың құлдары екеніне сену.

      4. Уә русулиһи – Алла тағала қалауымен адамдар арасынан шығарған пайғамбарларға, тура жол көрсетуші деп, ал соңғы, қияметтің пайғамбары, Алла тағаланың сүйіктісі, адамзаттың ардақтысы Мұхаммед-Мұстафа с.ғ.с. екеніне шүбәсіз сену.

      5. Уә иәумил аһири – Қиямет күнінің боларына, Махшар алаңында, Мизан таразысы құрылып, адамдардың барша жиған сауаптары мен күнәлары өлшеніп, қай жағы басым болғанына орай Жәннатқа кіріп рахатта әлде Тозақ отына күйіп азап шегеріне сену.

      6. Уә біл қадари хайріһи уә шәрріһи мін Аллаһи тағала – жақсылық пен қиыншылық, жазмыш пен қаза барлығы Алла тағала тарапынан жазылған жазуға байланысты тағдыр екеніне сену.

      7. Уә бағсу бәғдәл маут – Ісрофіл ғ.с. Сүр үргеннен соң барша махлұқ қайта топырақтан шығарылып жаңадан жаратылған тәнге Барзақ әлеміндегі жаны Алла қалауымен қайта қосылып тірілетініне сену.

Міне, осы екі жол өлеңнен Құраннан, пайғамбардың с.ғ.с. хадистерінен, Ислам дінінің шарттарынан, шариғатынан хабардар мұсылман қысқа-нұсқа айтқанда, осыншама мағлұмат алады екен. Ал, егер бұл өлеңді толықтай талдайтын болсақ, бір кітап жазуға болатын шығар. Алайда, Сіздерді жалықтырып алмайын деп, маңызды деп санаған жерлеріне тоқталуды жөн көрдім. Мысалы, Абай хакім «осы үш сүю болады имани гүл» деп, Алланы сүю, адамзатты сүю, әділдікті сүюді айтып отыр. Алланы сүю үшін Оған шүбәсіз сеніп /иман келтіріп/, шын жүректен шығуы керек. Осы жерде Абайдың басқа бір өлеңін келтірейін:

«Алла деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз қол емес.

Ынталы жүрек, шын көңіл,

Өзгесі хаққа жол емес»

Бойұсынып, бағынып, әмірлерін бұлжытпай орындап, разылығын іздеп, соған қол жеткізу үшін бар білімімен, күш-қуатымен, мал-мүлкімен, жан-тәнімен құлшылық қылып, керек десеңіз, құрбан болуға дайын тұру. Ібрахым ғ.с. сол кезде қасындағы жалғыз ұлы Исмағіл ғ.с.-ды, Алланың әмірін орындау үшін құрбан қылып шалуға дайын екенін дәлелдеген жоқ па? Адамдар арасында ғашық болған кісі сүйгеніне «құрбаның болайын» демей ме? Әрине адам үшін құрбан болу Ислам шариғатына қайшы, Алла үшін құрбан болу – шаһид жолы. Данышпан Абайдың айтып отырғаны – Аллаға деген кәміл иман, кіршіксіз таза махаббат, «пендеге иман өзі ашады жол» дегені, бұл махаббатқа жету үшін дүниеге деген махаббат Аллаға деген махаббатың шеңберінен әлдеқайда төмен болуы қажет. Ал, бізде қалай болып жатыр? Абай хакімнің мына сөздеріне қарайық:

Дүниеге дос, ақыретке бірдей болмас,

Екеуі тап бірдей боп орныға алмас.

Дүниеге ынтық, Махшарға амалсыздың,

Иманын түгел деуге ауызым бармас.

Бұл дүние адам үшін сынақ. Алла тағала жер жүзін адамзатына бір мезгіл қоныстансын, пайдалансын, қажетіне жаратсын, жемісін жесін, қызықтасын, сонымен қатар, осының бәрін нәсіп еткен, мүмкіндік берген, жоқтан бар қылған Мені танысын, әмірлерімді орындасын, алдыма келгенде есеп боларын естен шығармасын деп жаратты. Пайғамбар с.ғ.с. мынаны айтады: «Дүния –тәтті. Егер адам осы дүнияда халал шариғат жолымен кәсіп етіп, тапқан мал-мүлкін шариғат үкүмі бойынша пайдаланса, бұл дүния ол кісіге мүбәрәк, құтты болар. Нәфсіге беріліп, дүнияға алданып, ахіретті ұмытқан кісілер болады. Оларға қиямет күні тозақтың отынан басқа еш нәрсе жоқ». Алла тағаланы сүйген адам, Оның жаратқандарын да сүйетіні анық. Өйткені, ол адам Алла тағаланың тундыларының бір-бірімен сапалы байланыста екенін ұғынып, мінсіз үйлесімділігін, сұлулығын сезініп, оларға ешқандай да зиян келтірмеуге, тепе-тендікті сақтауға, аманатқа қиянат жасамауға ұмтылып, жанашырлық, сүйіспеншілік танытып, Аллаға шүкір етіп, адал еңбегімен тапқан ырзығына қанағат қылып, қолынан келгенше отбасына, ортасына, еліне, жеріне, мемлекетіне көмегін аямай, Алла тағаланың ризалығын іздеп ғұмыр кешері анық. Абайдың мына өлең жолдары соған дәлел:

Мазлумға жаның ашып, ішің күйсін,

Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.

Көптің қамын әуелде Тәңірі ойлаған,

«Мен сүйгенді сүйді» деп Иең сүйсін.

Әділ болу, қандай жағдай болса да шындықты қолдап туралықты айту – екінің бірінің қолынан кемейтін қиын іс, солай болғанымен Алланы сүйген, адамзатты бауырым деп сүйген нағыз иман келтіруші әділетті сүйеді. Оған дәлел қазақ халқының мына сөздері: «тура биде туған жоқ, туған болса иман жоқ». Туралықты ұстану, әділетті сүю – иманнан, егер туған-туыстарына бұрмалап, әділеттен аттаса, онда ол биде иман жоқ. Алла тағала Құранның «Ниса» с-н 135 аятында: «Ей, мүминдер! Әділдікте мықтап тұрып, егер өздеріңнің, әке-шешелеріңнің және жақындарыңның зиянына болса да, Алла үшін айғақ болыңдар, бай немесе кедей болса да. Өйткені, Алла, екеуіне де тым жақын /көруші,білуші/. Ендеше, әділдік істеуде нәфсіге ермеңдер. Егер тілдеріңді бұрып, шындықты бұрмаласаңдар, шексіз Алла не істегендеріңді толық білуші». Аяттағы «…өздеріңнің, әке-шешелеріңнің және жақындарыңның зиянына болса да…» дегенінің тәфсірі – Алланың аманатына берік бол, өздеріңе ауыр болса да, тіпті, зияны тисе де өзіме деп, жақыныма деп, туғаным деп әділет жолынан тайма. Әбу Әмір Сүфьян ибн Абдулла р.а.ғ. риуятында: «Ей, Алланың елшісі! Маған исламнан бір сөз айт, мен ол сөзді сенен басқа ешкімнен сұрамайын дедім. Ол с.ғ.с. – Аллаға иман келтірдім де, кейін туралықты/әділетті/ ұста, – деді» / Мүслім р.а.ғ./ Әділетті сүю иманнан болғандықтан, Абай хакім өлеңінде көрсеткендей, ең бірінші сол иманды білім арқылы біліп, танып жүрекке нық орналастырып, бас жоғары мойын төмен дегеніндей, кейінгі төртеуін /намаз, ораза, зекет, хаж/ шын ықыласпен бір Аллаға сыйынып орындасақ, Жаратушы Иеміз ол халыққа байлықты басшылары арқылы дарытады екен. Әділ басшы елдің қазынасы, жанашыры, құт-берекесі. Әділетке жету нәфсіні тізгіндеу арқылы іске асады, ол үшін кәміл иманмен жүректі тазарту қажет.

Данышпан Абай айтқан:

Жүректің көзі ашылса,

Хақтың түсер сәулесі.

Іштегі кірді қашырса,

Адамның хикмет кеудесі.

Жаратушының жаратқандарын сүю дегені – оларға маңдайдағы көзбен емес, жүректің көзімен қара дегені.

Мэлс-Сәлім КЕНДІРБАЙҰЛЫ,

имам-хатиб.

Басқа материалдар

Back to top button